Елордада бір күнде үш бала терезеден құлап кетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сағат 11.32-де Байқоңыр ауданы Күлтөбе бұрылысындағы бес қабатты үйдің үшінші қабатының терезесінен үйде қараусыз қалған бала құлап кетті. 2017 жылы туған бала қазір ауруханада ауыр хәлде жатыр. Сондай-ақ, сағат 12.39-да Сарыарқа ауданы Жеңіс көшесіндегі үйдің төртінші қабатындағы терезесінен 2015 жылы туған бала құлап, ауруханаға жеткізілді. Оның да жағдайы ауыр»,– деп хабарлады комитеттен.
Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі сағат 16.01-де Алматы ауданы Мүсірепов көшесінде бесінші қабаттың терезесінен үйде қараусыз қалған қыз бала құлап кеткенін хабарлады. 6 жасар қыз бала ауруханада ауыр халде жатыр.
Төтенше жағдайлар комитеті мұндай қауіпті жағдайлар балалардың қараусыз қалуы салдарынан орын алатынын айтады. Комитет ата-аналарды балаларын үйде жалғыз қалдырмауға шақырып отыр.