Беларусьтегі президент сайлауының өткеніне де екі айға жуық уақыт болды. Ресми билік салған беттен А.Лукашенконы жеңімпаз деп танығанымен, оппозиция атынан сайлауға түскен Светлана Тихановская дауыс санау кезінде биліктің тізеге басқанын алға тартқан. Сөйтіп, оның жақтастары сайлауда жеңіске жеткенін жариялаған еді. Әрі жалпыхалықтық наразылық акциясын бастаған. Содан бері Беларусьте наразылық тоқтаған жоқ. Ал елдің орталық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижесін жариялап, халықтың басым көпшілігі А.Лукашенконы қолдағанын мәлімедеген. Тіпті, А.Лукашенко инаугурация да өткізді. Бірақ оны ресми түрде президент ретінде танығандар қатары аз. Батыс жұрты оның сайлауда жеңіске жеткенін мойындамай отыр. Енді оған санкциялар қосылды.
Беларусь шенділерінің шоттары бұғатталады
Беларусь президенті А.Лукашенко мен командасына салынған санкциялар көшін Ұлыбритания мен Канада бастады. Ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, санкцияға ілінгендер қатарында ел президенті мен баласынан бөлек президент әкімшілігінің жетекшісі И.Сергеенко, Ішкі істер министрі Ю.Караев, оның орынбасарлары А.Барсуков пен Ю.Назаренко, Ішкі әскер қолбасшысының орынбасары Х.Атабеков, Минск ОМОН-ының командирі Д.Балаба бар екен. Санкция бұл тұлғалардың Ұлыбритания мен Канадаға баруына тыйым салу мен активтерін бұғаттауды қамтиды. Ал Еуропа одағы персоналды санкция мәселесінде пәтуаға келе алмаған еді. Оған Кипрдің Түркияға қарсы санкция салу туралы ұсыныс айтып, қасарысып отырып алғаны себеп болған. Дегенмен ерте ме, кеш пе, Еуропа елдері де Лукашенкоға қарсы санкция салуға келісуі мүмкін. Әрине, бұл санкциялар Беларусь президентіне салынғанымен, елдегі кәсіпорындарға қатысы жоқ. Біздің пайымдауымызша, батыс елдері кәсіпорындарға санкция салмауы мүмкін. Өйткені Беларусьтің ірі кәсіпорындары жұмысшыларының көбі наразылық шеруіне қатысып жатыр. Атап айтқанда, МТЗ, МАЗ, МЗКТ, ГродноАзот, БелКалий, Нафтан, Коммунмаш, МЭТЗ, Беларусьнефть тәрізді кәсіпорындарда ереуілшілдер комитеттері құрылған. Яғни, Светлана Тихановскаяны жақтаушылар бұл кәсіпорындарда аз емес. Егер кәсіпорындарға санкция салынар болса, ереуілшілердің батыс жұртынан көңілі қалуы мүмкін. Бірақ еуропалықтар Беларусь президентін қызметтен кетірмей қоймайтын тәрізді. Лукашенко неғұрлым көбірек қасарысса, санкциялар да соғұрлым ауырлай түсуі ғажап емес. Ал А.Лукашенконың санкцияларға қаншалықты төтеп бере алары белгісіз.Еуропаның танығаны басқа
Беларусьтегі сайлау нәтижелерін Еуропа әу бастан-ақ мойындамағанымен, Тихановскаяны президент ретінде тану қыркүйекте басталды. Тіпті, соңғы кездері бірқатар елдің басшылары онымен кездесу жасап та үлгерді. Айталық, Вильнюсте Франция президенті Эммануэл Макрон Светлана Тихановскаямен кездесті. Француз басшысы Беларусьтегі жағдайды реттеуге атсалысуға даяр екенін мәлімдеді. Біздің пайымдауымызша, Макрон Тихановскаяны президент деп тану ісінде Еуропа елдеріне кәдімгідей ықпал етіп отырған сияқты. Ол біраз бұрын Le Journal du Dimanche газетіне берген сұхбатында Лукашенкоға қатысты көзқарасын ашық білдірген. «Бұл – демократия логикасын қабылдай алмайтын және қара күшке сүйеніп, орнында қалғысы келген биліктің, авторитарлық биліктің дағдарысы. Лукашенко орнынан кетуі тиіс» деген еді Макрон. Кейін Германия канцлері Ангела Меркель де С.Тихановскаямен кездесуге даяр екенін мәлімдеді. Сөйтіп, Еуропаның ірі елдері Лукашенконы барынша тықсырып барады. Оған әу бастан-ақ Тихановскаяны қолдаған Польша, Литва, Латвия, Эстония тәрізді Шығыс Еуропа мен Балтық бойындағы мемлекетті қосыңыз. Оның үстіне, Еуропа одағының кеше басталған кезектен тыс саммитінде Беларусь мәселесі де қаралып жатыр.Екі лагерьге бөлінудің басы болмаса игі
Беларусьтегі жағдай әлемдік саясатта кәдімгідей топ-топқа бөлінуі көрінісінің айқын байқала бастағанын көрсетті. А.Лукашенконы президент ретінде мойындаған мемлекеттер әу бастан ым-жымы бір елдер. Көп жағдайда бұл мемлекеттер батыстың саясатына келіспейтінін байқатады. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Қырғыз Республикасы, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан, Сирия, Никарагуа, Венесуэла, Вьетнам, Түрікменстан қатарлы мемлекеттер Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтаған еді. Бірақ осы топтың өзінде өзара қырғиқабақ болып отырған елдер бар. Әзербайжан мен Армения, Түркия мен Сирия біраздан бері «жараспай» жүр. Әрі жаһандық саясатта Азия-Оңтүстік Америка тобы мен Еуропа-Америка, Океания тобы қалыптасқандай көрінеді. Өйткені Беларусьтегі сайлау нәтижесіне келіспейтін топта Еуропа елдерінің басым көпшілігі, АҚШ пен Канада бар. ХХ ғасырда әлемдік саясат идеологиялық тұрғыдан екі лагерьге бөлінсе, енді континенталды бөлініске ұқсайды. Бірақ Беларусьтің Батыс Азия мен Солтүстік Африка елдерінен бір артықшылығы бар. Ол – елдегі биліктің бейбіт жолмен алмасу мүмкіндігі. Біздің пайымдауымызша, қалай болғанда да Еуропа елдері өздерімен іргелес отырған елде қантөгіске жол бере қоймайды. Ал Ливия, Сирия, Тунис, Мысыр тәрізді елде адам құны «көк тиын» болып қан төгілген еді. 10 жыл бұрынғы дүрбелеңнің зардабын аталған елдер әлі тартып келеді.Амангелді ҚҰРМЕТ