Сенбіден жексенбіге қараған түні Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғатты қорғау жедел тобының өкілдері Байзақ ауданының Мойынқұммен шекаралас «Түлей» құмында қызыл кітапқа енген екі қарақұйрықты атқан төрт браконьерді құрықтады.
Мемлекеттік нөмірі «N 627 MNM» «Tayota land cruiser» көлігін тізгіндеген браконьерлер Байзақ ауданы Түймекент ауылының тұрғындары болып шықты. Көлік иесі Камаладин Жақсыбаев былтыр да Байзақ ауданы орман шаруашылығы қорығында аң аулағаны үшін құрықталған екен. Енді ол жанындағы серіктері Оралбек Тоқтыбаев, Бақытжан Бибітов және Пархат Серікбаевпен бірге заң алдында жауап беретін болады.
– Браконьерлерден 12,16-ші қосауыз мылтық тәркіленді. Сондай-ақ қозғалтқышы 4,7 кубтык көлік те бар. Алдында аңшылар біраз ұстатпай жүрген еді. Енді «Жедел топ» Сапсанның инспекторлары Руслан Қожатаев, Бекзат Ботабек пен Байзақ аудандық табиғатты қорғау аға инспекторы, полиция капитаны Марат Манатовтың қырағылығымен олар қолға түсті. Қазір күдіктілер Байзақ аудандық полиция бөліміне тапсырылып, алдын ала тергеу шаралары жүріп жатыр, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғатты қорғау кеңесі және Жедел топтың төрағасы Ерназарбек Жантаев.