«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Тимур Екеевтің айтуынша, «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында биыл аймақтағы кәсіпорындарға 960 жоба бойынша 250,7 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай қолдау көрсеткен. Кәсіпкерлер 540 жоба бойынша 22,8 млрд теңге сомасында несиелік кепілдеме алған. Сондай-ақ биыл жалпы несие сомасы 16 млрд теңге болатын 104 жобаға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай демеу жасалыпты. Несиелерді кепілдендіру бойыншы 81 жобаға қолдау көрсетілген, кепілдіктердің жалпы сомасы –1,5 млрд теңге. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту мүмкіндігі ұсынылған субсидиялау шарттары арқасында кәсіпорындарына өнім өндірісі мен қызмет көрсетуді жақсартуға мүмкіндік беретін жабдықтар мен ғимараттар сатып алған және айналым қаражаттарын толықтырған. Жалпы, Жетсу жеріндегі кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан кенде емес. 2010-2019 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында облыстағы кәсіпорындар 1 841 533 млн теңгеге өнім шығарып, 21 015 жұмыс орнын сақтап қалған және жаңадан 5 451 жұмыс орнын ашқан. Сондай-ақ жалпы 119 070 млн теңгенің салығын төлеген. Биылғы жылдың 30 шілдесінен бастап «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бірінші бағыты аясында сыйақы мөлшерлемесін портфельдік субсидиялау және банктердің кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша кепілдік беру түрінде қаржылай қолдау көрсетілуде. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары портфельдік субсидиялау және кредитке кепілдік беру туралы шешімді өздері қабылдайды, «Даму» қорының келісімі қажет емес. «Даму» қорының қолдауына ие болған компаниялар қатарында қазақстандық қазандықтар шығаратын ТeploStandart ЖШС зауыты бар. Аталған өндіріс орнының директоры Дмитрий Страхов кәсіпорынның 17 жылдан бері үйлер мен өндірістік ғимараттар үшін пештер мен қазандықтар шығарып келе жатқанын айтады. Қазіргі кезде Қазақстандағы 20 мың үй осы өндіріс орнында шығарылған қазандықтармен жылытылады. Сондай-ақ ұйымның құрастыру жұмыстары бойынша 18 жылдық тәжірибесі бар, осы уақытқа дейін 1,5 мың нысанда құрастыру жүргізген. Кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Мұнда шығарылған қазандықтар мен тағы да басқа жылыту жабдықтары еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Жылына мың дана қазандық шығарылады. Дайын өнімдерін саудалайтын дүкендері де бар. Зауыт биыл «Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламаларының шеңберінде жаңа құрал-жабдықтар сатып алу үшін мемлекеттік қолдауға ие болған. Екінші деңгейлі банктен компанияға 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 55 млн теңге сомасына несие берілген. Сондай-ақ «Даму» қоры кәсіпорынға 27,5 млн теңге сомасына несиеге кепілдендіруді ұсынған. Қосымша білім беретін «Толқын» жеке кәсіпкерлігінің жұмысы да көңілден шықты. Толқын Абуғалиева басшылық ететін қосымша білім беру саласы бойынша қызмет көрсетіп отырған жас компанияда балалар ментальды арифметика, жылдам оқу, ағылшын тілін меңгеру сынды бағыттар бойынша білім алады. Кәсіпкерге осы орталықты ашу үшін ғимарат қажет болып, 2018 жылы «Даму» қорының көмегіне жүгінген. Соның нәтижесіндее облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 16,2 млн теңге сомасына жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. «Даму» қоры ұйымға 8 млн теңге сомасына кепілдік ұсынған.
– Физика-математика мамандығы бойынша білім алдым. Қазір мұнда 5 адам қызмет етеді. Балаларға арналған бес кабинет бар. Карантин басталғанға дейін 160 бала оқыды, қазір біршама азайды. Ата-аналардың балаларын қосымша оқытуға деген құлшынысы өте жоғары. Сол себепті жұмысымызды одан әрі жандандырамыз деп үміттеніп отырмыз. Бизнесті дамыту үшін Үкімет тарапынан жасалып жатқан көмекке рақмет. Кәсіпкерлікті өрге сүйрейтін осындай игі істер жалғасын таба берсін, – дейді Толқын Сарқытбекқызы.Кафе-пиццерия «Сәттісі» ЖШС-іне қарасты ғимарат заманауи үлгімен жабдықталған, іші кең әрі жарық, жинақы да таза. Қызметкерлердің басым бөлігі – жастар. Аталған пиццериялар желісі қоғамдық тамақтану саласында 13 жылдан аса уақыт еңбек етіп келеді. Компания «Сала көшбасшысы – 2015», «KAZ FRANCH – 2014» марапаттарын иеленген. Серіктестік алғашқы кезде ғимаратқа мұқтаж болып, «Даму» қорына қолдау алу үшін жүгініп, облыстық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейлі банктен 7 пайыз жылдық мөлшерлемемен 87 млн теңге сомасына жеңілдікпен несие алыпты. «Даму» қоры 32,4 млн теңге сомасына кепілдік берген. Жеке кәсіпкер Динара Сағантайқызының Di Art Stuio атты сұлулық студиясы мен оқыту орталығының жұмысы да жақсы жағынан жұрт аузында жүр. Шағын ғимаратта қыз-келіншектердің бет-әлпеті сұлуландырылып, тырнақ, қолдары ретке келтіріледі, түрлі шаш үлгісі жасалып, тұтынушының талабына сай қиылады. Сонымен бірге жастарды үйрету ісі де жолға қойылған. Ол үшін қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Динара Сағантайқызының аталған кәсіп түрімен айналысқанына 17 жыл болыпты. Кәсіпкер келіншек «Даму» қорының ұсыныстарын қабылдай отырып, сұлулық салоны үшін ғимарат сатып алған. Сондай-ақ оны жөндеуден өткізіп, іс жүргізуге керекті құрылғылар орнатқан. Бұл жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тапқан. Екінші деңгейлі банктен 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен 9 млн теңге сомасына несие ресімдепті.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы