Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына – 125 жыл. Осы орайда Түлкібас ауданында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» іс-шарасы өтті.
Салтанатты шарада аудан жұртшылығы алдымен Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарына қатысушылар мен қонақтарды күтіп алды. Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасар-хатшысы Ғ.Рысбеков, аудан әкімі Н.Тұрашбеков, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері М.Байғұт, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай және БАҚ өкілдері қатысты.
Делегация өкілдері 1915 жылы Алаш қайраткері, тұңғыш қазақ инженері М.Тынышпаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан туннельмен танысып, Т.Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы – Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қос қайраткер – М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды. Шара барысында Т.Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайын аралаған делегация содан соң «Тұңғыш Президент» саябағына барды.
Мерекелік кеште сөз алған облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов Тұрар өмірі жайлы қысқаша баяндама жасаса, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғаларды кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды.
Айта кетейік, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай Nur Otan партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедициясы Созақ ауданында басталып, Түлкібас ауданында жалғасын тапты.