Оралда қаржылық пирамида арқылы 68,5 млн астам теңге жымқырған әйелдің ісі сотқа берілді, деп хабарлайды БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысы биылғы ақпан айында құқық қорғау органдары мен қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесуде қаржы пирамидасын құрған кейбір ұйымдардың заңсыз әрекеттеріне назар аударып, осыны егжей-тегжейлі тексеруді тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті аумақтық департаменттердің жұмысын ерекше бақылауға алды. Қазіргі кезде БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінде ҚР ҚК 217-бабына (қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету) сәйкес бірнеше қылмыстық іс тіркелген. Соның ішінде «Лидер» және «Алтын тұмар» қаржылық пирамидасын құрған Ч. деген әйелге қатысты тергеу амалдары аяқталды. Алаяқ әйел азаматтарға тез арада байитынына және ақшаны кейін екі есе төлейтініне уәде беріп, олардың 68 567 056 теңгесін жинап алған. Бұл қаржылық пирамидаға 2 мыңнан астам адамның қатысы бар. Еске сала кетейік, бұдан бұрын жалған шот-фактура жазған оралдық кәсіпкерге 6,3 млн теңге айыппұл салынған болатын.