Өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының негізгі басымдықтарына кіреді. Көмірсутек қоры бойынша әлемдегі ең ірі кен орнын игеретін консорциум өнімді бөлу жөніндегі негізгі келісіммен бекітілген өз міндеттемелерін бұлжытпай орындап жүр.
ҚПО 1998 жылдан бері Орал маңын әлеуметтік дамытуға елеулі үлес қосуда. Содан бері өңірдің тарихы әлемдік стандарттар деңгейінде орындалған нысандар құрылысымен тығыз байланысты. Нені, қайда және қашан салу облыс басшылығымен және жоба акционерлерімен бірлесіп шешіледі. Бұл сұраныстағы және өзекті жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Яғни, шын мәнінде, сұраныс бар жерде – ұсыныс бар.
«Орал» халықаралық әуежайы ғимаратын қайта салу дәл осындай құрылысқа жатады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған әуежайдың барлық өлшемі ескірген. Оның үстіне, 2014-2015 жылдары ұшу-қону жолағы қайта салынған болатын. Жаңа бетон төсем төселді және барлық типтегі заманауи ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік беретін жұмыстар жүргізілді. Осылайша, әуежай терминалын қайта салу кешенді жобаны іске асырудың жалғасы. Қажетті қаржыны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бөлді. Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Нұркен Хайруллин атап өткендей, қазір демонтаж жұмыстары жүруде. Аэровокзал бұрынғыдан ұзындау және енділеу болмақ. Жертөле қабатында жаңа жинақтаушылар, Оралға қайтып келгенше қалдырып кетуге болатын күзетілетін автотұрақ салынатын болады. Аббаттандыру жоспары бойынша саябақ пен жаяу жүру аумағын салу жобалануда. Яғни, бәрі жолаушылар және оларды шығарып салушылар мен қарсы алушыларға да қолайлы әрі жайлы болу үшін көзделіп отыр.
Еліміздің батыс қақпасы болған облыс орталығының көліктік-логистикалық орналасуы тап осындай тәсіл мен көзқарасты талап етеді. Осыған орай, жолдарды қайта құрастыру бағдарламасы қалыптастырылды. Небәрі бірнеше жыл бұрын Орал маңын еліміздегі жолдары ең нашар аймақ деп атайтын. Содан бері жағдай едәуір жақсарып келеді. Жол тораптарын тәртіпке келтіруге кеткен шығын орасан зор. Сондықтан қанат жайған ауқымды жұмыстарды атқаруға Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны инвесторларының атсалысуы аса бағалы. Бүгінде Оралдағы көпір өткелін қайта құрастыру – ең ірі инвестжобалардың бірі, тапсырыс берушісі ҚПО. Ондағы жұмыстар күрделі жөндеу аяқтала салысымен, яғни локомотивтік депо аумағындағы жаңа өтпежол құрылысы дереу басталып та кетті. Екеуі де Орал қаласы үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені «ескі» қала мен оның жаңа құрылыстары арасын бөліп тұрған теміржол тораптарының үстімен өтеді.
Қайта құрастыру кезеңінде автомобиль қозғалысы басқа бағдарға ауыстырылды. Яғни автомобилистер белгілі бір қиындықтарға тап болуда. Сондықтан әрине, сапалық көрсеткіштерін төмендетпестен жұмыс мерзімдері және оларды қысқартуға көпір салушылар баса назар аударып отыр. Бірінші өтпежол жобаланғаннан бір жарым жылға ертерек жөндеуден өтті. Қазіргі кезде, мердігер компания бас директорының орынбасары Төлеген Қарағойшиннің айтуынша, жұмыс кестесі жұмыстың аз ғана іркілісін, тоқтап қалуы немесе баяулауын толығымен болдырмайтын есеппен жасалды және осының есебінен жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға болады. Салынып жатқан көпірдегі екі жолақты қозғалыс, бұдан былай төрт жолақты болады. Екі жағынан қосымша жаяу жүру жолдары көзделген. Барлық демонтаж жұмыстары аяқталды, 10 қатар бағандар тұрғызылды. Өтпежолға кіреберіс жерлер салынуда және аралық бөренелерді монтаждау жүруде. Уақытылы құрылыс материалдары сатып алынды.
– Тапсырыс беруші тарапынан тұрақты бақылау жоба жоспарланған сәттен және құрылыс материалдарын сатып алғаннан басталады, – дейді бас директордың орынбасары. – Қауіпсіздік техникасы талаптарын, іске асыру сапасы мен мерзімдерін сақтау – ҚПО негізгі талаптарының бірі. Құрылыс алаңында компанияның тұрақты өкілі үнемі жүреді. Бұл кез келген сұрақтарды немесе туындаған мәселелерді уақытылы шешуге септігін тигізеді. Әрине, жоғары талаптар қызметкерлердің жоғары біліктілігін қажет етеді. Бұл екі жаққа да пайдалы үрдіс. Өйткені нағыз шеберлік алдағы жұмыстар үздіксіз жүретініне сенім артуға мүмкіндік береді. Бүкіл ұжым ҚПО әріптестікті және өзінің іскерлік беделін қатты бағалайды.
