Үздік педагог анықталды

Үздік педагог анықталды

Бүл күндері мұғалімдер қауымын жер-жерде ұлықтап, еңбектеріне табыс тілеп, құрмет көрсетіліп жатыр. Өйткені қа­зан­ның алғашқы жексенбісі – Ұстаздар күні! Сондай бір есте қалар жиын елордада салтанатты жағдайда өтті.

Педагогтардың қоғамдағы мәр­­­те­­бесін және беделін арттыру, үз­дік мұғалімдердің озық педа­го­­­­гикалық іс-тәжірибесін тарату мақ­­сатында, 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік пе­дагог» конкурсы өткізіліп келе­ді.

«2019 жылдың үздік педагогі» бай­қауында техникалық және кә­сіптік білім жүйесі бойын­ша 16 ұстаз үздік атанды. Олардың қата­рында Қарағанды гуманитар­лық колледжінің тарих және қо­ғам­дық-саяси пәндер оқыту­шы­сы Алтай Аяғанов, Д.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қа­зақ педагогикалық колледжінің пе­­да­гогика оқытушысы Ба­қыт­­­­гүл Батанасова, Семей қа­­ла­сы М.Әуезов атындағы педа­го­гикалық колледждің жалпы пән­дер оқытушысы Бейбітгүл Калке­но­ва бар. Ал мектепке дейінгі жә­не орта білім жүйесі бойынша «2019 жылдың үздік педагогі» рес­публикалық конкурсының жеңім­паздарының қатарына 48 мұ­ға­лім ілігіп отыр. Үздік педа­гог­­тар қатарында Нұр-Сұлтан қа­ла­сы №62 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Алма Тұрғамбекова, Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі филиалының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ербол Тлеулов, Абай атындағы республикалық ма­мандандырылған дарынды ба­ла­­ларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының қа­зақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұ­ға­лі­мі Динара Орынбаева, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Шәкәрім атындағы үш тілде оқы­та­тын гимназияның бас­­тауыш сы­­нып мұғалімі Нұргүл Мұқа­нова сын­­ды мұғалімдер мара­пат­қа ие болды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Сенат пен Мәжіліс депутаттары «Үздік педа­гог­тар» мен бірқатар білім сала­сы ардагерлерін Ыбы­рай Ал­тын­­­сарин атындағы төсбел­гі­мен марапаттады.

– Елбасымыз Н.Назарбаев егемендік алған күннен бастап, білім, ғылым саласына ерекше көңіл бөлді. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жалпы мемлекетіміз, білім саласы биіктерден көрініп, жетістіктерге қол жеткізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сай­лауалды бағдарламасында бі­лім, ғылым саласын дамытуға үлкен назар аударып, біздің алды­мызға нақты мақсат-міндет қой­ды. Мемлекет басшысы 4 жыл­дың ішінде ұстаздардың жа­лақысын 2 есе көтеру, білім сала­сын дамыту бойынша үлкен мақсат жүктеді. Осы заңды іске асыру үшін бюд­жет­тен де қомақты қаражат қа­рас­­тырылып отыр. Бүгінгі күннің өзінде 3 триллион теңгеден астам қа­ра­жат қаралды. Бұл біздің ұс­таз­­дарға, жалпы білім саласына деген үлкен құрмет, – деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кету керек, биыл ел тарихында алғаш рет Қазақстан атынан еліміздің он бір ұстазы Нобель сыйлығы сияқты Әлем ұстазы дүниежүзілік сыйлығының халықаралық іріктеуіне қатысады. Бұл дүниежүзілік сыйлықтың иегері 2020 жылы наурыз айында Дубайда белгілі болады. Аталған сыйлықтың құны – бір миллион АҚШ доллары.

Қоғамдық маңызы бар бас­та­­­маларды дамыту қорының құрыл­тай­шысы Әлия Назарбаева:

– Құрметті ұстаздар, мерекеле­рі­ң­із­бен құттықтаймын, мен үшін Әлем ұстазы сыйлығының ірік­­теуіне өткен мұғалімдерді ма­­­­рапаттау – үлкен бақыт. Өт­кен жылы Дубайға барғанда неге осы әлемдік додаға біздің қа­зақ­стандық мұғалімдер де қатыс­пай­ды деген ой келді, Білім және ғылым министрлігі де бұл идеяны құптады. Бүгін жеңімпаз он бір ұстаз­дың біреуі алдағы уақытта халықаралық жарыста іріктеліп алынады, – дей келе, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Ал он бір үздіктің ішінде бас жүлдені, сонымен қатар Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрт миллион теңгесін Нұр-Сұлтан қаласы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Гул Муаммер қанжығасына байлады.

Кеште ұстаздарға арнап эс­тра­да жұлдыздары Сәкен Майға­зиев, Маржан Арапбаева, «Славян базарының» жеңімпазы Әділхан Макин және мектеп оқушылары өнер көрсетті.


Әділ БЕК