Айдың-күннің аманында көршімізбен келіспей, сот залынан бір-ақ шықтық. Қоғамдық тәртіпті бұзыппыз. «Төрт баласы төбемді тесетін болды» деген қоңсымыз сағат түнгі 11-де ұйықтай қоймаған әр күнімізді күнделігіне толтырып жүріпті. Тоқетерінде 56 мың теңге төлеп, әрең құтылдық. Мәселе ақшасында емес, көршіміздің жазған арызында еді. Бақсақ, жағамызды ұстатқан жағдай тек біздің ғана басымыздан өтпепті. Басы іске шатылып, сот жағалап жүрген «ыбырайлар» көп екен.
Заң ғылымының заңғары атанған Тайыр Күлтелеевтің «Қазақтың қылмыстық-ғұрып құқығы» деген кітабында Ресейдің 120 мың шаруасының өз еліндегі сот бюрократиясынан қашып, дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Осыған қарап-ақ, біздегі дала заңының, билер сотының салмағын бағамдай берсек болады. Өкінішке қарай, бұл ымырашылықтың ұшқыны қалмаған қоғамымызда әрбіріміз әлгіндей соттың есігін ашуға мәжбүр боп қалдық. Статистикаға сенсек, еліміздің әрбір төртінші азаматы дауласып жүр. 3 миллионға жуық арыз сотта жатыр. Екінші тарапты қосқанда, алты миллиондай азамат соттың есігінде жүр. Қасіреті сол, арыз-шағымның дені неке бұзу, алимент өндіру, қырғиқабақ көршілердің дауы, одан қалды жер мен мүлікке таластан туындаған. Елбасы биылғы Жолдауында осы мәселені көтерді. «Халық қит етсе, сотқа жүгірмейтіндей болсын», деді. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Расында, бір ауыз сөзге тоқтаған, өзгені де тоқтата білген мәмілегер халық бүгінде неге даукес болып кетті? Қара халықтың жоқтан өзгені сылтауратып, бірін-бірі сотқа сүйреуіне не себеп?Жоқшылық па, тоқшылық па?
Соңғы кездері арадағы болмашы дауды бітіммен емес, сот алдына шығарып, айқай-шумен шешкісі келетіндер тым көбейген. Дені қу қағаздың құнына келісе алмаудан туындайды екен. Оның ішінде көршілердің тыныштығы мен жоғары қабаттағы пәтерден аққан судың әсерінен төмендегі үйдің бүлінуі сынды тұрмыстық келіспеушіліктер көп.
Ең жаманы, сот залына дейін жеткен ас үйдің әңгімесі судьяларды апталап әлекке салады. Әлеуметтанушылар болса, мұның бірінші себебі халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлығынан деп отыр. Сананы тұрмыс билеген заманда бұл дұрыс та шығар. «Бәлкім ол біреудің екі айлық жалақысы болуы мүмкін.
Мұндай процестің тағы бір артықшылығы, халықтың құқықтық сауатының арта бастауының көрінісі дер едім. Заңға деген сенімнің қалыптасуының көрінісі. Ия, белгілі бір уақытта біз осындай кезеңді бастан өткізуіміз керек те шығар. Өйткені сотқа деген сенім қалыптасу керек», дейді әлеуметтанушы Амангелді Құрмет. Соттың соңы шағымданушының есебіне шешілмеуі де мүмкін. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Жеке тірлікті ысырып қойып, бар уақытын соған арнайды.
Екіншіден, бұл – үлкен шығын. Мемлекеттік баж салығын төлейді. Сот шығынын өтейді. Осылай жүріп, шаршағаныңа тұрмайтын соттың жеңісі адамға неге керек? «Бұл жерде адамдарға психологиялық көмек қажет. Мұндай жағдайда адамдар кейде ақшаны да, арды да ойламайды.
Керісінше, екеуара ұрыстың соңында «Көресің ғой, мен сені бәрібір сотта жеңемін» деген менмендік, тәкаппарлық тұрады. Менің ойымша, оларды көбіне осында әкеп жүрген осындай қасиеттері», дейді психолог Ерлан Бошай.
Медиация мәселені шеше ме?
Жыл басынан бері сотта қаралған істердің 84 пайызы яғни бір жарым миллионы азаматтық істер екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артық. Мұндай жүктеменің жыл сайын көбеюі сапаның әлсіреуіне әкеп соғады. Айына 100-ден астам іс қарайтын судьяға кейде конвейер секілді жұмыс істеуге тура келеді. Адам тағдырының конвейеріне айналып отырған олардың да базынасы жетерлік.«Сотқа жүгінгендердің екінші тарабы көбіне наразы болады. Олар келіспейді. Сот кейінге қалады. «Дауды тек сот қана шешеді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ олай емес. Сөйтіп сағыздай созылған соттың дауы тез аяқтала қоймайды. Судьялар күніне 7-8 істі ғана қарауы керек, ал олар бүгінде 20-25 іске дейін қарап отыр. Бұл – өте көп», – дейді «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімшісі Гүлнәр Боранбаева.
