Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ санатындағы боксшылардың жаңа рейтингін жариялады. Ақпарат әлеуметтік желідегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына шықты.
Жаңа тізімде суперауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық Иван Дычко бір саты төмен сырғып, 14-орынға орналасқан. ТОП-3 Тревор Брайан (АҚШ), Александр Усик (Украина) және Энтони Джошуалардан (Ұлыбритания) құралған. Екінші орта салмақ санатындағы WBA International, WBO Global және WBC Asia Continental белдіктерінің иесі Айдос Ербосынұлы төртіншіден үшінші орынға көтерілді. Бірінші орында — британиялық Джон Райдер, екінші — ресейлік боксшы Федор Чудинов. Жартылай орта салмақтағы WBA Inter-Continental белдігінің иегері Нұрсұлтан Жаңабаев бұрынғыша жетінші сатыда орналасқан. Осы санаттың басында ресейлік Александр Беспутин тұрса, екінші орын оның жерлесі Раджаб Бутаевқа бұйырыпты. Ал кубалық Йорденис Угас үздік үштікті түйіндеген.