Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Кездесуде жұмыспен қамту, жатақханалардағы орындардың болмауы және тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. мәселелер талқыланды.
– Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар, бейнебайланыс арқылы хабарласқан тұрғындардың көпшілігі жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамту, спорттық нысандардың аздығы және т.б. әлеуметтік мәселелер бойынша көмекке жүгінді. Біраз мәселенің шешімі сол жерде табылды. Қалған сұрақтардың шешімін жақын арада табатын боламыз. Биылдың өзінде республикалық қоғамдық қабылдауға 140 мыңнан астам азаматтан хат келіп түсті. Оның 40%-ы оң шешімін тапса, 56%-ы түсіндіру және бағыт беруді қамтып отыр. Бұл дегеніміз біздің партия халықтық партия екенін және партияға деген ел сенімінің жоғары екенін көрсетеді, – дейді Дәулет Кәрібек.
Қоғамдық қабылдауға елорда тұрғындарынан бөлек, бейнебайланыс арқылы өзге өңір азаматтары да байланысқа шығып, сауалдарын жолдады. Қабылдауға келген 11 баланың анасы Зейнеш Алжымбаева балаларын түрлі үйірмелерге беріп, шамасы келгенше, спорт пен өнерге баулып жүргенін айтты. 9-сыныпты бітірген ұлы қазақ күресімен кәсіби түрде айналысады екен. Әңгіме барысында көпбалалы ана баласының аспаздық өнерге де қызығушылығы барын тілге тиек етті.
– Күреске барып жүрген ұлым осы қалпынан таймаса, келешекте чемпион болады деп үміттенемін. Оның бойынан бір емес бірнеше қабілеттің барын байқадым. Тамақты жақсы әзірлейтін ұлымды мүмкіндік болса, аспаз курсына бергім келеді. Соған сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір көмек бола ма деген үмітпен келіп отырмын, – деді Зейнеш Алжымбаева.
Өз кезегінде Дәулет Кәрібек бұл мәселе бойынша көпбалалы анаға жасотандықтардың жәрдемдесетінін жеткізді.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша көмекке жүгінген Петропавл қаласының тұрғыны, балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Мадина Нұрсейітова 10 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, жалдамалы пәтер жалдаудан шаршағанын айтты.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, тұрғын үй кезегінде 300 мыңға жуық адам кезекте тұрғанын тілге тиек етіп, тұрғын үй кезегінің неге ұзаққа созылып жатқанын анықтап беруге уәде берді.
Орал қаласының студенті Ұлбала Тоғызбай Жастар жылында жастарға жеңілдіктер берілу керегін, әсіресе, қоғамдық көліктерде олар тегін жүрсе, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері тезірек шешімін тапса деген тілегін жеткізді. Дәулет Кәрібек Jas Otan бұл мәселені шешу жолын қарастырып отырғанын атап өтті.
– Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанда 75 мың орынды студенттік жатақханалар салуды тапсырған болатын. Қазіргі кезде осы мақсатта жұмыстар атқарылуда. Дегенмен жатақхана мәселесі әлі де толықтай шешімін тапқан жоқ. Мәселен, Еуразия ұлттық университетінде 3 мың студент жатақханаға мұқтаж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы 7 мың студент жатақханадан орын ала алмады. Біз университеттердің басшылығымен бірлесіп, құрылысқа кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді Jas Otan Жастар қанатының төрағасы.
Кездесу соңында қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтардың өтініштері толықтай қаралып, мүмкіндігіне қарай шешімін табатыны айтылды. Тұрғындардың мәселелері бойынша, жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жіті қадағаланады.