Нобель – әлемдегі ең беделді сыйлықтың бірі. Жыл сайын күзде Норвегия мен Швецияға әлем назары ауады. 6-13 қазан аралығында Стокгольм мен Ослода аталған сыйлықтың лауреаттары белгілі болады. Биыл шымылдықты медицина саласы ашты.
Америкалық ғалымдар Уильям Кэйлин, Грег Семенца және британиялық сэр Питер Рэдклифф медицина саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Олардың зерттеу тақырыбы – адам жасушасының ауа тапшылығына бейімделуі. Ғалымдардың жүргізген зерттеуі онкологиялық ауруларды емдеуге көмектеседі.
Онколог Уильям Кэйлин Джон Хопкинс атындағы университетте, Питер Рэдклифф Оксфордта, Грег Семенца Гарвардта жұмыс істейді. Нобельдің биылғы қаржылай жүлдесі – 9 миллион швед кроны. Жүлдеден түскен қаржы лауреаттарға тең бөлінеді.
Швеция астанасы Стокгольмде Нобель сыйлығын тапсыру медицина саласынан басталады. Осы аптада химия мен физика саласы бойынша Нобель иегері анықталады. 10 қазан күні әдебиет саласы бойынша жеңімпаздар белгілі болады. Биыл әдебиет бойынша сыйлық екі адамға табысталады. Сондай-ақ 11 қазанда бейбітшілік аталымы, 14 қазанда экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары жарияланады.
Стокгольмдегі Каролин институты медицина саласы бойынша, Швед академиясы әдебиет саласы бойынша, Швецияның ғылым академиясы физика, химия және экономика саласындағы Нобель лауреаттарын анықтайды. Ал жүлдені Осло қаласындағы Нобель комитеті табыстайды.
Бұдан бөлек, марапаттау салтанаты бар. Сыйлық табыстау рәсімі, Нобель кеші мен концерті айрықша дәстүрге негізделген. Сән-салтанатты ұнататындар кеш барысын жіті қадағалайды. Лауреаттар дүниенің түкпір-түкпірінен айтулы жүлдені алуға келеді. Бірақ 1901 жылдан бері берілетін құнды сыйлыққа Қазақстан мен Орта Азияның қолы жеткен жоқ.
Айбике ЖАНАСЫЛ