Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Әлем чемпионатындағы нәтижелері үшін спорт министрлігін сынға алды.
Әлем чемпионаттарында өткен күрес, бокс, ауыр атлетика спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың көрсеткен жарыс қорытындысы бойынша жиын өткізді.
Қазақпараттың жазуынша, Әлем біріншіліктерінде қазақстандық спортшылар бокс бойынша 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль; күрес түрлері бойынша 3 күміс, 4 қола медаль және ауыр атлетика бойынша 1 күміс медаль иеленді.
Жарыс қорытындысы мен Токио Олимпиадасына дайындық туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ұлттық Олимпиада комитетінің хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және ұлттық құрама командалардың бас бапкерлері баяндама жасады.
Елдос Рамазановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның қоржынында 9 спорт түрі бойынша 20 лицензия бар, Олимпиадаға кемінде 100 лицензия жеңіп алу жоспарда бар.
— Нәтижелер көңіл көніштерлік емес. Бокс бойынша жалпыкомандалық үшінші орынды алдық, ауыр атлетика бойынша – 12, күрес бойынша – 14-орындамыз. Тек бокстан жалғыз алтын медалі бар. Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілер жеткілікті қолдау көрсетіп отыр. Онда неге нәтиже жоқ? Жауапты министрлік бұл жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр. Спорт – бүтін бір елдің имиджі. Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтижелер көрсету үшін қателермен жұмыс істеңіздер. Уақыт аз қалды, — деді Бердібек Сапарбаев.
Ол сондай-ақ спортшыларды жарыстарға іріктеу кезінде ашықтық пен жан-жақтылық жетіспей жататынын айтты.
— Спортта жең ұшынан жалғасу, алалау ешқашан болмауы тиіс! Біздің еліміздің абыройын үздік спортшылар қорғауы керек. Бұқаралық спортты дамытып, кәсіби спортшылардың жас ұрпағын дайындау керек. Біздің материалдық-техникалық базамыз жақсы, сондықтан, әсіресе, өңірлерде спорттық құрылымдарды барынша тиімді пайдалану қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.