Ақтөбеде екі ірі кәсіпорын жұмысшыларына 44 миллион теңге берешек. Еңбеккерлер алдындағы қарыз бірнеше жылдан бері өтелмеген. Биыл мораторийге байланысты еңбек инспекторлары тексеруді азайтты. Алайда 900-ден астам адамның арыз-шағымы бойынша жұмыс берушілердің іс-әрекеті назардан тыс қалмады. Барлығы 159 нұсқама беріліп, 44 әкімшілік іс қозғалды. Жұмыс берушілерге 8 миллион теңге айыппұл салынды.
"Биыл өндірісте 45 жазатайым оқиға тіркелді. 9 айда 54 адам жараланып, 11-і көз жұмды. Барлық оқиға бойынша арнайы тексеру жүргізіліп, іс полицияға жіберілді. Қазіргі кезде 25 қылмыстық іс қозғалды", - деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев.Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбеде екі ірі өндіріс орнының 150-ден астам жұмысшысы жалақысын ала алмай жүр. Жалпы қарыз көлемі 44 миллион теңгеден асты. Оның бірі – «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС. Соңғы 2-3 жылда бұл мәселе шешімін таппай келеді. Екіншісі – «Аскаэкспоцентр» ЖШС. Берешегі - 15 миллион теңге. "
Аймақтық деңгейде тағы 5 кәсіпорын бақылауға алынды. Олар да жұмысшыларына қарыз. Ай сайын есеп жүргізіп отырамыз", - деді Саламат Аманбаев.