КТК арнасының хабарлауынша, марқұм тәңіршілдік ілімін ұстанған. Осы ілімді ұстанатындардың дәстүрі бойынша қайтқан кісіге Құран бағышталып, жаназа намазы оқылмаған. Тек марқұмның қарызы мен парызы сұралып, қара сөзбен жаназасы шығарылып, Құдайға табысталған. Тәңіршілдердің басқа да ұстанымдары бар. Олар ас қайырғанда да алақан жайып, «әумин» демейді. Қос қолын кеудесіне қойып, «өмін» дейді. Біз Алматыдағы «Тәңір ілімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоқтар Абызға хабарласып, «Қайтыс болған кісіні тәңіршілдік жолмен ақтық сапарға аттандырудың елдің назарын аударатындай қандай ерекшелігі бар?» деген сұрақ қойған едік. Ол «Басты ерекшелігі – ақтық сапарға қазақ сөзінің қорын, қазақ тілін пайдалана отырып, қазақы жолмен шығарылғандығында. Бұған дейін ислам жолымен шығарылатын. Бұл жолы қазақ сөздік қорын пайдалана отырып, адамның өшкен жанын, біткен демін Құдайға тапсыруға болатыны дәлелденді. Сондықтан шу болды. Шудың болғаны да керек. Неге десеңіз, қазақ дүр сілкінді. Қазақтың тілі ұлы екені, оның да құтқа айналып, Құдайға да жете алатыны, өшкен жанды, біткен демді шығарып салу рәсіміне пайдалануға болатыны нақтыланды. Шын мәнінде, исламда адам тез жерленеді. Бұл үрдіс қазір сақталып жүрген жоқ. Қазіргі жасалып жүрген рәсімнің бәрі қазақы. Мейрам суы беріліп, үш күн оң жақта жатқызылады. Кешегі дене мәйітке айналады, одан көрге беріледі. Біз марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда қазақы рәсімнің бәрі жасалды. Сондықтан қазақ дүр сілкініп, таңғаларлық дүние болды», – деді. Сондай-ақ ол ешқандай жарна алмағандықтан, тәңіршілдік жолында жүргендердің жалпы санын білмейтінін, әйтсе де кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, қазақ даласында тәңіршілдік жол мен жүретіндердің саны 200 мыңдай екенін, осы оқиғадан кейін хабарласып жатқандар көптігін айтып өтті. Тоқтар Абыздың айтуынша, әр сәрсенбі сайын осы бағытты ұстанатын 20-30 адам жиналып, түрлі тақырыпта әңгімелесіп отырады. Олардың арасында ғалым, жазушы, әнші, суретші, басқа да өнер адамдары бар. Ол жерде уағыз айтылмайды, тек өмірдің заңдылықтары туралы әңгіме өрбиді. Тәңіршілдердің қайтыс болған кісіні жер қойнына тапсырудағы өзгеше іс-әрекеттеріне бірнеше күннен бері түрлі пікір білдіріп жатқандар көп. Елге ерекше әсер еткен жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласқанбыз. Басқарма шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұловтың пікірін ұсынды. Ол «VII ғасырда ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы түгел мұсылмандық түсінікке алмасты. Атап айтқанда, «Бір тәңіршілдік» танымы «Жалғыз Алла Тағаланың» ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін Алла мен Тәңір ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір – ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды. Бірақ тәңіршілдік дін бе, әлде наным-сенім бе деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілмеген. Қазақ даласына ислам діні келіп жеткеннен соң халқымыз жаңа дінді өз еркімен қабылдағаны тарихи шындық. Сонда да, ат төбеліндей тәңіршілдер «қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс» деп аты бар да заты жоқ өлі дінді тірілту әрекетінде жүр. Әрине, қазақ халқын енді «елес» дін тәңіршілдікке қайтару мүмкін емесі анық. Олар исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көрсете отырып, қазақтарды өздерінің ата-баба дініне, яғни «ұлттық» діні тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп келгенде, қазақты тәңіршілдікке қайтару бағытында айтарлықтай нәтиже бермесе де, онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың бірігуіне кедергі болуда», – дейді. Хасан Аманқұловтың айтуынша, исламды қазақ халқына жат дін етіп