Қазір облыстардағы білім басқармалары мемлекеттік сатып алу бойынша компьютерлік техникалар алдыртуда. Сұраныс артқан сайын бағаның да шарықтап кететіні заңдылық. Біздегі техникалардың басым бөлігі Қытайдан келеді. Қазір шекараның жабық болуына байланысты компьютерлік техникалар сататын дүкен желілерінде тауар тапшылығы сезілуде. Еуропадан тасымалдауға болғанымен бұл да тығырықтан шығатын жол емес. Елімізде техникаға сұраныс 4 есеге артқандықтан ірі сауда орталықтары бағаны екі есе қымбаттатып отыр. Қазір тіпті, қолданылған ноутбуктердің бағасы 150 мың теңгеден жоғары. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл бағаға жаңа, сапасы орташа ноутбук сатып алуға болатын. Астанадағы техника сататын ірі сауда орталықтарына ең арзан дейтін ноутбуктардың саны 1-2 дана қалған. Қоймада арзан техника жоқ.
Қашықтан жұмыс компьютерге сұранысты арттырды
Сырттан техника жеткізудегі түйіткілді мәселе, техника шығаратын компаниялар тауарларын Еуропа мен Солтүстік Америкаға тасымалдауға ниетті. Сол себепті тапшылықтың орнын толтыру үшін біздегі компьютер құрастыратын зауыттарға сұраныс атып отыр. Шымкет қаласы білім басқармасы отандық зауыттардың біріне 36 мың техника алу үшін тапсырыс берген. Айдың аяғына дейін техикалар келеді деп келісілген. IDC хабарлауынша, пандемия кезінде компьютерлік техникаға сұраныстың артуы қашықтан жұмыс істеуге көшумен байланысты. Белгілі болғандай, компьютерлік техника нарығы 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда заттай мәнде 3,5%-ға және ақшалай мәнде 10,1% - ға өскен. 2021 жылы компьютерлік техника нарығы 6% -ға төмендейді деген болжам бар. Себебі, биыл карантин басталғалы бері техника сатып алушылар саны күрт артып отыр. [caption id="attachment_73228" align="aligncenter" > Айқынұлы Жұмабек[/caption]Компьютер дұрыс па, ноутбук дұрыс па?
«Процессор – компьютердің миы деп жүрміз. Оның неғұрлым жады кең болса, соғұрлым жылдам жұмыс істейді. Техниканың жылдам жұмыс істеуіне қарай қаншалықты сапалы екенін анықтауға болады. Біздегі ең арзан компьютердің бағасы 174 мың теңге. Бұл zoom-ға қосылып, сабақ тыңдауға, қағаз шығаруға жарап тұр. Ал 500 мыңнан жоғары техникалар көбіне күрделі бағдарламалар орнатуға, ойынға арналады. Негізі қазір көпшілік алып жатқан ноутбуктердің бағасы 250-300 мыңның төңірегінде. Жалпы ноутбукқа қарағанда компьютердің құны арзанға түседі. Әрі процессорды жөндеу де қымбат емес. Мысалы, 174 мың теңгенің ноутбугі құрылым жағынан әлсіздеу, ал осы бағаға жылдамдығы мен сапасы жағынан екі есе артық компьютер сатып алуға болады. Тек қазір адамдар мобильді технологияны (ноутбуктер) артық санайды. Себебі, ыңғайлы», − дейді «liner» компьютерлік техникалар сататын дүкендер желісінің сату жөніндегі менеджері Максим.
«Негізі Қазақстанда саудаланатын компьютерлік техникалардың көбі Қытайдан әкелінген. Біздегі негізгі ірі жеткізуші 5-6 компания ғана бар. Олар тауарды бүкіл Қазақстанға таратады. Қазір шекаралардың жабылуы оларың таситын техникаларының санын шектеп отыр. Тауар аз болған кезде, бағаның қымбаттайтыны түсінікті. Бұрынғымен сарыстырғанда қазір туарлар саны 2-3 есеге азайып кетті», − дейді «liner» компьютерлік техникалар сататын дүкендер желісінің сату жөніндегі менеджері Максим.
Миллионер қалалардың оқушылары техникаға зәру емес пе?
