Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды аспектілерінің бірі. Биыл Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Құтты мекен» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Алматы қаласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандары партиялық бақылауға алынған.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының бастамасы бойынша мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына жұмыс кестесінен қалыс қалу себептерін анықтау және нысандар құрылысының сапасын бақылау үшін барды. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров бастаған бақылау комиссиясы аталған жоба аясында жүзеге асырылып жатқан нысандардағы олқылықтармен танысып, жұмысты жеделдету шараларын қолдану керегін айтты.
Бақылау комиссиясы, ең алдымен, Жетісу ауданындағы Мочалов көшесі тұрғындарымен кездесті. Осыдан біраз бұрын бұл көше лайланып, жаңбырлы күндері жүру қиынға соғатын. Жаңадан су құбыры тартылуына байланысты көше қазылған. Нысан 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс болатын. Кейбір қиындықтардың тууына байланысты, құрылыс жұмыстары айдың соңына дейін созылуы мүмкін. Осыдан біраз бұрын бұл жерде балалар алаңы мүлдем болмаған. Партия бақылауға алғалы бұл олқылық ретке келді.
– Ауданда көптен бері тұрамын. Осыған дейін көше ешқандай талапқа сай болмаған. Жауын-шашын күндері балалардың мектепке барып-келуі қиын болатын. Қыстыгүндері қатынас тіпті қиындай түсетін. Соңғы жылдары Nur Otan партиясының араласуымен көптеген көшелеріміз қалыпқа келді. Жөндеуден өтті. Партияның бақылауының арқасында жол жөндеу жұмыстары жақсы жүргізілуде. Балалар ойнайтын алаңдарды көбейтіп, жаңартып жатыр. Осы жұмыстың бәрін бақылау комиссиясы үнемі назарда ұстап отыр. Басқа көшелер де жақын арада реттеледі деп ойлаймыз, – дейді қала тұрғыны Мыңжасар Дүйсен.
Бақылауға алынған екінші нысан – №4 перзентхананың құрылысы. Перзентхана бас дәрігері Вячеслав Пактің айтуынша, құрылыс нысаны 2017 жылдың мамыр айында басталған. Төртқабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмай тұр. Ескі корпустағы перзентхана – 95 төсектік. Қажеттілікті толық қанағаттандыру үшін бұл кем дегенде 120-130 төсекке жеткізілуі тиіс. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында перзентхана құрылысы басталған. Бір айта кетерлігі, перзентханаға қажетті медициналық жабдықтар сатып алынған, құрылыс нысанының кешігуі салдарынан олар әзірге іске қосылмай, бәрі босқа тұр. Бұл перзентханада жылына шамамен 4 500 нәресте дүниеге келеді. Егер жаңа перзентхана пайдалануға берілсе ана мен бала жағдайын жасауға біршама мүмкіндік туар еді.
– Перзентхана құрылысы мерзімінде аяқталмай жатыр. Жауапты құрылыс компаниясы жұмысты аяқтамай кетіп қалған. Сол үшін компания басшыларын Nur Otan партиясына шақырып, бақылауға аламыз. Бұл өте маңызды нысан болып саналады. 30 төсектік жаңа перзентхана іске қосылса, аналарымызға өте игі іс болар еді. Бұл өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілуге тиіс нысан болатын. Белгіленген мерзімнен бір жылға жуық уақыт асса да, құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Бақылауға алып, мүмкіндігінше осы жылдың соңына дейін іске қосуға атсалысуға тырысамыз. «Универсал Б» компаниясы өкілдерін бүгін көре алмай тұрмыз. Компания тендер ұтып алды, жасаймыз деп уәде берді. Бірақ нысан әлі аяқталмаған. Тиісті қаражат бөлінген. Әлеуметтік нысан құрылысы уақытында аяқталмағаны үшін сотқа береміз, – дейді Алматы қаласы мәслихаты депутаты Роза Бадаева.
Бақылау комиссиясы қалада кезекте тұрған тұрғындарға берілу үшін тұрғызылып жатқан «Жас қанат» ықшамауданындағы жеті үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысты.
– «Құтты мекен» жобасының іске асуын қадағалау мақсатында Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының арнайы жұмыс тобы қала бойынша бірнеше әлеуметтік нысандарда құрылыстың жүруі бойынша бақылау жасады. Солардың қатарында «Промкомплект-Б» фирмасы тұрғызып жатқан жеті тұрғын үйдің құрылысымен таныстық. Құрылыс алаңы ешқандай тәртіпке, нормативтерге сай келмейді. Қазылған шұңқырлар, үйілген шаң-топырақ, араласып жатқан құрылыс материалдары. Құрылыста жүрген жұмысшылар қауіпсіздік талабын орындап жатқан жоқ. Жоғары қабаттарда ешқандай арнайы баскиімсіз, қауіпсіздік құралдарынсыз жүр. Ал ішкі және сыртқы жұмыстардың сапасын тексерген кезімізде байқағанымыз, жанымызда тұрған мына үйдің әлі төбесі де жабылмапты. Күз маусымы басталды. Жауын-шашын болса, жасалған жұмыстың босқа кететіні анық. Бұл құрылыс жоспар бойынша осы айдың 25-інде аяқталуы керек болатын. Бірақ жұмыс тобы мүшелерінің пікірлеріне қарағанда, бұл нысан жыл соңына дейін созылуы мүмкін. Құрылыс компаниясы өкілдері белгіленген мерзімде аяқталады деп отыр, бірақ ол шындыққа мүлдем жанаспайды. Бұл нысанға бұған дейін де келгенбіз. Құрылыс компаниясына жұмыстарының кемшіліктері айтылған. Бірақ содан бері аса көп өзгеріс жоқ. Сондықтан бұл нысанды алдағы уақытта да бақылауымызда ұстаймыз. Құрылысты жүргізу сапасы, орындалу мерзіміне байланысты Nur Otan» партиясының арнайы шешімі болады. Оған қалалық құрылыс басқармасының, құрылыс фирмасының басшылығы қатыстырылып, ортақ бір қорытындыға келеміз. Қала тұрғындарына арналған, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, соғылып жатқан әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасы заман талабына сай болуы керек, – дейді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров.
«Құтты мекен» жобасы аясында бақылауға алынған нысандардың жалпы саны 100-ге жуық. Бақылау комиссиясы оның әрқайсысын жіті назарда ұстап отыр.
Алматы қаласы