ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Дария аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасына қатысушылармен әңгімелесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Біржан Нұрымбетов 1 қаңтардан бастап Қазақстанда енгізу жоспарланып отырған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі тетіктері жайында айтып берді.
«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді ол.
Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленеді. АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70% тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін болады.
«АӘК төлеу тоқтатылған жағдайда да табысы аз отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік пакет, ал көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді», – деді Б.Нұрымбетов.