Көлікке бердік көп көмек, жолаушы қайда беттемек?

Көлікке бердік көп көмек, жолаушы қайда беттемек?

Күш-қуаттың көрінісі, елдіктің нышаны, жаңғырудың рәмізі саналатын астанамыз өз дамуының жаңа деңгейіне шығатын болады. Елорданы ары қарай дамыту мәселелері жөніндегі жыл сайынғы дәстүрлі кеңесті биыл тұңғыш рет өткізген Пре­зи­д­ент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласын өркендетуге қатысты көзқарасын ай­тып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Мемлекет басшысы астанамыздың ірі мә­де­ни, экономикалық және білім беру орта­лы­ғына ай­налғанын мәлімдеді.

– Нұр-Сұлтан қаласын одан ары дамыту және жаңа деңгейге көтеру қажет! – деп нық­тады Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Қала эко­номикасы кейінгі жылдары жоспарға сай өркендеуде. 21 жыл ішінде оның ішкі өңір­лік өнімі (ІӨӨ) 5,5 есеге ұлғайған. Бұған құры­лыс, инвестиция тар­ту және бизнесті дамыту сеп­тігін тигізді. Елор­да экономикасына 9 трил­лион теңгеден астам инвестициялық қаржы құйыл­ған. Қала инфрақұрылымы белсенді өрістеуде. Тұр­ғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар, жол­дар салу бағыттары ары қарай ілгерілеуге тиіс.

Бас қала халықаралық деңгейдегі ірі шаралар ұйым­дастырылатын алаң ретіндегі рөлін де сақ­тайды.

– Біз қаланы бұл бағытта да дамыта беретін бо­ла­мыз. Көп нәрсе істелді. Бірақ жеткенге тоқ­мейілсіп, тоқтап қалмаймыз. Біздің басты мақ­сат – елорданы барлық бағыттарда сапалы да­мыту. Нұр-Сұлтан басқа қалалар үшін үлгі-өне­геге айналуы тиіс. Астаналықтардың өмір дең­гейін көтеру үшін қажеттінің бәрін жасау қа­жет, – деді Мемлекет басшысы.

Әзірге елордада шешімін таппаған мәселелер бас­тан асады.


СЫМБАТТЫ СТИЛЬ ҚАЙДА КЕТТІ? 

Мысалы, бас қаланың бірың­ғай архитектурасына қатысты түйт­кілдер түйіні тарқатылмаған. Алысқа бармай-ақ, ақшаңқай Ақорда, еңселі Парламент пен Үкімет үйі айналасында алтын түстен бастап, сұр және қою қара түске дейінгі алабажақ стильдегі ғимараттар жыпырлай орналас­қан. Оларды енді ешкім бұзып тас­тай алмайды, қасбетін түп­кілік­ті өзгертпесе, солай ондаған жыл тұра бермек.

Мәселе жаңадан бой көтеретін нысандарға қатысты болып отыр. Оның үстіне астана Ақмола облы­сынан алынған жаңа жерлерді игеруге де кіріспек. Осы орайда, ел Президенті Нұр-Сұлтан қала­сының көшелері мен ғимаратта­рының бірыңғай дизайнын әзір­леу жөнінде тапсырма берді. Әйт­песе, оның байламынша, бі­ра­зында еш үйлесім жоқ.

– Кейбір көшелер мен ғима­раттардың безендірілуі бірыңғай үйлесімді стильден жұрдай. Сіз­дер туристердің және елордамыз­ды көру үшін арнайы сапарлайтын өзге де адамдардың пікірлері жа­йында естіп жатқан шығарсыз­дар. Жалпы алғанда, пікірлер оң сипатта. Сонымен бірге олар қаламыздың эклектикаға ұрын­ғанын, яғни онда өзара еш қа­быспайтын элементтер мен көрі­ністердің бейберекет бірікті­ріл­генін атап өтеді. Бір ғимарат дара стильде тұрғызылған, басқа ғи­марат өзгеше сипатта салынған. Ең жаманы, елордамыз ұядай жан­ға жылулық сыйламайды. Заң­ғар ғимараттардан, ту биік­­тен желді күні қыштақталар жауады, жердегі асфальт шұрық-тесік, жайқалған жасыл желек аз. Тіпті бұл қалаға күтім жасалып жатқаны байқалмайды! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

ҚАЛАНЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ КІМ?

Оның пайымдауынша, қалада қожайын жоқ.

