Балаларды улаған балабақша тәрбиешісі өлім жазасына кесілді

Балаларды улаған балабақша тәрбиешісі өлім жазасына кесілді

Қытайда Хэнань провинциясы Цзяоцзо қаласында орта деңгейдегі халық соты балабақша тәрбиешісін балаларды улағаны үшін өлім жазасына кесті, – деп хабарлады РИА Новости.

Айыпталушы Ван Юнь "Мэнмэн" балабақшасында жұмыс істеген. Тәрбиеші Сунь есімді басқа топтағы әйелмен өштесіп, оның тобындағы балалардың ботқасына өткен жылдың 27 наурызында натрий нитритін қосып жіберген. Соның салдарынан 25 бала уланып ауруханаға түсті, біреуі сол ауруханада көз жұмған.
Тергеу барысында Ван Юньнің бұл бірінші әрекеті емес екені анықталды. 2017 жылы әйел күйеуімен ұрысып, натрий нитритін 1 стақан суға тамызып, күйеуіне ішкізіп жіберген. Алайда ер адам қатты уланбаған көрінеді.
Сот әйелдің натрий нитритінің адам ағзасына қаншалықты қауіпті екенін біле тұрып, оны екі рет қолданғанын айтты. Ван Юнь уланған ботқаны балалардың жейтінін білген, алайда өзін тоқтатпаған. Сот әйелдің қылмыстық әрекеттерін қатыгездікке балап, оны өлім жазасына кесті.