Ол Бостандық өңіріндегі бір топ зейнеткер «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалының көмегіне жүгінгенін баяндады. Олар екінші ай қатарынан зейнетақы төлеу кешеуілдеп келгенін айтқан. Осы мәселе бойынша зейнеткерлер Қазпоштаның 40-бөлімінің басшылығына шағымданғаны белгілі болды. Партия филиалының қызметкерлері мәселенің ақ-қарасын білу үшін тексеріс жүргізген. Зейнетақының жеткізілуінің кешігуі курьерлердің бірінің жұмыстан босатылуына байланысты болғаны анықталды. Сондай-ақ тексеру нәтижесінде және «Қазпошта» АҚ Алматы қалалық филиалы берген ақпарат бойынша, Қазпоштаның 40-бөлімінің басшылығына мұндай жағдай қайталанбауы керек екені ескертілген. Ал шағым иелеріне зейнетақы толық көлемде төленді. Сонымен қатар Назиля Раззак «Халыққа көмек» жобасы аясында Алакөл қаласының тұрғындары пандемияның екінші кезеңіне дайындыққа байланысты медициналық құрал-жабдықтарды алып беру жөнінде көмекке жүгінгенін жазды. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясының мүшесі, «Отау Құрмет» ЖШС директоры, кәсіпкер азамат Телеужан Тәкібаев аудандық ауруханаға 3 жасанды тыныс алу оттегі концентраторы мен 1 500 бетперде табыстаған. Сонымен қатар кәсіпкер бұған дейін аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін, оқушыларға арнайы 1 000 бетперде мен 10 планшет сыйға тартқан. Өз кезегінде Алакөл ауданының тұрғындары мен аудандық аурухананың басшысы А.Бутабаев көрсетілген көмек үшін партия филиалы мен кәсіпкер азаматтарға шынайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ жазбада «Nur Otan» партиясының елордалық филиалына қалалық медициналық көмек стансасының жас қызметкері Ж. есімді азаматша елорданың бюджеттік ұйымдарының қызметкерлеріне берілетін 1 000 000 теңге мөлшеріндегі тұрғын үй сертификатын алуға көмек көрсетуді сұрап өтініш білдіргені жазылған. Онда ҚМКС мемлекеттік органдардың өкілдері мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметкерлерінің қатысуымен көшпелі қабылдау өткен. Қабылдау барысында «7-20-25» ипотекалық несиелеу, «ҚТҚЖБ» АҚ депозиттері бойынша және бюджет қызметкерлері үшін тұрғын үй сертификатын алу шарттары түсіндірілді. Жиында аталған азаматшаның кандидатурасы ұсынылып, ол тұрғын үй сертификатын алушылар тізіміне енді. Өтініш беруші ҚМКС-да 2 жыл жұмыс істеген аралықта бастапқы жарнаны жинап, елорда әкімдігінен тұрғын үй сертификатын және «ҚТҚЖБ» АҚ-да ипотека ресімдеп, бір бөлмелі пәтер сатып алды. Партиялықтар денсаулық сақтау қызметкерлерімен бірге қуаныш иесін жаңа қоныстойымен құттықтады. Ал медицина қызметкері өз кезегінде осы мәселені шешуге көмектескені үшін партиялықтарға алғыс білдірді.
Келесі бір жазбада «Nur Otan» партиясының жанындағы «111» жедел қызметіне бір қыз бала хабарласып, дос қызымен хабар алмасып жатқанын және ол қыз бала суицид жасауға оқталғаны туралы жазылған. Хабарламаның мазмұны келесідей: «Егер мен өзіме бір нәрсе жасасам, оған ешкім де кінәлі емес, мен тек әкеме барғым келеді» деген. Қыз бала дос қызының мекенжайын берді. Өтініш бойынша ақпарат қалалық Полиция департаментіне жіберілді. Жедел қызметкер барлық отбасы мүшелерімен әңгімелесу жүргізілгенін айтты. 20 жастағы қыз бен анасының арасында келіспеушілік болғаны, соның нәтижесінде қыз бала ашуланып осындай хабарлама жазғаны анықталды. Жергілікті емхананың пациенттерді қолдау қызметі мамандарымен психологиялық көмек көрсету туралы келісім жасалды. Қыз балаға қажетті көмек пен қолдау көрсетілді, – деп жазды Назиля Раззак.
Әбілмансұр ЖАСАН