– Сіздер аса көркем, тамаша таныстырылым жасау ісін меңге­ріп алғансыздар. Суреттегі ны­сандарды лазерлік көрсеткішпен түртесіздер. Мынаны былай жа­саймыз, ананы алай қыламыз дейсіздер. Бүгін «Астанабасжос­парда» болғанда, бұған біраз қа­нықтық. Әрине, стратегия, қала келешегіне көзқарас деген керек. Бірақ қалаға деген, сәйкесінше ондағы тұрғындарға деген күн сайынғы қамқорлық жайын да ұмытпауға тиіспіз. Бұл қамқорлық әр қадам басқан сайын көзге кө­рі­ніп тұруы қажет! Қала әдемі бол­­ғаны, көркемделгені жөн. Бұл ту­ралы Елбасы әлденеше рет ес­кертті, – деді Мемлекет басшысы.

Оның пайымдауынша, елор­дадағы ғимараттар суретте немесе алыстан қарағанда жап-жақсы көрінеді. Алайда жақын таяп ­кел­генде, «олардың күйреуге бет ал­ғаны, тоза бастағаны бетке ұрып тұр».

– Міне, сондықтан да қожа­йын болуы керек. Бірінші кезекте, бұл рольді аудан әкімдері атқа­рулары шарт. Олар көлік ішінде көз жұма жүйткімей, жаяу ара­лауға тиісті. Кабинеттерінде ер­телі-кеш отыра бермей, тұрғын­дармен тілдесіп, танысып, олар­дың өмірін, әрбір ғимараттың жағдайын білуге міндетті. Каби­неттерде таң азанда не кешкілік уақытта отырып, құжаттармен айналысуға болады. Ал басты жұмыс қала ішінде, халық ара­сында жүруі қажет. Әзірге қалаға қожайынға лайық күтім жасамай отырғандарыңызды өздеріңіз де түсінетін шығарсыздар? Мен қала көшелері мен ғимараттарын бе­зендіру үшін бірыңғай дизайн код әзірлеуді жүктеймін. Бұл – менің әкімдікке қатаң тапсырмам! – деді Қ.Тоқаев.

 

ШЫБЫН-ШІРКЕЙГЕ – 400 МЛН

1998 жылы астана мәртебесі Алматыдан Ақмолаға көшкенде, шенеуніктер әзіл-шыны аралас әңгіме арасында бірін-бірі адам бойындағы бар қанды сорып тастайтын алып сары масалармен қорқытқан. Сорақысы сол, бұл «анекдот» сол бұрынғыдай өзекті. Нұр-Сұлтан қаласындағы қо­нақүйлерге тоқтайтын туристер, Есіл жағалауын бойлай жүгіріп шынығатын спортшылар мен қарапайым адамдар сары маса талап тастайтынына шағым­да­нады. Ду-ду қышыған денені тыр-тыр қасумен әлек болған адам қала көркіне сүйсінуге мұршасы болмайтыны анық.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әкімдіктің шыбын-шіркеймен күресіне көңілтолмастық білдірді. Оның мәліметінше, оларды жою­ға бөлінген 395 миллион теңге небәрі 65 пайызға ғана игеріліпті.

– Бүкіл жаз бойы маса бұлты тұрғындар мен қала қонақтарын аяусыз талап, қолайсыздық кел­тіреді. Президенттің бұл тақы­рып­­ты көтеруінің өзі, шы­нын айт­қанда, біртүрлі ыңғайсыз. Са­ры масалар кеше ғана ұшып кел­ген жоқ қой? Оларды жою жос­­­парлы жұмыс болуға тиіс. Бірақ жұмыс дер кезінде жүргі­зілмеген, тиісті үйлестіру болма­ған. Онымен күрес тәсілдері бұ­рын­нан белгілі. Ендеше, неге жағ­дайдың жыл сайын қайталана беретіні, неге қайта-қайта соған жол берілетіні маған беймәлім! – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қаладағы басқарушылар деңгейі мен бі­ліктілігін осыған қарап-ақ баға­лауға болатынын меңзеді.

Президент бас қаланы өркен­дету бойынша басқа да бірқатар нақты тапсырма берді. Ол соңғы 10 жылда елордаға келген ин­вес­тиция көлемінің аза­йып кет­ке­ніне тоқталды. Мем­лекет бас­шы­сы қала әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандан­ды­рып, жуық арада нақты нәтиже­лерге қол жеткізуді тапсырды.

 


АЛДАҒАН КІМ, АРБАҒАН КІМ?

Қ.Тоқаев өзекті мәселелер қатарында баспананы қолда­ныс­қа беру ісі мен құрылыс жұмыс­тарының бәсеңдеуін атады.