Еліміздегі тұрғын саны млн-нан асатын ірі қалалардағы оқушылардың компьютерлік техникалармен қамтылуы қандай деңгейде? Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша 2020 жылға арналған бюджетте 1-4 сынып оқушыларының тамақтануын ұйымдастыруға 5,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында балалардың үйде оқуына байланысты 1,6 млрд теңге компьютерлік жабдықтар сатып алуға, барлық білім беру ұйымдары үшін интернет-байланыс пен бейнебақылау орнатуға бөлінді. Белгілі болғандай бүгінде 9700 оқушы мен мұғалім мектеп қорындағы техникамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ 22600 оқушыға роутер таратылыпты. Қазіргі кезде бас қаланың білім басқармасы 34 472 дана компьютерлік техника сатып алыну үстінде. Үкімет резервінен 4 087,1 млн теңге сомасында 26 472 компьютерлік техниканы сатып алуға бюджеттік қаражат бөлінді. Қосымша жергілікті бюджеттен 1 888 млн теңгеге 8000 дана ноутбук сатып алынады деп жоспарлануда. Шымкет қаласы білім басқармасының стратегиялық талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің мәліметі бойында Шымкет қаласында биылғы оқу жылында 80 мың оқушыға компьютер қажет екені анықталған. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 37 798 балаға мектептердегі компьютерлер беріліпті. Енді қалған балаларға 36 мың техника алу керек. Осы мәселені шешу үшін 4,8 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл басында жоспарланған тамаққа, балалардың демалыс орындарына жіберуге жұмсалуы тиіс қаражат болған. Осы айдың аяғына дейін барлық қажетті техникалар алынады деп жсопарланып отыр екен. Алматы қаласы оқушыларының 75%-ы қажетті компьютерлік техникалармен жабдықталған. Биыл компьютер алуға 5 млрд 976 млн теңге қарастырылған.Білім министрлігі техникаға бөлінген қаражатты «жеп» қойды ма?
Таяуда Білім және ғылым министрлігінен тағы да жік шықты. Бұл жолы техника алуға бөлінген қаражатты игермей отырғаны белігілі болды. 2018 жылы аталған министрлік цифрландыруды дамытуға Дүниежүзілік банктен 67 миллион АҚШ доллары (24 миллиард 120 миллион теңге) мөлшерінде кредит алған. Депутат Азат Перуашевтың айтуынша, бұл ақша қандай да бір себептермен резервте тұр. Ақша уақытында игерілмегендіктен мемлекет Дүниежүзілік банкке күніне 458 доллар көлемінде өсімпұл мен айыппұл төлейді. Бұл дегеніміз бір жылда 150 мың АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек, БҒМ шенеуніктері үкіметтен ауыл мектептеріне компьютер сатып алуға тағы 74 миллиард теңге сұрап отыр.«Интернет арқылы білім беруді ақпараттандыру және дамыту мақсатында оқу процесін жабдықтармен және сымсыз интернетпен қамтамасыз етуге 67 миллион АҚШ долларынан басқа, 2016 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдарға тағы да 28 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде 12 миллиард теңге – 6 152 мектеп үшін мультимедиялық жабдықтар сатып алуға, 12,1 миллиард теңге – 7 160 мектепті интернетпен қамтамасыз етуге, тағы 4,4 миллиард теңге – 7 160 мектепті цифрлық білім беру ресурстарына қосуға жұмсалды. Ақшаға ешкім бақылау жасамағаннан кейін осылай болады. Егер бұған дейінгі бөлінген қаражат дұрыс игерілсе, ағымдағы жылдың соңғы тоқсанында (наурыз – мамыр) қашықтықтан оқытуда мұндай сәтсіздіктер болмас еді», − дейді депутат Караван газетіне берген сұхбатында.
«Біреулер қашықтықтан оқытуға 70 миллион доллар бөлінді дейді. Мен бұл ақпарат дұрыс емес деп айтқым келеді. Қашықтықтан оқыту, негізінен, сәуір айынан бастап биылғы жылы ғана енгізіле бастады. Бюджеттен төртінші тоқсанда қашықтықтан оқытуға ақша бөлінген жоқ. Біздің интернет-платформаларымыз өзінің барлық ресурстарына қолжетімділікті ашқан кезде, төтенше жағдай режимі болғандықтан, бұл тегін жасалды. Кез келген жоба іске асырылған кезде осы жобаның жоспары мен бағдарламасы, оның ішінде Дүниежүзілік Банктің регламенттері мен ережелері бар. Осы жоспар бойынша компьютерлерді сатып алу 2021 жылға жоспарланған. Тиісінше, 2020 жылдың бюджетінде бұл қаражат болған жоқ. Ережелер бойынша халықаралық конкурстық сауда тоғыз айдан 12 айға дейін созылады. Егер наурыз айында конкурс жарияланса да, олар жеткізілім мәселелерін есептемегенде 2021 жылы келісім жасасар еді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан және жалпы бюджеттен компьютерлерге қаражат бөлінгенін ескере отырып, аталған іс - шараны алып тастау туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді Аймағамбетов.