көрсету арқылы тәңіршілдікті насихаттау үрдісі мұсылмандыққа жасалып жатқан бірінші идеологиялық шабуыл емес. «Біріншіден, түркі елдеріне, әсіресе қазақ халқына, тәңіршілдікті Ресей империясы енгізе бастады. Отар елдерінде православ дінін тарату мақсатында олар «мемлекеттілігі жоқ, басқару жүйесі қалыптаспаған, белгілі идеологиясы, мәдениеті, діні болған емес, олар пұтқа табынушы» деген ұғымды таратты. Ағартушы-миссионер Николай Ильминский 1860 жылы Патша үкіметіне жазған құпия баянхатында: «Қазақтарға «Сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстанған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деп түсіндірген. Бұл бағытта Ресей империясы якут, алтай және бурят секілді елдерге христиан дінін таратуға қол жеткізген. Бірақ қазақ даласында, мұсылман халықтар арасында бұл идея жүзеге аспады. Орынбор мұсылман мәжілісі құрылғаннан кейін бағыт мүлде өзгерді. Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде де бұл саясат жалғасын тапты. Этнограф ғалымдар кезең-кезеңмен бұл тақырыпқа оралып отырды, түрлі ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Сөйтіп, Кеңес дәуірінде Орта Азия және Қазақстан халықтары туралы «мұсылмандықтан хабары жоқ» деген пікірді қалыптастырып, исламнан бұрынғы мәдениет элементтері көбірек сақталып қалған деп тұжырымдауға әрекет етті. Үшіншіден, тәуелсіздік заманында тәңіршілдікті насихаттайтын «ойшылдар» шыға бастады. Бұған себеп, дінсіздік (атеизм) қоғамы құлаған соң кейбір атеистер дін мәселесінде өзінің позициясын таба алмай қалды. Сол үшін олар түрлі идея ойлап таба бастады да, оны өздерінің клубтары мен сайттары арқылы таратуға кірісіп кетті» деген ол қазақ халқын, әсіресе жастарды қисыны жоқ сөздерге, күмәнді мәліметтерге ермеуге шақырды. Зерттеп қарасақ, тәңіршілдікті жақтайтындар да, оны тарихтың қойнауына енген ескі салт деп қарайтындар да баршылық екен. Бұған түрколог, академик Қаржаубай Сартқожаның «Шын мәнінде, сахалар және басқа түркі халықтары тәңіршілдік туралы толық біле бермейді. Сонау түркі империяларының кезіндегі дүниетанымның сарқыншақтары ғана қалған. Кейбір Еуропа тарихшыларының жазбасымен «Шаманизм» немесе «Тәңіршілдік» аталып кетті. Діннің аты бүгу болатын. Тәңіршілдіктің ғибадатханасы ретінде Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін атауға болады. Ол ғибадатханаларға адам жерленбеген, тек түрлі жоралғы өтіп отырған. Тәңіршілдік – бабаларымыздың тарихы. Біз сол тұрғыдан қарастырамыз әрі зерттейміз» деген пікірі дәлел. Алматыда осыдан біраз жыл бұрын Орта Азия, Қазақстан және Алтайдағы тәңіршілдік тақырыбына арналған үлкен халықаралық конференция да өткен. Қазақстандағы Франция елшілігі ұйымдастырған халықаралық ша- раға көптеген шет мемлекеттен арнайы қонақтар шақырылған. Қазақстан дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Сайлау Батыршаұлы сол кезде «Тәуелсіздік келгелі сәнге айналған тәңіршілдік идеясын көтеріп, өршітіп отырған да қазақтар емес, бұл да шекараның ар жағынан әдейі ұйымдастырылған арандатушылық, ұлтты бұзушылық әрекет. Әлемде жүріп жатқан Батыстың идеологиялық үстемдікке жету күресінің бір тармағы осы: түркі халықтарын бұрынғы тәңіршілдік наным-сеніміне шақырып, исламды арабтың діні деп, іштей іріту» деген болатын. Әйтсе де, халықаралық конференция одан кейін де жалғасын тапты. Бірер жыл бұрын елордада «Тәңіршілдік және Еуразия халықтарының эпикалық мұрасы: шығу тегі және қазіргі заман» атты VI халықаралық конференция өтті. Түрлі талқылаулар болып, тіпті тәңірге сенетін қазақтар өз ғибадатханаларын салғысы келетін ойын білдірді. Сондықтан тәңіршілдер туралы түсінік алдағы уақытта да талай талқыланатын тәрізді.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