Үндістанның Бангалор қаласында өткен су спорты түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қос жүлдені еншілеген қазақстандық спортшылар елордаға оралды. Спортшыларды бір топ жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды. Олардың арасында Nur Otan партиясының Jas Otan жастар қанаты мен БАҚ өкілдері де бар.
Турнирде Қазақстан мен Қытай командалары арасындағы ойын алдында еліміздің әнұраны техникалық ақауға байланысты үзіліп қалған болатын. Ыңғайсыз жағдайға тап болса да, спортшы қыздарымыз жанды дауыста әнұранды соңына дейін айтып шықты. Залдағы көрермен қазақстандық спортшылардың бұл әрекетіне риза болып, оларға қошемет көрсетті. Сол күнгі ойында жерлестеріміз қытайлық қарсыластарын 11:10 есебімен жеңді.
– Спортшы қыздардың жарты жолдан үзілген әнұранды жалғап әкетуі бізді тәнті етті. Осы оқиға әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің талқысына түсті. Бұл жастардың мемлекеттік рәміздерге көрсеткен құрметі деп қабылдадық. Көпке үлгі болған, жүлдемен оралған спортшыларды әуежайдан күтіп алуға арнайы келдік. Қыздар әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін Jas Otan тарапынан алғысхатпен және сый-сияпатпен марапатталады, – деді Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.
Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Серік Сәпиев арнайы келіп, спортшы қыздарға алғыс білдірді. Сондай-ақ кездесу барысында спортшы қыздарға суретші Аңсаған Мұстафаның қазақи нақыштағы футболкалары табысталды.
– Мәдениет және спорт министрлігі атынан сіздерге үлкен алғыс айтамын. Жарайсыздар! Спортта мұндай келеңсіз жағдайлар болып тұрады. Сіздер әнұранды соңына дейін айтып, дұрыс әрекет жасадыңыздар. Меніңше, мұндай олқылықтары үшін жарысты ұйымдастырушыларға ескерту жасау қажет. Ал олар келеңсіз жағдай үшін кешірім сұрауға міндетті. Сіздер ел мерейін асқақтаттыңыздар. Осы қалыптан танбай, еңбектене беріңіздер, – деді Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.
Жарыстан жүлделі оралған қыздар әлемдік турнирлерде әнұранды қосыла шырқау спортшыларға үлкен күш беретінін жеткізді.
– Әрбір спортшы, тіпті әрбір қазақстандық әнұранды жатқа білуі тиіс. Біз де жарыстарда әнұранды бірге қосылып шырқаймыз. Сол күні де әндетіп тұрғанбыз. Сондықтан оның орта жолда үзіліп қалуы біздің еңсемізді түсірген жоқ. Керісінше, бәріміз бірге соңына дейін айтып шықтық. Кейінірек, әлеуметтік желіде достарымыз, туыстарымыз жаза бастады. Бұл біздің міндетіміз, оған таңғалудың да қажеті жоқ, – дейді Су полосы бойынша Қазақстан жастар құрамасының капитаны Анастасия Калмацкая.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы су добынан ерлер арасында күміс жүлдені жеңіп алды. Ақтық ойында жапондық қарсыластарынан жеңілген ойыншыларымыз екінші орынды қанағат тұтты. Ал су добы бойынша қыздар құрамасы біріншіліктің қола жүлдесіне қол жеткізді. Алтынды – Жапония, күмісті Өзбекстан құрамалары еншіледі.