Биыл азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Кәсіпкерлер халық көп тұтынатын тауарлардың әлдеқайда жоғары бағамен жеткізілетінін алға тартады. Қымбатшылық салдарынан аз қамтылған отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері жәрдемақылары мен жалақыларына қосылған ақшаның тұрмысты жақсартуға әсері төмендегеніне, оң ықпалын сонша сезінбейтініне шағымданады.
Бұл мәселенің бар екенін билік те мойындайды. Инфляцияның артуына жол бермеуге жауапты құрылымдардың бірі – Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 2017 жылдың басынан бері ең жоғары шегіне жеткенін растады.
Сонымен бірге оның мәліметінше, елімізде инфляцияға ең көп үлесті дәл осы тамақ өнімдерінің бағасы қосып отыр. Оның еншісі кейінгі үш жылдағы ең жоғары көрсеткішке – 9,1%-ға жетті.
Бұл ретте үлкен қымбатшылық бұқара халық дәстүрлі түрде көп жеуге мәжбүр азық-түлік түрлерін жайлауда: ет үшін саудагерлер қазір былтырғыдан 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жармаға – 12,7%-ға көп ақша сұрайды. Бұлардың инфляцияға үлесі 1 пайызды құрапты. Қаржылық реттеушінің байламынша, үйдегі көңілді жаһандағы нарық бұзған: әлемде ет пен астық бағалары өскендіктен, отандық кәсіпкерлердің назары сол жаққа ауыпты.
Инфляцияның сипаты адам шошырлық болып кетуі мүмкін еді, алайда жағдайды ішінара азық-түліктік емес тауарлар және ақылы қызметтер құтқаруда. Олардың бағасының жылдық өсімі 5,4 пайыз болды. Бұл 2015 жылғы қарашадан бергі ең аз көрсеткіш. Бензин – 4,8 пайызға, қатты отын 3,5 пайызға арзандапты.
– Қаржылық нарықтағы ахуал тұрақты болып қалуда. Инфляция нысанаға алынған 4-6% дәлізінде қалыптасты. 2019 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция тамыздағы 5,5%-дан 5,3%-ға дейін баяулады, – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк 2019 жыл қорытындысында инфляция 5,7-5,8% деңгейінде болады деп болжайды.
Айтқандай, Ерболат Досаев инфляцияға тұтынушылық сұраныстың артуы мен бюджеттік шығыстардың өсуі серпін беріп отыр деп айыптайды. Инфляцияның мақсатты дәліз шегінен шығуын болдырмау үшін ҰБ 9 қыркүйекте базалық ставканы 9,25%-ға дейін көтерді. Салдарынан, елде мысалы, ипотека құны қымбаттады.
Қазақстанда тек баға ғана емес, сонымен қатар шетелдік валюта құны да басқа шауып, төске өрлеуде, бұл да бағаның өсуіне бір сылтау. Е.Досаевтың мәліметінше, қыркүйек айының басынан 11 қазанға дейінгі аралықта 1 АҚШ долларына шаққандағы ұлттық валютаның бағамы 385,27 теңгеден 390,12 теңгеге дейін құнсызданған. Сөйтіп, тарихи рекордты бағындырды. Жыл басынан бері теңге 1,4% «салмағын» жоғалтқан.
Бірнеше толқынмен жүретін Қазақстандағы қымбатшылықтың елді есеңгіретер келесі жойқын соққысы алдағы ірі мерекелер қарсаңында күтілуде. Сондықтан Үкімет жауапты министрліктер мен әкімдерге «4-тоқсанда тұтыну тауарларының бағаларын қатаң бақылауды» жүктеді.