Алматыдағы «дәрігерлер ісінен» кейін медицина қызметкерлерінен көңілі қалған жұрт оларды қатаң жазалауды ұсынып жатыр. Ал медицина саласының қызметкерлері, керісінше, дәрігерді қорғайтын заң қажет деп отыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін бас бостандығынан айыру секілді бұлтартпаудың ауыр түрін қолданудың қажеті жоқ деген пікірде. Министр жеткілікті дәрежеде білікті дәрігерлер ары қарай жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Ал шетелде мұндай жағдайда қандай заң тетіктері іске қосылады? Дәрігер жауапкершілігі мен оған қолданылатын жазаның шекарасы қандай? Бүгін сол туралы айтуды жөн көрдік.
ӘЛЕМДЕ ДӘРІГЕР ҚАТЕЛІГІ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҚ
Елжан Біртановтың айтуынша, екі апта бұрын Алматының медицина қауымдастығымен кездескенде, жергілікті дәрігерлер өздерін қорғайтын заң керек деген мәселе көтерген. Нақты айтсақ, отандық дәрігерлер өз қызметтерін сақтандыруды және Қазақстан Қылмыстық кодексінің 317-бабын әкімшілік алаңға ауыстыруды сұрап отыр.
Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының президенті акушер-гинеколог Вячеслав Локшиннің айтуынша, соңғы уақытта дәрігерлерге тарпа бас салушылар көбейген. Қылмыстық іспен қорқыту белең алған.
«Әлемде бірде-бір елде дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік жоқ, себебі қателік жіберуден ешкім сақтандырылмаған. Кейде дәрігерлерді қарапайым операциядан болатын асқыну үшін де жауапкершілікке тартып жатады. Егер операция күрделі болса, ондай асқыну көрсеткіші – 10 пайыз. Ондай операцияны ең тәжірибелі дәрігерге сеніп тапсырады. Демек, операцияда науқас қайтыс болса, онда тәжірибелі дәрігерлерді жауапкершілікке тарта береді деген сөз. 100 операциядан кейін 10 білікті дәрігер соттан бір-ақ шығады. Олай болса, адамдарды кім емдейді? Ал біздің жас кадрларымызға тәжірибе жинақтау үшін 40 жыл керек болады», – деген ол медицина саласында жұмысына салғырт қарағандар, пара алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет деп санайды. Ал дәрігердің қателігі әкімшілік жауапкершілікке өту керек, себебі дамыған елдерде солай дегенді алға тартады. Себебі кез келген дәрігер операция жасағанда немесе ем-шараларын жүргізгенде науқасқа зиянымды тигізейін деп ойламайды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің 317-бабында «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы адам өлiмiне әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі» деп жазылған.
«ДӘРІГЕРЛІК ҚАТЕЛІК» ТЕРМИНІ ДҰРЫС ЕМЕС
Отандық дәрігерлер қауымдастығы дәрігердің қателігін әкімшілік жауапкершілікке өткізуді ұсынып отыр. Осы тұста бір мәселеге назар аудару қажет болып тұр. Бүгінгі қолданыстағы заңнамалық құжаттардағы «дәрігерлік қателік» деген анықтаманың өзі дұрыс емес екен. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменованың айтуынша, «дәрігерлік қателік» емес, «медициналық қателік» деген жөн болады.
«Себебі медицина саласында дәрігерлер ғана емес, фельдшерлер, медбикелер де жұмыс істейді, олар да қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан заңда кодекстегі «дәрігерлік қателік» деген сөзді «медициналық қателік» деп өзгертіп, сол сөзге нақты анықтама берілуі керек. Егер медициналық қателік дәрігердің өз жұмысына салғырт қарауынан болса, онда жауапқа тартылады. Дәрігер қолынан келген көмектің барлығын жасағанына қарамастан, науқасқа зақым келсе немесе науқас көз жұмса, онда ол қылмыстық іс емес» дейді Б.Түменова.
Оның пікірінше, медициналық қателік аурудың формасына да қатысты болуы мүмкін. Мүмкін ол өте сирек кездесетін ауру шығар. Диагностикасы дұрыс қойылмауы мүмкін. Осының бәрін тергеушілер зерттеп, дәлелдеуі керек. «Науқастар «дәрігер бізге неге кепілдік бермейді» дейді. Ол қалай кепілдік береді? Кепіл беретіндей сағат жөндеп жатқан жоқ қой. Кейбір жағдайларда операция жасамаса, пациенттің қайтыс болып кетуі мүмкіндігі 100 пайыз болады, ал жасаса, жазылып кетуі мүмкін, басқа жағдай болуы да мүмкін. Сол себепті де кепілдік бермейді. Ал операцияға пациенттің келісімі міндетті түрде керек, бірақ дәрігер пациентке операцияның алдында барлық жағдайды түсіндіруге міндетті. Ал операцияны жасату-жасатпау туралы шешімді пациенттің өзі қабылдауы керек», – дейді Бақыт Түменова.
ДӘРІГЕР ҚЫЗМЕТІ САҚТАНДЫРЫЛСА...
