Бүгінгі күні аймақ тұрғындары күрделенген мәселелер бойынша Nur Otan партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарына қайырылып, көптен күткен түйінді жайлардың шешімін тауып, көмек сұрауы партияға халық сенімділігінің артқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ бұл халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған партия тұжырымдамаларының жүзеге асып отырғанының дәлелі.
Әсіресе, облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарының өтініш, талап-тілектерін назарға алуда жергілікті партия өкілдері де қырағылық танытуда. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары аудандағы елді-мекендердегі автомобиль жолдарын жөндеуден өткізу және жол қауіпсіздігі бойынша шараларды қолға алса екен деген тілек білдірген екен. Осы өтініш аудандық партия филиалы өкілдерінің қарауымен аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Дауытбаевқа жолданған болатын. Бөлім басшысының айтуынша аудандық бюджеттен 6 дана бағдаршамды күтіп-ұстауға бөлінген 3 600,0 мың теңгенің 699,9 мың теңгесін игеру үшін биыл маусым айында келісімшарт жасалыпты. Сондай-ақ қалған 2 700,0 мың теңгеге 55 жол белгілерін және орталық көшенің бойында орналасқан балабақшалардың және мектептердің алдына алты жаяу жүргіншілерге өтпелі жолағын сызып, бес жерге жаттық полицей орнатуға құжаттар әзірленіп «ТНБ Групп» ЖШС-і жұмыстар жүргізіп отыр екен. Жол жөндеу бойынша биыл 8,8 шақырым екі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге («Қарақат ауылына кіре беріс» 2,1 шақырым 36 515,7 мың теңге және «Тереңөзек–Көкарық–Шолақ Қайыңды» 6,72 шақырым 119 926,9 мың теңге) барлығы 156 442,7 мың теңге қаралып, автомобиль жолдарын орташа жөндеу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасына бюджеттік тапсырыс беріліп мемлекеттік сатып алу конкурсы ойнатылып жеңімпаздар анықталып, жұмыс-тар жүргізіліпті. Сонымен қатар 240 337,0 мың теңгеге 23 көшенің 22,4 шақырым жолдарын орташа жөндеу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы ойнатылып, жеңімпаздар анықталып жұмыстар басталыпты. Оның аяқталу мерзімдері қыркүйек-қазан айларында дейді мамандар. Соның нәтижесінде биыл ауданда 396 779,7 мың теңгеге автомобиль және көше жолдары жөнделеді екен.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша да тұрғындар өз өтініштерін жергілікті партия өкілдері арқылы анықтап отыр. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Шамаевтың айтуынша, биыл жалпы аудандағы көпбалалы отбасыларға 1 970 411,0 мың теңге қаражат бөлініпті. Оның 1 849 800,0 мың теңгесі республикалық бюджеттен, 120 611,0 мың теңге жергілікті бюджеттен қаралыпты. Өткен 8 айда аудандағы 2 533 отбасының 13 974 адамына 1 182 110,4 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленіпті. Сондай-ақ тұрғын үй көмегі бойынша жергілікті бюджеттен 3900,0 мың теңге қаражат бөлініп, бірінші қыркүйекке 54 отбасының 318 адамына 1650,0 мың теңге тағайындалған.
– Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге биыл 28 004, 0 мың теңге қаралды. Оның 7 874,0 мың теңгесі – ؘоблыстық бюджеттен, 20 130,0 мың теңгесі – жергілікті бюджеттен. Бүгінгі күні 21 668,0 мың теңге 443 адамға төленді, – дейді Берік Шамаев.
Сондай-ақ партия аудандық филиалына қайырылған Луговой ауылының тұрғыны, мүгедек Талғат Айходжаев туғаннан естімесе де, аяқкиім дүңгіршегін ашып, өз кәсібін жүргізіп отырғанын алға тартып, аяқкиім жөндеу дүңгіршегін жөндеп беруге көмек сұраған болатын. Азаматтың бұл сұранысына құлақ түрген аудандық мәслихаттың депутаты Қанатбек Арыстанбеков, Серік Дәлібаев, Қайрат Мадалиев демеушілік танытып, 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.
Жамбыл облысы