Атыраудағы сәби өлімі біраз жайдың бетін ашты

Атыраудағы сәби өлімі біраз жайдың бетін ашты

Атыраудағы сәби өліміне қатысты жантүршігерлік деректер жария болып жатыр. Білдей бір облыстағы медициналық мекеме басшысының қылмыстық ісі тұтас қызметкердің абыройына дақ түсіруде. Оқиға оқырманға түсінікті болу үшін қолда бар мәліметке сүйене отырып, бәрін басынан бастайық.

Қазан айының 4-і күні Нұр-Сұлтан қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдул Атырау­дағы атышулы оқиға туралы арнайы брифингте баяндаған. Агенттік таратқан дерекке қарағанда, 29 қыркүйек күні Атыраудағы облыстық перинаталды орталықта дүниеге келген нәресте туралы «ешқандай тіршілік белгісі байқалмады», «өлі туылды» деп құжат рәсімделеді де, шетінеген шақалақты уақытша сақтап қоятын тоңазытқышқа салуға шешім қабылданады.

Сұмдық дәл осы жерден басталады. Сәбиді суық камераға сала бергенде оның аяғы қимылдап қалады. Сол күнгі кезекші акушер-дәрігер сол заматта бас дәрігер Қуаныш Нысанбаевқа қоңырау шалып, оқиға барысын баяндайды. Бас­тығы оған «құжатты толтырып қойсаң, ең дұрысы тоңазытқышта қалдыра сал» деп кеңес берген. Алайда орталықтың бастығы мен кезекші дәрігер екеуінің телефондағы әңгімесі «жазылып жат­қанынан» бейхабар-тын. «Бақсам бақа екен» демекші, жемқор­лыққа қарсы агенттік қызметкерлері бас дәрігердің «телефонын тыңдау» ісімен біраздан бері айналысып жүріпті. «Ақ Жайық» газетінің жазуынша, Қ.Ны­санбаевты ар­найы қызметтің нысанаға алуына оның Сот-медицина инсти­тутының ди­ректорына бірнеше рет пара берді деген күдікке ілінуі себеп болған. Осылайша, «бір жоқ бір жоқты табады» дегендей, агенттік өкілдері бір қылмыстың ізіне түсіп жүріп екінші қылмысты ашқан.

Қазақтың «адамнан жасырғанды, Алладан жасыра алмайсың» деген сөзі­нің жаны бар, сірә. «31» телеарнаның «Сөздің шыны керек» жобасының ха­бар­лауынша, перинаталды орталық басшысы мен қызметкердің телефон­дағы екеуара әңгімесін орталықтың ішінде жүрген сәбидің әжесі де естіген екен. Телеарна таратқан хабардағы жазбаны өздеріңізге сол күйінде жеткізгенді жөн көрдік. Телефондағы әңгіме былай жалғасқан:

Кезекші дәрігер: – Моргке апарайық десек, бала тірі, жыбырлап жатыр. Моргке апаруға келген кісі «мына бала тірі, апара алмаймын», – дейді.
Қуаныш Нысанбаев: – Онда сен оның уақытын өзгерт.
Кезекші дәрігер: – Уақытын өзгерте алмаймын. Мен оны өлді деп тіркеп қойдым.
Қуаныш Нысанбаев: – Сонда қалай етеміз? Суға батырасың ба?
Кезекші дәрігер: – Суға батырсам, ертең неге барғанда білініп қалса, қайтеміз? Ағайындары ма, біреулер сұрап, келіп кетті. Мен баланы моргтен аласың дедім. Моргке барса, моргте бала жоқ қой. Шу шығарса, қайтем?

Ең сұмдығы сол, нәрестенің анасы Нұржамал да журналистерге босана салысымен сәбиінің шырылдап жылаған үні әлі күнге дейін құлағында тұрғанын айтқан. Бірақ оған кезекші акушер «балаң өлі туылды» деп жеткізеді. Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен талап бойынша, меди­цина қызметі салмағы 500 грамнан асып туған сәбиді аман алып қалып, ары қарай жетілуіне міндетті саналады. Ал Атыраудағы салғырттық кесірінен шеті­неген шақалақтың салмағы 810 грамм болған. Сәбидің ата-анасы осы жылдың сәуір айында шаңырақ құрыпты, яғни қыз бала – олардың тұңғышы. Егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері бас дәрігердің теле­фонын «тыңдамағанда», бұл қылмыс жабулы күйінде қалар ма еді, кім білсін.


