Геннадий Головкин – бокстағы аңыз адам. 1982 жылы 8 сәуірде Қарағандыда дүниеге келген.
«Шахтерда» футболшы болған
Әкесі — Геннадий Иванович кенші, ал анасы Елизавета Сергеевна зертханада лаборант болып жұмыс істеген. Ағалары Вадим мен Сергей әскерде қайтыс болған, қазасының себебі әлі күнге белгісіз.
Сыңары — Максим екеуі де жастайынан бокспен шұғылданған. Геннадий бала күнінде баскетбол мен футбол ойнағанды жақсы көрген. Футбол үйірмесіне қатысқан. «Шахтер» жасөспірімдер командасының шабуылшысы болып, алғаш рет 11 жасында футболдан облыстық жарыста жүлдегер атанған.
Геннадий есейе келе, бокспен айналысуға ден қойған екен. Сұхбаттарында «бала кезде күнде төбелес – қалыпты жағдай болатын» деп жиі еске алады.
69 келі салмақта Бақтияр Артаевқа жолын берген
Геннадий Головкин Афины Олимпиадасында 69 келі салмақта өнер көрсетуі тиіс болған, бірақ жолын орта салмақтағы Бақтияр Артаевқа берген. Қос боксшы алғаш рет 1997 жылы жұдырықтасқан.
Афиныда жеңілген бе?
Өзі финалда ресейлік боксшыдан жеңіліп, күміс медаль иеленді. Жеңілісі жайында «Афиныда жеңілдім деп айта алмаймын. Бірақ рингтегі жағдай солай болды» деп кейігені бар. Кәсіби мамандар да, көрермен де сол кездесуде Головкин таза жеңіске жеткенін айтып жар салған. Олимпиаданың күміс медалінің соңы дауға ұласып, мысырлық боксшы Мохаммед Хикаланың жеңісі көпшілікті күмәнді ойға қалдырды.
Майк Тайсонның рекордын жаңартқан
Әлемдік додағы әділетсіздіктен соң Головкин 2005 жылы әуесқой бокспен қош айтысып, кәсіпқой боксқа ауысты. Кәсіпқой боксқа «демеуші болмаған соң, бір-ақ күнде кеттім» дейді.
Гена кәсіпқой бокстағы тұңғыш қарсыласын нокаутпен жеңді. Головкиннің соққысы қатты болғаны соншалық, венгриялық Габор Болаг жарты жылдай емделіп, есін әрең жиыпты.
WBС тұжырымы бойыша бокстан әлем чемпионы, украиналық Александр Гвоздиктің «Соққысы ат тепкендей. Жол тегістейтін көлік сияқты басып өтеді. Расында, Головкин – құбыжық» деп баға берді. Головкиннің соққысынан соң ресейлік Михаил Макаров та 3 жыл бойы рингке шыға алмаған.
Бокстан бұрынғы әлем чемпионы кіші Рой Джонстың өзі «Головкин – орта салмақтағы Майк Тайсон» деп таңданыс білдіргенін спорт жанкүйерлері жақсы біледі.
Геннадий Головкин спорттық мансабында 20 жекпе-жекті қатарынан нокаутпен аяқтап, әйгілі Майк Тайсонның рекордын жаңартқан. «Темір» Тайсон 19 жекпе-жегін қатарынан нокаутпен аяқтаған. Бұл рекордты Головкин ғана жаңартты.
Жеңілістен соң бапкер ауыстырды
Бірақ былтыр Геннадий Головкин Сауль Альвареспен қарымта жекпе-жекке шығып, барлық титулынан айырылып қалған болатын. Мексикалық боксшы сол кездесуде қарсыласынан ұпай санымен басым түсті. Бұл жеңіліс — Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы бірінші жеңілісі.
Осы жеңілістен соң 9 жыл бойы Абель Санчеспен жұмыс істеген боксшы бапкер ауыстырды. Жаңа бапкері 36 жастағы Джонатон Бэнкс те — кәсіпқой боксшы. Ол Владимир Кличконың бапкері болған.
Фото: Интернеттен алынды