Еуропа елдерінде дау-дамайдың 80 пайыздайы сотсыз, бітіммен аяқталады. Дұрысы, мәмілеге келу, медиацияға жүгіну. Расында да, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Өйткені істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да түсінікті. Елімізде ең алғаш 2011 жылы медиация туралы Заң қабылданды. Көп тарихшы «бұл бізге шетелден келген» деді. Шетелден келген атау болғанымен, шын мәнісінде, өзіміздің билердің қызметі екені рас. Мысалы, дала заңында түрме болған жоқ. Сот тіпті болмаған. Мәселенің бәрін ауыл ақсақалдары, беделді кісілер шешіп отырған.
Қазір осы медиацияға арналған арнайы Заң жұмыс істеп жатса да, нәтижесіз. Соттың есігін жағалап жүрген халық қарасы көп. Бүгінде халыққа татуласу рәсімдерін қолжетімді қылу үшін ел аумағында 32 орталық, 700 мыңға жуық кабинет ашылған. Онда мыңнан астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Қазір бұл орталықтар медиаторларды даярлау ісін қолға алып жатыр. «Медиация курсында көп құпиямен бөлісеміз.
Ең қарапайымы, адамды сотта дұрыс отырғызудың да құпиясы бар. Дұрыс отырмаса келісімге келмеуі де мүмкін. Бір-біріне қарама-қарсы емес, қатар отыруы керек. Медиатормен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сонда мәселенің шешілуі жеделдейді», дейді медиатор Салтанат Әбдіқадырова.
Арызқой елге айналмаудың амалы қайсы?
2013-2017 жылдар аралығында сотқа түсетін арыздардың саны екі есе – 1,4 миллионнан 2,7 миллионға өскен. Әрбір үшінші неке бұзылады. Ажырасудан алғашқы он мемлекеттің қатарында тұрмыз. Көрші тұрмақ, бірге туған бауырлардың бірін-бірі сотқа сүйреу оқиғалары да жиілеген. Тіпті әкесі мен баласы, анасы мен қызының арасындағы даулардың да сотқа жеткен кездері бар. Осынау мылтықсыз майдан бүгін-ертең бітпейтіндей көрінеді. Себеп біреу – сотқа жүгінушілердің қарасы көп. Енді келіп сот жүйесі өкілдерінің өзі арызқой елге айналмаудың амалын жүзеге асыруға көшті. Бұл жерде зиялы қауымның көмегі керек. «Қазақ қоғамының идеологиясына сай, Сот билігінің түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды татуластыру болған. «Дау мұраты – біту» деген. Өкінішке қарай, бізде қит етсе, сотқа жүгінуге итермелейтін заңның баптары бар. Біріншіден, оған үлкен өзгеріс керек. Екіншіден, еліміздегі қолға алынып отырған арнайы орталықтар жүйелі жұмысқа кірісу керек. Бұл жерде отбасы институтының рөлі ерекше. Ақсақалдар әдемі қартайып, жастарды тезге салатындай құрметке ие болуы қажет», дейді Ерлан Қуантқанұлы.
Сіз не дейсіз?
Жамаладен ИБРАГИМОВ, заң ғылымдарының докторы:
– Дауға негізі өзінің құқығын білмейтіндер барады. Белгілі бір тарап оған итермелеуі мүмкін. Қазақта «Қолтығына су бүркіді» дейді. Екіншіден, нарық заңдары да әсер етеді. Өйткені белгілі бір уақыт шеңберінде жоғалтып алған ақысын соттың күшімен қайтарып алғысы келетіндер бар. Үшіншіден, белгілі бір тұлғалар болуы мүмкін. Олар «Атың шықпаса, жер өрте» деген мәтелдегідей, соттасуды мәртебе көреді. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, өзара келіспеушіліктің 40 пайызы осы медиация арқылы өтіп, оның 80 пайызы шешімін табады. Жаңадан қолданысқа енгізілген Азаматтық процестік кодекстің 17-тарауына бұрын болмаған татуластыру рәсімдері енгізілді. Аталған кодексте татуластыру рәсімдері 174-182-ші баптарда қарастырылған. Осы баптардың талаптарына сай, сот тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданады.
Ғалия Шыңғысова, сот саласының ардагері:
– 80-90-жылдары аймағымызда 500-600 азаматтық іс қаралатын, қазір бір жылда қаралған азаматтық істер саны 30 мыңнан асып кеткен. Қазіргі статистикалық мәліметтер үрей тудырады. Бітімге келу – қазақ даласының салт-санасы мен мәдениетінде бар тәжірибе. Сондықтан дауларды соттан тыс реттеу институттарын енгізу –қоғам талабы. Дауды сотқа жеткізбей шешу жолдарын кеңірек қолдану қажет. Мысалы, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру, коммуналдық төлемдер бойынша берешекті өндіру үшін міндетті түрде сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Мұндай төлемдерді нотариустың атқарушылық жазбалары арқылы да өндіріп алуға болады. Ең бастысы, халық санасын өзгерту қажет. Оларға кез келген дауды бітіммен аяқтаудың артықшылығын түсіндірген маңызды.
Тақырыптың тоқетері:
Ел іші даусыз болмайды. Бірақ қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді» деп, билік айтудың ең озық үлгісі бітімгершілік екенін әлдеқашан дәлелдеген. Кезінде халқымыздың әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов секілді зерттеушілер «Қазақтың билер соты – нағыз бітім мен келісім соты» деп таңғала жазыпты. Ал біздің бүгінгі халіміз мынау…