Жалпы, бұдан бұрын да Атырауда сәби өліміне қатысты іс қозғалған. Бас прокуратура тамыз айында жыл басынан бері Атыраудағы орталықта 133 сәбидің (жалпы дүниеге келген нәрестелер са­ны – 5 046) көз жұмғанын хабарлаған. Ондағы мәліметке сүйенсек, 133 нәрес­тенің 56-сы туа сала шетінесе, 77-сі ана­сының құрсағынан өлі туылған. Ескеретін бір жайт, биыл салмағы бір жарым келіге жетпей туған сәбилердің саны көбейген әрі оларға қойылған диагноздың дені: респираторлық дистресс синдромы (өкпенің тыныстауға қабілетсіздігі) секілді кемістік.

Атырау облысы үшін өзекті мәселе – болашақ аналардың анемияға ұшырауы. Әрбір екінші жүкті әйел анемиядан зардап шегеді. Демек, бұл өңірдегі эко­ло­гиялық ахуалдың төмен екендігі – айтылып жүрген әңгіменің нақты көрсеткіші.

Десек те, нәресте өлімінің жоғары көрсеткіші жалғыз Атырауға ғана тән емес. Таяуда арнайы брифинг өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бала өлімі бойынша Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстары алдыңғы орында екенін айтты. Министр мәлімдегендей, жыл басынан бері елімізде 3 800 сәби шетінеген. Жоғарыда аталған аймақтар­д­ағы медициналық жабдықпен қамтылу деңгейі мәз емес, акушерлік пункттердің құрал-жабдықпен қамтылу көрсеткіші 60%-дан аспайды. «Биыл ол нысандарға 108 тыныс алу құрылғысын, 100-ден астам ультрадыбыстық аппараттарды сатып алуға 10 млрд теңге бөлдік. Бірақ бұл жеткіліксіз. 2020 жылы бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту туралы қо­сым­ша сұрау саламыз, өйткені Пре­зиденттің медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейін үш жылда 100% -ға жеткізу туралы тапсырмасы бар», – деді Е.Біртанов

ЮНИСЕФ ұйымының 2018 жылы жаңа туған нәресте өліміне орай жүргіз­ген зерттеуінде Қазақстан 184 мемле­кеттің ішінде 122-орында тұр. Ұйымның хабарлауынша, әлемде жыл сайын 2,6 млн шақалақ жарық дүние есігін ашысымен бір айға жетпей шетінеп кетеді. Сәби өлімі бойынша, ең жоғары көрсеткіш Пәкістан, Орталық Африка Республикасы, Ауғанстан, Сомали мем­лекеттері тұрса, Жапония, Сингапур, Финляндия, Эстония, Норвегия, Люк­сембург секілді мемлекеттерде мұндай оқиға аз кездеседі екен.

Мамандар еліміздегі нәресте өлімі оқиғасының негізгі себептері ретінде дәрігерлердің кәсібилігіне қатысты фактордан бөлек, кедейлік пен ерте жүктіліктің әсерін атайды. Нашар тамақтану, анемия, экологиялық ахуал ана мен бала ауруларының асқынуына әкеліп соғуда.

Ана мен бала денсаулығында тыныс алу жолдары мен жүрек қантамырлары аурулары, туа бітті пневмония, инфек­циялық аурулар көп кездеседі.

Өңірлерде сәби өлімі көрсеткішінің азаймай тұрғанына ана денсаулығының тікелей әсері көп. Әйелдердің бойында созылмалы ауру түрлері жиі кездеседі, жүктіліктің алдында дәрігерге қаралу, тексеріліп алу жағы ескеріле бермейді. Мамандар еліміздегі репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулық жағда­йының төмендігі мен перинаталды көмек сапасының төмендігінен туабітті кемістігі бар сәбилердің дүниеге келу оқиғасы көбейгенін айтады.

Жоғарыда арнайы қызмет өкілдері Атырау облыстық перинаталды облы­сының басшысы Сот-медицина инс­титутының басшысына пара берді деген күдікпен аңдуға ілініп, тұтылғанын жаз­дық. Ал басқа өңірлерде сәби өлімі оқи­ғасын жасыру үшін осындай қыл­мыс­тық істің жасалып келмегеніне кім кепіл? Демек, бұл тұрғыда перинаталды орталықтар мен перзентхана қызметіне ашықтық қажет. Тұрғындар ол меке­мелердегі жұмыс барысынан ашық хабардар болып отыратындай айқын жүйе жасалғаны жөн деп білеміз.

Ана мен бала денсаулығы ұлт саулығының көрсеткіші екені рас. Олай болса, бұл мәселені бір ғана Денсаулық сақтау министрлігінің мойнына артып қоймай, мемлекеттік деңгейде түбегейлі қарастыратын уақыт жеткен секілді.