Отандық дәрігерлер қауымдастығы дәрігерді бас бостандығынан айырмай, айыппұл төлетуді ұсынып отыр. Айыппұл төлеу үшін дәрігерлер қызметі сақтандырылуы тиіс. Бұл тәжірибе әлемнің алдыңғы, соның ішінде медицинасы жақсы дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Себебі дамыған елдердің дәрігерлері де қателесіп жатады. Германияны мысалға алсақ, бұл елдегі заңнамаға сәйкес, дәрігер емге кепіл бермеуі тиіс. Ол қолданыстағы кәсіби стандарттарға сәйкес ем жүргізуі керек. Дәрігерлік қателік дегеніміз – стандарттардың бұзылуы. Сондықтан әрбір дәрігер сақтандыру компаниясымен кәсіби жауапкершілігі үшін шарт жасайды. Дәрігер жұмыс істейтін аурухана үшін аталған сақтандыру түрі негізгі шарттың бір бөлігі саналады. Егер арбитраждық комиссия дәрігердің қателігінен пациентке келген шығынды өтеп беру туралы шешім қабылдаса, ол шығынды дәрігер үшін сақтандыру компаниясы төлейді. Медициналық экспертизаның шығындарын да сақтандыру компания төлейтінін айта кетейік. Германияда дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін пациент прокуратураға шағым түсіре алады. Бірақ емделушілер тарапынан шағым түсе бермейді екен. Себебі шағым берген күннің өзінде тергеу мен сот ісі ұзаққа созылады. Дәрігердің салғырттығы дәлелденген күннің өзінде, оны бас бостандығынан айырмайды, пациентке келген шығынды төлеттіреді. АҚШ-та да осы тәжірибе қолданыста. Ал көрші Ресейдегі жағдай қалай?
Ресейде де дәрігерлерге сапасыз емдегені үшін айыппұл төлету қолға алынбақшы. Себебі Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігіне бір жылдың ішінде медициналық көмек сапасына қатысты 47 мың шағым түскен. Медицина қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істер саны да көбейген. Сол елдің Тергеу комитетінің дерегінше, негізінен пациенттер хирургтер, гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтардың үстінен жиі шағымданады екен. Мысалы, былтыр Ресейде дәрігер қатесі дерегі бойынша 2 мың қылмыстық іс қозғалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, төрт есе көп екен. Әр оныншы істе дәрігерлер кінәлі деп танылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сала министрлігі дәрігерлер жауапкершілігін арттыру мақсатында айыппұл салу механизмін енгізбек. Ал бұл бастамаға медицина қауымдастығы қарсы шықты. Олар дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік те, айыппұл санкциясы да болмауы тиіс деп санайды. Дәрігерлердің пікірінше, саладағы барлық проблеманың себебі – денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыста.
Ресейдің дәрігерлерді қорғау лигасының президенті Семён Гальперин өңірлерде аудан ауруханалары мен кенттердегі амбулаторияларда кадр жетіспеушілігі белең алып тұрғанын айтады. «Бір дәрігер окулист те, эндокринолог болып та жұмыс істеп жүр. 2-3 ауысымда жұмыс істейді. Кадр жетіспеушілігі 20 пайыз болса, әрбір бесінші дәрігердің жасы 70-тен асып кеткен. Сондықтан дәрігерге айыппұл салу денсаулық сақтау саласының мәселесін шешіп бере алмайды. Айыппұл жүйесі енгізілсе, дәрігерлер жұмыстан кете бастайды. Ал жас кадрлар басқа салаға ауысады. Ең қауіптісі операция жасайтын кадрлар қалмайды» дейді ол.
ДЕНСАУЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАУ БАСТАЛМАҚ
Жалпы, әр кезде де бір мәселенің талқылануына белгілі бір оқиға түрткі болады. Біздің елдегі дәрігерлер мәселесі күні кеше қамауға алынып, одан қайта босатылған алматылық дәрігерлерге қатысты күн тәртібіне шықты. Ал Ресейде бұл мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келеді. Өйткені ресейлік гематолог-дәрігер Елена Мисюрина 2013 жылы бірнеше күрделі диагноз қойылған, оның ішінде онкологиялық диагноз қойылған науқастың жілік майынан анализ алады. Осы процедурадан кейін пациент қайтыс болып кетеді. Тергеу Мисюрина тамырды инемен тесіп жіберіп, пациенттің ішіне қан кеткен деген қорытындымен дәрігерді кінәлі етіп шығарды. 2018 жылы дәрігер екі жылға сотталды. Соттың осы шешімі ресейлік дәрігерлердің наразылығын туғызды. Дәрігерлерді қорғаушылар қатарына Мәскеу мэрі де қосылды. Сөйтіп, көктемде қалалық сот прокуратураға процессуалдық бұзушылықтарды жою үшін істі кері қайтарды. Ал біздегі істің қорытындысы қандай болатынын сот шешімінен кейін біле жатармыз. Ал оған дейін денсаулық сақтау кодексін талқылауға тура келеді. Өйткені сала министрлігі Денсаулық сақтау кодексін әзірлеп, Парламентке тапсырды.
«Дәрігерлердің және медицина қызметкерлерінің мәртебесі бойынша ұсыныстары осы жаңа кодекс жобасына енгізілген. Кодекс жобасын талқылау барысында соңғы жағдайлар да көтерілген. Дәрігерлерден, қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар келіп жатыр. Алдыңғы аптада Үкімет кодекс жобасына қатысты қажетті қаулыны қабылдады. Осы аптадан бастап Парламентте талқылау басталуы тиіс», – дейді Е.Біртанов.
P.S.
Біздегі дерек бойынша, Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады екен. Олардың қаншасы сотталады, қаншасы ақталады деген сауалдың жауабын таба алмадық. Білікті де тәжірибелі дәрігердің қалыптасуы үшін 20-30 жыл уақыт кететінін ескерсек, әлемдік тәжірибеге иек артсақ, дәрігер жауапкершілігі мен оған тағайындалатын жазаның шекарасын әлі де қарастыра түскен жөн секілді.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