– Үлескерлік құрылыс мәсе­лесі тез арада шешуді талап етеді. Қалада 49 проблемалық нысан қалуда. Ондағы құрылыстың аяқталуын 13,5 мың үлескер та­ғат­сыздана күтіп отыр. Бұл мә­селені шешуге 2018-2019 жылда­ры 40 миллиард теңге бөлінген. Дегенмен небәрі 4,5 миллиарды ғана игеріліпті. Соған қарамастан, әкімдік қосымша 170 миллиард теңге бөлуді сұрап отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Ол үлескерлерді алдаған алаяқ­тар жайын тілге тиек ете кетті.

– Алаяқтар құрылысшылар ара­сында да қанат жайды. Адам­дар осы мәселе бойынша Бас про­куратураға, ІІМ-ге жүгінген. Атал­ған проблемамен нақты ай­на­лы­суы керек. Алаяқтар түрмеде оты­руға тиіс. Себебі олар өз әре­кет­терімен азаматта­ры­мыз­дың тұғыр­лы құқықтарын аяққа таптайды. Азаматтарымызды алдайды, далада қалдырады. Бұл жағдайда мем­ле­кет сырт қалмауы, араласуы тиіс. Қимылдаңыздар және баянда­ңыз­дар! – деп тапсырды Президент.

Ол сондай-ақ қаладағы азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларының қымбаттығына назар аударды. Оның ойынша, бағаның қымбаттығы – инфрақұ­рылым мен азық-түлік белдеуінің нашарлығы, сауда орындарының жетіспеушілігінің айғағы.


АТЫШУЛЫ LRT  ЖӘНЕ ТРАНСПОРТ

Президент Қ.Тоқаев елордада жаяу жүргіншілерге арналған ин­фрақұрылымды дамытуға ерек­ше көңіл бөлу керегін атап өтті:

– Қаланың көптеген аудан­­да­рында жабдықталған тротуар­лар мен жүргіншілер өтпесі жоқ. Салдарынан, жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қатер төнеді. Біз көлікпен жүреміз, ал адамдар жолдан өте алмайды. Олар кез келген жерден кесіп өтіп, жол жүрісі ережелерін бұзуға мәжбүр, әрі өзі мен жүргізуші үшін қауіп тудырады. Өр­кениетті қалаларда барлық жер­лерде өтпелер жасалады. Жүргі­зу­шілер мен автокөліктер үшін жағ­дай жасадық, әйтсе де, аза­маттарымыздың қажеттіліктерін ұмытып, тиісті жағдайлар түзбе­дік. Біз адамдарды жолды бел­гі­ленбеген жерден жүгіріп өтуге өзіміз итермелейміз. Осыған қа­жетті жобалармен айналы­сы­ңыз­дар, көпірлер, өтпелер тұрғы­зы­ңыз­дар! – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, Нұр-Сұлтан – «төрт құбыласы тең қала» қағидатымен дамуы қажет. Негізгі міндет – жол салу және жөндеу, орталық коммуни­кацияларды тарту, шеткі көшелер мен «Мичурино», «Интер­на­цио­нальный», «Күйгенжар» елді мекендерін жарықтандыру.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қала тұрғындарының қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін де айналып өтпеді. Бұл тұрғыда ол жеңіл рельсті көлік (LRT) құры­лысын сынға алды.

– Үкімет пен әкімдікке LRT құрылысын қайта бастау және бірінші кезеңінің аяқталу мер­зімін нақты белгілеуді, сонымен қатар екінші кезеңнің кестесі мен жүзеге асыру тетіктерін ай­қындауды тапсырамын, – деген Президент LRT бойынша істі тер­геуді жандандыру және әкім­діктің соған айыпты шенеунік­терін де жазалау қажетін нұсқады.

Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сы Үкімет пен әкімдікке көше­лердегі көлік кептелісін азайту мақсатында қаланың интеллек­туалдық көлік жүйесінің тиімді­лігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев Сарайшық және Сарыарқа көше­леріндегі кептелісті азайту үшін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына дейін жаңа көпір салуды ұсынды.

Қ.Тоқаев бас қаланың қар­қынды дамуы үшін тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көкейкесті екенін еске салды.

– Жыл басынан бері балалар­дың терезеден, балконнан құла­уының 14 тосын жағдайы тіркелді. Құрылыс нормаларында қауіп­сіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын, – деді ел Президенті.

Мемлекет басшысы қаланың бірқатар проблемаларына тоқта­лып, оларды шешу жөнінде нақты тапсырма берді.