ҚПО әлеуметтік объектілер тізбесіндегі жол құрылысына басымдық беріледі. Тек облыс орталығында ғана емес, кезек шалғай жерлерге де жетті. Сонымен, қазіргі кезде Бәйтерек ауданы Белес ауылындағы автожол бөлігінде күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Жоба бойынша жолдың және іргелес қосылатын жолдардың негізгі қабаты, жабынын салу көзделген. Мердігер компания директоры Жанна Кенжинаның ойынша, Батыс Қазақстан облысының күрт құбылмалы климаты жағдайында жолдарға әсіресе, беріктіктің жоғары қоры керек. Бұл – тапсырыс берушінің негізгі талабы. Дегенмен мұнда да қауіпсіздік техникасының ережелері мен нормаларын сөзсіз сақтауды, жұмыс кестесін қатаң сақтауды қажет ететін әбден қолданылған стандартты тәсіл. Пайдаланушы ұйым теңгеріміне жол үш жылдан кейін, яғни кепілдік мерзім аяқталғаннан кейін беріледі.
Жол жөндеу жұмыстары облыс орталығының екі бөлігінде биыл да жалғасатын болады.
Құрылыс қарқыны қашанда экономика дамуының барометрі болған және болып қала бермек. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған жаңа алаң Оралдың қарқынды өсіп келе жатқан солтүстік-шығыс бөлігінің орталығына айналып келеді. Жеті гектардан астам жерді алып жатыр және архитектуралық бірлікте орындалған бірнеше бөліктен тұрады. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қаланың жаңа әкімшілік-мәдени орталығын салуға елеулі үлес қосты. Ауқымды және әбден пысықталған құрылыстың соңғы нотасы бір жарым мың адамға есептелген көпфункциялы мәдениет сарайын пайдалануға беру болмақ. Оның құрылысын да ҚПО қаржыландырып отыр. Алайда жұмыс енді басталғанымен, мердігер ұйым директоры Сергей Потиченко осындай орасан зор кешен бүкіл аймақтың мәдени деңгейін арттыруға септігін тигізеді деп сенеді. Өйткені оралдықтар алғаш рет шын мәніндегі жаппай көпшілікке арналған іс-шаралар мен конценттер өткізуге мүмкіндік алайын деп отыр. Көрермендер залынан басқа, мұнда көрме залы, мәжілістер залы орналасатын болады. Жоба бағандары мен капительдері классикалық стильде орындалған.
– Біздің компания аса мол тәжірибеге бай, – дейді Сергей Александрович. – ҚПО ең сыпайы, тәртіпті және ұқыпты тапсырыс берушілердің бірі деп айта аламын. Құрылысшыларға қоятын жоғары талаптары сапаның халықаралық стандарттарына қол жеткізуге міндеттейді. Апта сайын құрылыс алаңында ҚПО өкілдерінің төрағалығымен лездемелер өткізіледі. Мұнда астарлап айтқанда «уақытымызды салыстырамыз». Дәл осы ауданда ҚРО қаржыландыруымен тағы да екі нысан – салтанатты оқиғалар сарайы мен жастар мен оқушыларға арналған сарай салынды. Бұлар да күрделі жобалар еді, біз оны да табыспен аяқтадық. ҚПО 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, ары қарай да табысты әріптестікте болатынымызға сенім білдіремін.
Консорциумның әлеуметтік саясатында адам денсаулығы басты құндылық деп жарияланған. Сондықтан дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған жобалар да басымдық берілгендердің қатарында. Оралдықтар ҚПО тапсырысымен салынған мұз айдынымен, жабық теннис кортымен, қалпына келтірілген стадиондарымен мақтанады. Биыл шалғайдағы Жәнібек және Жанғала ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Жанғалдағы мердігер компанияның құрылыс жөніндегі директоры Жасұлан Мырзаболатовтың ойынша кешеннің жобасы дәл осы ауылды жерге өте қолайлы. Екі қабатты ғимараттың ішінде ойын, күрес және жеңіл атлетика спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық қажетті жабдықтар болады. Жаттығу залында барлық жастағы адамдар денсаулығын шынықтыра алады.
ҚПО талап етілген әлеуметтік жобалардың қатарына аймақтың денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіру жатады. Облыс ауруханалары мен емханалары салынуда, жөнделуде және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Мәселен, қазір Оралдағы облыстық клиникалық аурухана аумағындағы №7 емханада жөндеу жұмыстары жүруде.
– Мердігерлерді таңдауда жергілікті өндірушілерді қолдау принциптерін ұстанамыз және әлеуметтік жобалардағы жұмысқа тек қана қазақстандық компанияларды тартамыз, – деді ҚПО әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі менеджері Самат Сәрсенғалиев. – Олармен өзара түсіністік бағытта әріптестік қарым-қатынастарды дамытудамыз. Сапалы құрылыс материалдарын қолдануды қадағалаймыз. Сонымен бірге қазақстандық өнімдерге басымдық береміз. Атқарушы билік пен жергілікті халықпен әріптестік мәселелеріне баса назар аударылып отыр. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» бірнеше рет «Парыз» республикалық конкурс наградаларымен марапатталды. Бұл дегеніміз – консорциумның еңбегі мен аймақты тұрақты дамытудағы оның елеулі үлесін мойындау.
Серік ӘЛІМЖАН