Төрешілер шешімімен Головкин жеңіске жеткен болатын
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко жекпе-жектен кейін шұғыл жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Бұл туралы украиналық промоутер Лу ДиБелла хабарлаған.
Еске салсақ, Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткен кездесу 12 раундқа созылып, төрешілер шешімімен Головкин жеңіске жеткен болатын.
«Головкин де, Деревянченко да баспасөз жиынына келе алмайды. Ол екеуі қазір ауруханаға жеткізілді» деп жазды The Ring тілшісі Райан Сонгалия промоутердің сөзін жеткізіп.
Сондай-ақ қос боксшының соққыларын есептеген CompuBox статистикасы да жария етілді. Ол бойынша 738-720 есебімен соққы жасау жағынан украиналық алда тұр.
Алайда дәлдік жағынан Головкин алға озған. Сергей 738 соққының 230-ын дәл тигізсе, Головкин 720 соққының 243-ін дәл бағыттаған. Пайыздық өлшем бойынша Головкин қарсыласынан 3 пайызға озып кеткен (34-31).
Өз кезегінде төрешілер 115-112, 115-112, 114-113 есебімен жеңісті Генаға берген еді.