Қызыл мия тамырының талапайға түсіп жатқанына бірнеше жыл болды. Егер Қытай әлемдік фармацевтика саласында үлкен төңкеріс жасап жатқан болса, оған өзіміздің Қызылордадан шығатын миямыздың үлесі бар. Қасіреті сол, емдік қасиеті мол қызыл мияның қасиетті тамыры «шетелдік инвесторлардың» оңай олжасына айналып отыр. Арзан табысты көздегендер бұл іске атсалысуын қояр емес. Ал біз әлі күнге дейін дәрілік өсімдігімізді үлкен өндіріс саласына айналдыра алмай отырмыз...
Қурай да, қызыл мия да – бір
Қасиеті жағынан қызыл мия артық болғанымен, құны жағынан осылай боп отыр. Жабайы бизнес жолына түскендер қасиетті шөптің тамырын түбірімен қопарып, экспортқа жіберіп жатыр. Мұның ең басты себебі – мия Қызыл кітапқа енбеген. Оны қалай болса солай пайдаланып жүргендердің жүгенсіз кетуі сондықтан. Оның тамырынан пайда іздегендер 15-20 тоннасын екі-үш күнде шетел асырып жатыр. Қытайдың дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі-дәрмек жасалмайды. Олар – мияны өндірісте те пайдаланады. Ең өкініштісі, құзырлы мекемелер заңсыз саудалайтындарға тосқауыл бола алмай тұр. АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Қызыл кітапқа енбесе де, қызыл мияны жұлу – заңға қайшы. Өйткені ол дәрілік өсімдіктер қатарында. «Егер оның орман билеті болмай, заңсыз терсе, әкімшілік құқықтық жазаға тартылады. Арнайы айыппұл салынады. Дәрілік шөпті шетелге экспорттауға болады. Ол үшін дәрілік шөпті даярлауға негізделген рұқсатнама қағазы және экспертизалық талдамадан өткен биологиялық негіздемесі болу керек» дейді.
Қайткен күнде де бағалы өсімдікті Қызыл кітапқа енгізбей, тамыры тереңге жайылған кәсіпке балта шабу мүмкін болмай отыр.
Бағалы өсімдікті өңдейтін отандық зауыттар неге аз?
Қызыл мияның ерекшелігі сол – шығынды қажет етпейді. Ыстық пен суыққа төзімді. Бір ексе, ондаған жыл бойы шыға береді. Оның тамырын косметикадан бастап, консерві жасауға, шырын шығаруға, қант өндірісіне қолданады. Дәрі-дәрмек жасау онсыз жүргізілмейді. Ең өкініштісі, табиғи байлығымызды тиімді пайдаланып жатқан фармацевтикалық кәсіпорындар өте аз. Ақтөбеде орналасқан өндіріс ошағы қызыл мия тамырының сығындысын алып, жөтелге қарсы шәрбаттың екі түрін дайындайды. Кәсіпорын жылына миллион дана дәрілік өнім шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратады. Ал қызыл мияны өңдейтін еліміз бойынша отандық екі зауыт қана бар. Орал қаласындағы өндіріс орны жылына 3 мың тонна мия тамырын өңдей алады. Алайда зауыттың жұмысы шикізат тапшылығынан алға жылжымай тұр. Осыған қарап, өзгеге кетіп жатқан өсімдік өзімізге бұйырмай тұр деуге болады. Қызылорда облысында озық технологиямен жабдықталған қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны тамырдан таршылық көріп отырған жоқ. Бүгінде бұл аймақтың 10 мың гектар алқабына мия егілген.
Шипалы шөппен емдейтін орталықтар керек
Қазақ – әу бастан дәстүрлі емнің ебін білген, шипалы шөппен дертке дауа тапқан халық. Қазір осындай орталықтар жоқтың қасы. Ата-бабаларымыз кезінде осы қызыл мия тамырын да халық медицинасында ұтымды қолданыпты. Ең алдымен, күйзеліс пен ұмытшақтықтан арылу үшін және қалқанша без ауруларын емдеген. Осыған қарап-ақ мына қоғамда жүйкелеген жұрттың жан жарасын жазуға таптырмас өсімдік екенін айтуға болады. Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры Сүлеймен Аралбай – халық медицинасының санаулы жалғастырушыларының бірі. Ол басы ауырып, балтыры сыздағандарға осы тамырды ұсынып, көмектескен. «Бұл шөптің көк бауыр, бауыр, асқазанның қуатын арттыратын емдік қасиеті бар. Тыныс жолдары, өкпеге пайдалы. Жөтелге қарсы қайнатып ішуге болады. Қит етсе Қытай, Тибет медицинасына жүгіреміз. Ал өзіміздің қазақ медицинасы әлдеқайда тиімді. Расымен де, ұшы-қиыры жоқ даламызда өсіп жатқан табиғи байлығымызды игерудің жолы бір ізге қойылмаған. Сондықтан оған сеніп, еміне шипа деп қолданатындардың қарасы аз» дейді ол.
Ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры
Шынтуайтында, мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады. Бұл өсімдікті тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде- кем. Тіпті, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсібінде де қолданады екен. Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалса, Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды. Онда жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тәттілігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық. Қазір газдалған тәтті сусындардың денсаулығымызға зиян екенін жиі айтамыз. Алайда бұл сусындардың құрамына қант қоспай-ақ, мия тамыры арқылы емдік қасиетін күшейтуге болады.
Сондықтан Финляндия, Норвегия, Дания, АҚШ мемлекеттері түрлі тәтті шоколадқа осы өсімдікті пайдаланады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген.
Сөз соңы
Осыдан 40 жыл бұрын елімізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызыл мия өссе, 90-жылдары оның көлемі 70 мың тоннаға дейiн азайған.
Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау оңайға соқпай тұр.
Мия тамырынан пайда тауып отырғандар, оның айналасында еліміздің Қызыл кітабына енгізілген, жойылып кету қаупі бар өзге де өсімдіктер өсетінін біле бермейді. Сондықтан қасиетті жерлеріміз бен қадірлі өсімдіктерімізді көзіміздің қарашығындай қорғайтын, табиғи байлықты ұтымды игерудің кешенді бағдарламасын құру керек. Егін шаруашылығының мамандары осы арқылы ел экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге әбден болады деп отыр.
Онда неге оған мемлекеттік тосқауыл қоймасқа?!
***
Қасиетті өсімдіктің қадірін білмей, қолда бардан қағылып отырған тұста Қадыр ақынның өлеңі көмейге құйылып түсті:
Біздің сайда болатын мия қалың.
Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.
Мия сиреп, ұядан құстар безіп,
Біреу үшін енді мен ұяламын...
Қызыл мияға қырғидай тигендердің ашкөздігі үшін ұялсақ па екен?
Қадірі артық құндылығымызды заңмен қорғай алмағанымыз үшін бе?...