Бәйтерек аудандық тарихи-өлкетану музейінің мәжіліс залында Nur Otan партиясы Бәйтерек аудандық филиалының отырысы өтті. Жиында Nur Otan партиясы Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Асхат Шахаров, Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев, облыстық филиалдың ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Кенжалы Төремұратов және Jas Otan Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев және т.б. сөз сөйледі.
– Елбасының төрағалығымен өткен Саяси кеңес отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы ұсынылды. Осыған орай, біз сіздермен бірге партиялық жұмысымызды қайта жүктеу мәселелерін талқылап, оның алдағы уақыттағы стратегиясы мен тактикасын қайта әзірлеуіміз қажет. Біз халықтың басындағы үлкен-кішілі мәселелерді жедел түрде шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін мемлекеттік және уәкілетті органдармен, депутаттармен бірлесіп тығыз жұмыс істегеніміз жөн. Филиал төрағаларының бірінші орынбасарларынан бастап, қызметкерлер, мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары енді селолық округтерде, елді мекендерде жоспарлы жиындардан гөрі тұрғындармен жиі кездесу өткізуді жоспарлап отыр, – деді А.Шахаров.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев та ойын білдірді.
– Біздің алдымызда үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Еліміздегі жетекші партияның беделін көтере түсу, партия ұсынған бағдарламалар аясында жұмыстану ел бірлігін, тұтастығын сақтауға негізделген. Елдегі атқарылып жатқан жұмыстарға депутаттарды, белсенді жастарды қатыстыру арқылы партия абыройы да арта түседі. Партия идеясы аясында өмірге келген бағдарламалардың барлығы да халықтың тұрмысын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы бағытта бірлесе атқарып отырған жұмысымыз нәтижелі болсын, – деді ол.
Еркін форматта өткен актив жұмысына аудан әкімінің орынбасары, филиал төрағасының бірінші орынбасары, Саяси кеңес мүшелері, мәслихаттағы фракция мүшелері, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия белсенділері, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Іс-шарадан соң ауданға келген меймандар Бәйтерек аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты.