Қарасайлықтар ауданның 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Аудандық мәдениет үйінде басталған салтанатты шараның шымылдығын ашқан облыс әкімі жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына Қарасай ауданының үлесі қомақты екеніне айрықша назар аударды.
Қарасайлықтар биылғы 9 айда 195,0 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарса, ауыл шаруашылығында 25 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 57,2 млрд теңге инвестиция тартыпты. Аудан экономикасының жақсаруына жергілікті жерден шыққан меценаттар мен кәсіпкерлердің ықпалы да ерекше екен. Соның нәтижесінде «Батыр бабалар» мемориалды кешені, денешынықтыру-сауықтыру кешені және тағы да басқа халыққа аса қажетті әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысан бой көтеріпті.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев өз кезегінде ауданның қалыптасу, даму тарихына тоқталды. Жеткен жетістіктер мен көтеріңкі көрсеткіштерді айта кетті. Салтанатты жиын барысында ауданның 3 тұрғынына «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сол сияқты «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында аудандағы 7 көпбалалы отбасының жаңа баспанаға ие болуы мереке мерейін асыра түсті.
Тойға арнайы келіп, тілектерін жеткізгісі келгендер қатарынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҰҒА академигі, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Жетісу» ӨК басқарма төрағасы Жанат Исағұлов өз ойларымен бөлісті.
Мерейтойға жиналғандар назарына ауданның 90 жылдығына арнап өткізілген шаралар жайындағы есепті бейнеролик ұсынылып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдары концерт қойды. Шалқар ауылы маңындағы «Нұрдәулет» атшабарында ат спорты түрлерінен ұлттық ойындар жарысы өтті.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы