Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев халықпен кері байланысты жүйелі жолға қойып, әр өтінішті назардан тыс қалдырмай, дер кезінде әрекет етуді тапсырды. Осыған орай, қазіргі кезде партияның Ақтөбе облыстық филиалы қоғамдық қабылдау жұмысын одан сайын жандандыра түсті.
Әрбір келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеліп, толығымен шешімін тапқанға дейін қатаң бақылауға алынады. Соның арқасында бүгінде партия филиалындағы оң шешілген мәселелер саны да, партияға ризашылығын білдірушілер қатары да арта түсті.
Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Боранқұлдың айтуынша, облыс тұрғындарын үш мәселе көбірек толғандырады екен. Қоғамдық қабылдауға өтініш білдіргендердің 30 пайызы әлеуметтік мәселе (жәрдемақы, қайырымдылық және материалдық көмек), 18,5 пайызы тұрғын үй мен жер бөлу, 13,1 пайызы жұмыспен қамту мәселесі бойынша көмек сұраған. Жыл басынан бері партияның Ақтөбе облысындағы филиалдарына өтініш білдірген 2 345 тұрғынның мәселесінің 46 пайызы оң шешімін тапқан.
Мәселен, Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданында 18 жылдан бері баспанасыз жүрген мүмкіндігі шектеулі азамат Нұрлыбек Бекенеев партиялықтар көмегімен баспаналы болды. Ол көктемде партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Азамат Нұрғалиевтың қабылдауында болып, 1-топ мүгедегі болғандықтан жұмыс істеуге жағдайы келмейтінін, ал жолдасы бала күтімімен үйде отырғанын айтқан. Сол сәттен бастап партиялықтар көпбалалы отбасыға көмек көрсету жолдарын іздестіре бастайды.
Осы кезде мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған Шұбарқұдықтың 1989 жылғы түлектерінің басы қосылған болатын. Түлектердің бірі Азамат Нұрғалиев көпбалалы отбасына асарлатып көмек көрсету туралы ұсынысын сыныптастарына айтады. Олар жәрдем беруге бірауыздан келіскен.
– Бірнеше жылдан бері баспанасыз жүрдім. Көрінгеннің үйін жалдап келдік. Аллаға мың шүкір, өмірде жүрегі кең, мейірімді, қайырымды жандар бар екен. Бұл бізге Алланың жіберген үлкен сыйы болды. Партиялықтарға, Шұбарқұдық мектебінің 1989 жылғы түлектеріне ризамыз, – дейді Алтынай Бекенова.
Партияның Ақтөбедегі филиалына мәселесін айтып келген көпбалалы аналардың бірі – Айсәуле Сатыбалдиева. Ол биыл партиялықтардың көмегімен балаларын мектепке әзірлеген.
– Он баламның алды колледжде оқиды, алтауы мектеп жасында. Былтыр «Мектепке жол» акциясы аясында партия филиалы қол ұшын созған болатын. Екі баламның киім-кешегіне қаражатым жетпей қалған соң биыл да партиялықтардың көмегіне жүгіндім. Дер кезінде көрсеткен көмектеріне ризамын, – деп ағынан жарылды көпбалалы ана.
Мәселесі шешілгеніне ризашылығын білдіргендер саны мұнымен шектелмейді. Мәселен, ең шалғай аудан – Шалқардың тұрғыны алғысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіпті.
– Тамыз айында тұрғын үйіме ауызсу құбырын тарту және өзімді жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша Nur Otan партиясына Facebook әлеуметтік желісі арқылы өтініш қалдырдым. Өтінішім назарға алынып, үйіме ауызсу құбыры 50 пайыз жеңілдікпен кіргізілді және қоғамдық жұмысқа орналасуыма ықпал жасады. Осы мәселенің оң шешілуін өз бақылауына алған Nur Otan партиясы Шалқар аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Қаниевқа және партияның аудандық филиалы ұжымына үлкен алғыс білдіремін, – деген тілегін жеткізді Динара Боранбай.
Айтуынша, ол қазіргі тұрып жатқан үйіне осыдан 7 жыл бұрын анасымен бірге көшіп келген. Анасы зейнеткер, ал өзінің көзі нашар көретін болған соң үйінен қашықта орналасқан колонкадан су тасу қиындық туғызған. Сондықтан үйіне ауызсу құбырларын тартуға және жұмыс мәселесі бойынша әлеуметтік желі арқылы партиядан көмек сұрайды. Кейін партияның Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Динараны жеке қабылдап, су мәселесі бойынша «Ұлы Борсық» КММ-імен хабарласады. Сөйтіп, екінші қабатта орналасқан пәтеріне су құбырлары 50 пайыз жеңілдікпен жүргізіліп, ол ақылы қоғамдық жұмысқа орналасады.
Партиялықтар жаңадан салынып жатқан «Бауырластар-1», «Жаңақоныс-2» тұрғын үй алабы тұрғындарының да ауызсу мәселесін шешіп берді. Нақтырақ айтқанда, су құбырлары тартылып біткенше көшелерге «Ақбұлақ» АҚ көмегімен су колонкалары орнатылды. Өтінішін көшпелі қоғамдық қабылдауда білдірген тұрғындарға партия филиалына келудің қажеті де болмапты. «Жаңақоныс-2» тұрғын үй алабының тұрғыны Айгүл Сатбаева енді үйінің дәл іргесінен су алып, ауызсу қиындығы артта қалғанына қуанды.
Айта кетейік, Елбасы – Nur Otan партиясы Төрағасының бастамасымен қолға алынған «Халыққа көмек» жобасы арқылы Nur Оtan партиясы бүгінгі таңда қазақстандықтардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Боранқұл сөз соңында аталған жоба аясында мемлекеттік орган өкілдерінің, фракция мүшелерінің және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен осы кезге дейін 59 қабылдау өткізіп, оған жалпы саны 521 тұрғын қамтылғанын айтты.