Алматыдағы №126 мамандандырылған лицейде жаңа мини-футбол мен баскетбол алаңдарының ашылу салтанаты өтті. Спорт кешені «Қазақстан – 2050» стратегиясын қолдау қоғамдық қорының қаражатына жүзеге асты. Қоғамдық қор соңғы жылдары әлеуметтік жобаларға тұрақты көмектесіп келеді.
– Бүгін мектеп оқушылары үшін үлкен қуаныш. Өйткені Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов балаларға спорт алаңдарын сыйлады. Депутат Ерболат Болатұлы 2017-2018 оқу жылында аудандағы №12 сайлау округіне қарасты мектептер арасында ҰБТ қорытындысы бойынша жарыс ұйымдастырды. Ол 1-орын алған мектепке спорт алаңын салып беруге уәде етіп, екінші және үшінші орын алғандарға ақшалай және заттай сыйлықтар тағайындаған болатын. Бұл шара Nur Otan партиясының аудандық бөлімшесімен бірге ұйымдастырылды. Нәтижесінде, біздің мектебіміздің түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша, орташа 116,8 ұпай жинап, спорт кешені сертификатын жеңіп алды. Міне, сол уақыттан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бүгін салтанатты ашылу рәсімі жасалып жатыр. Әуезов ауданындағы №12 сайлау округіне қарасты мектептер арасында мини-футболдан және баскетболдан жарыстар ұйымдастырылды. Жарысқа алты мектептен 12 команда қатысып отыр, – дейді №126 мамандандырылған лицей директоры Мырзахан Төлендиев.
«Туған жерге туың тік» демекші, игі шараның басы-қасында жүрген азаматтарға оқушылар мен ата-аналар алғысын білдіріп жатты.
– Былтыр сайлау өткенде мектептерді аралағанбыз. Сол кезде оқу орнының басшылары спорт кешені жоқ екенін айтып, көмектесуімізді өтінген болатын. Округте алты мектеп бар. Бәріне бірден көмектесуге қаражат көбірек кетеді. Сондықтан мектеп директорларымен ақылдаса келе, ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған мектепке спорт кешенін салып беруге уәде бергенмін. Осы шарт бойынша №126 мектеп түлектері өздері білім нәрімен сусындаған оқу ордасына, өздерінен кейін өсіп келе жатқан іні-қарындастарына осындай керемет сый жасады. Бұл спорт кешеніне 24 миллион теңге жұмсалды, – дейді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі, кәсіпкер Ерболат Қасымов.
Ол сонымен қатар бұл бірінші жоба емес, бұдан бұрын да осындай екі жобаны іске асырғанын айтты.
– Бостандық ауданында Байсейітова атындағы музыка мектебіне және өзім білім алған Алматы облысы Қаскелең қаласындағы мектепке де дәл осындай спорт кешендерін сыйға тарттық. Бұл күні балаларымыз гаджетпен отырмай, олардың спортпен айналысуына жағдай жасауымыз керегі айтылды. Алдағы уақытта ай сайын түрлі спорттық шаралар ұйымдастырсақ деген жоспар бар. Осындай балалардан алдағы уақытта Әлем, Олимпиада чемпиондары шықпасына кім кепіл, – дейді кәсіпкер.
Жаңа спорт кешені келешекте командалық жарыстарды тұрақты өткізіп тұруға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Салтанатты рәсімнен кейін алты команда арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Мини-футбол ойынының қорытындысы бойынша, І орын – №126 мамандандырылған лицейге, ІІ орын – №42 жалпы білім беретін мектепке, ал ІІІ орын №132 гимназия оқушыларына бұйырды. Жүлдегерлерге сый-құрмет көрсетілді.
Алматы қаласы