М.Әуезовтің туған күні аясында М.Әуезов музей-үйінде дәстүрлі «Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың ХVІ ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Мақсаты – жазушының шығармашылық мұрасын жастар арасында насихаттау, жасөспірімдерді көркем әдебиетке баулу, ғылыми-зерттеу жүргізудің дағды-машықтарын қалыптастыру және мемлекеттік тілді дамыту.
Конференция жұмысы ең алдымен Мұхтар Әуезовтің зират басына барып, Құран бағыштаудан басталды. Алматы қалалық әкімдігі, Әуезов ауданының әкімдігі, қалалық Nur Otan партиясы, жазушының ұрпақтары атынан ықылас гүлдері зират басына және музей-үйдегі бюстіне қойылды. Іс-шара заңғар жазушының музей-үйіндегі экскурсиямен жалғасын тапты. Ұлы жазушының шығармашылығы бойынша зерттеулерден тұрған ғалым-академиктердің кітаптар көрмесі де көпшілікке таныстырылды.
«Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың ХVІ ғылыми-тәжірибелік конференциясын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов ашты. Ол өз сөзінде конференцияның дәстүрлі іс-шараға айналғаны туралы айтып өтті.
Сөз кезегін алған мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов «Әке туралы сөз» тақырыбында конференция қонақтарының назарына әкесі жайлы естеліктерімен, ұлы жазушының баласы деген атақты алып жүрудің маңыздылығы қалай екендігі туралы әңгіме өрбітті.
Диар Қонаев «Мухтар Ауэзов и духовное возрождение наций» тақырыбында баяндама жасады. Бұл күні ғалымдар Бақытжан Әзібаева, Айгүл Ісімақова, Гүлзия Пірәлілер де сөз алды.
Конференция барысында «Менің Әуезовім» атты дарынды оқушылардың шығармашылық конкурсының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Түркістан облысы Созақ ауданы Аққолтық ауылының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақтілек Сейтжаппар, 1-орынды Алматы қаласы №13 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айша Бисенбаева, 2-орынды Алматы қаласы №3 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Нұржан Кербесбай, 3-орынды Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Ақтоты Шаштай мен Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылы №38 мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Айғаным Өсербай иеленді. Мерекелік іс-шара қонақтарына, байқау жеңімпаздарына М.Әуезовтің «Абай жолы» романы сыйға тартылды.
Алматы қаласы