«Екі қолға бір күрек таппай» жұмыссыздар қатарын көбейтіп жүргендер бар. Тағдырдың сынағына қарамастан, тәуекелге бел байлаған Азамат Ерғалиевтің еңбекқорлығы көпке үлгі.
Еңбек жолын теміржолдан бастаған Азамат бүйрек ауруына шалдыққан соң, кәсіби мамандығы бойынша жұмыстан шеттеп қалады. Соған қарамастан, еңбекқорлығымен ел үшін еңбек етіп отыр.
– Мамандығым бойынша теміржолда 8 жыл қызмет атқардым. Тағдырдың маған берген сынағы болар, қатты ауырып, дертім асқынған соң, бүйрегімді ауыстыруға тура келді. Бүйрекке жасалған операциядан соң кемтар болып қалдым. Денсаулығым жарамсыз болған соң, теміржолдағы жұмысымнан біржолата қол үздім.
Уақыт өте денсаулығым біршама жақсарған соң қолымнан келгенше еңбек етейін деп ойладым. Шаштараз курсына жазылдым. Шаш қиюдың қыр-сырын үйрендім. Өзім бұған дейін де таныстарымның шашын қиып беретінмін. Өзіме шаш қиған ұнайды, – дейді Азамат Ерғалиев.
Оның ендігі арманы – кәсібін дамыту. Бірақ оған қымбатшылық кедергі. Шаштаразға қажет кеңсенің жалға алу құны қымбат. Құрал-жабдықтардың бағасы да қолжетімсіз.
– Шағын бөлмені жалға алып, жұмысымды бастағанда біршама қиындықтар алдымнан шықты. Құрал-жабдықтар қажет болды. Бастапқыда бұрын қолданған креслоны сатып алдым. Жаңасын алуға қаражатым жетпеді. Қайшы, керек-жарақтарды алуға қыруар қаржы жұмсадым. Қазір тек қана ер-азаматтардың шашын қиямын. Тұрақты тұтынушыларым бар. Болашақта осы кәсібімді дамытқым келеді. Сол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беретін оқыту курсынан өттім. Тегін кеңес, жеңілдікпен гранттар ұтып алатын мүмкіндіктер бар екенін білдім. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Біз соны тиімді пайдалансақ, көмегі көп екен. Болашақта тек қана ерлерге арналған сән салонын ашқым келеді. Оған қажеттінің бәрін қамтып, бизнес жоспар жасадым. Бастапқыда шамамен 500 мыңнан астам қаржы қажет. Жоспарымды жүзеге асыру үшін еңбектеніп жатырмын, – дейді шаштараз.
Ол кәсіп ашудағы қиындыққа қарамай, қоғамның сұранысын да қаперінен шығармайды. Айтуынша, тұтынушылардың қояр талабы жоғары әрі қызмет бағасы қолжетімді болғанын қалайды екен.
– Шаштараз болу оңай емес. Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін көп еңбектену керек. Күндіз-түні ізденуге тура келеді. Өйткені сән саласында күнде бір жаңалық шығады. Шаш қидырудың сан түрлі тәсілін оқып, үйреніп отырмасаң, сәннен қалып қоясың. Соңғы жылдары адамдар қызметтің сапасымен қатар жылдамдығы, қолжетімділігіне айрықша мән береді. Сондықтан көштен қалмайын деп Instagram-да @azamat3789 деген парақша аштым. Оның пайдасы тұтынушылармен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Ұсыныс-тілектерін тыңдап, көпшіліктің пікірімен санасамын. Өзіммен тағдырлас адамдар көбінесе, шаш қидыру үшін салонға барып-қайту қиындық тудыратынын айтады. Жұмыстан соң үйлеріне барып, шашын қиып беремін. Олардан ақша алмаймын. Мүмкіндігі шектеулі замандастарымды қуантқаныма бақыттымын, – дейді Азамат Ерғалиев.