«Бейбітшілік қайнары» – державалар айбары

«Бейбітшілік қайнары» – державалар айбары

Үстірт көзқарас не дей­ді? Түркия Сирия жеріне басып кіріп, «лаңкес­тер­ді» қы­ру­да. АҚШ оның өз қор­ға­уындағы күрдтерге қыр­ғи­дай тигенін біліп, шом­бал­­дай жұдырығын көрсе­тіп, ашудан санкция енгізді. Ал Башар Асад тағы бір жат күштің өз жеріне бас­қын­шы­­лық жасауынан естен та­нып отыр... Шынында, гео­саяси ойын аренасында бәрі біз ойлағандай қара­байыр емес.

Бірнеше ай бойы Анкара Ва­­шингтонмен Сирияның сол­түс­тігінде, Түркиямен шека­рада «қауіпсіздік аймағын» құру бағы­тында бір­лесе қимылдау тура­лы келіссөздер жүр­гіз­ді. Әри­не, екеуі еш келісімге кел­меді. Бірақ ақырында түріктер дегеніне жетті: АҚШ сириялық одақтасы саналатын күрд­терді қорғансыз тастап, операция айма­ғынан әскерін алып кетті. Сөйтіп, Ердо­ған билігінің шекаралас аймақты өз бетінше «тазалауға» кірісуіне жол ашты.

Түріктердің өз жерінде ұрыс салуына Сирия билігінің өте-мөте қарсы екені туралы пікір­лер – бос сөз. Шынында, осы­дан жиырма жылдай бұрын екі ел арасында «Адана келісімі» бекітілген. Оған сәйкес, Дамаск түрік билігіне күрд содырларын Сирия аумағында да қудалауға рұқсат етті. Сирияда әскери опе­­­рация бастағанда Түркия сырт­қы қатерлерден қорғануға құ­қық беретін БҰҰ жарғысын және Адана шартын алға тарт­қан болатын.

Сирия мемлекетінің барлық 19 тонна алтын қорын Мәскеуге көшіріп алып, Тартустағы теңіз базасын және Хмеймим­дағы әуе базасын 49 жылға иеленіп, бұл елде өзін қожайындай әрі құтқа­ру­шыдай сезі­не­тін Ресей неге «тү­ріктердің бассызды­ғына» тоқ­­тау болмайды? Солтүстік көр­шінің сая­сат­­керлері мен са­рап­шыларының байла­мына құлақ түрсек, Мәскеу мен Теһ­ран басқа­ның қолымен от көсеп отыр: Ресей мен Иран Таяу Шы­ғыс­тағы қуатты серік­тес­ке ие болу үшін шииттік Сирияның бұрын­­ғыдай біртұтас мемле­кет­ке айналға­нын қалайды. Алайда одан бөлініп, төл автономиясын құру үшін алысқан сириялық күрдтер ол сценарийдің шыр­қын бұзды. «Түркия операциясы Мәскеу мен Теһранға қолайлы. Себебі, сириялық күрдтер «Аста­на процесіне» тек кедергі кел­тіреді», – деп жазады ресей­лік сарапшылар.

Түркия президенті Режеп Ердоған Си­рия­дағы әскери опе­ра­­цияның басталға­нын 9 қа­­зан­да жариялады. Оған «Бейбіт­ші­лік қайнары» (Barış Pınarı Harekâtı) деген атау бе­­­ріл­ді. Түріктер «Күр­дістанның жұмысшы пар­­­тиясы» және «Ислам мемлекеті» (екеуіне де Қазақстанда тыйым са­лынған) ұйым­да­ры­­ның база­ла­рын тып-типыл етіп жоюға ниетті.

Қазір түркиялық армия өз елімен шека­ра­лас аудандардан күрдтерді ығыстыруда. АҚШ тү­рік­термен тайталаста оларды қол­даудан бас тартты және Си­рия жерінен әскерін алып кетті. «Сирия демократия­лық күш­­теріндегі» күрд жасақшы­лары бұл қадамды «арқаға пы­шақ ұру» деп бағалады.

«Бейбітшілік қайнары» опе­ра­ц­иясы Түркия шекара­сы­нан оңтүстікке қарай 30 шақырым­дық қауіпсіздік белдеуін құруды көздейді. Түріктер осы ауданда бірде-бір күрд және «ДАИШ» жауын­герлері болмауын қалай­ды. Осы мақсатта күрдтердің қарулы құрылымдарына аяусыз соққы жасап, орны толмас нұқ­сан келтіруге күш салуда. Опе­рация аяқталғаннан кейін Ердо­ған Түркияда қарасы шама­мен төрт миллионға жетіп қалған сириялық босқындарды еліне қайта­рып, әлгі ауданда орна­лас­тыруды, бұл үшін онда баспана мен инфрақұрылымның кең ауқым­ды құрылысын жүргізуді жоспар­лап отыр. Яғни, әзір Сириядан кету ойы жоқ, оның етегін ен жайламақ.

Сонымен қатар Түркия осы арқылы Сирия мәселесін рет­теу­­де Ресеймен терезесі тең же­­тек­ші ойыншы мәртебесін бекіт­пек. Бұл оған халықаралық бедел әкеледі, оның үстіне Батысты өзімен санасуға және ба­ғалауға иліктіреді. АҚШ пен Еуро­па қанша сынағанымен, Сирияда өздеріне жаулық көз­қа­­рас­тағы Ресей не Иранның емес, НАТО мүшесі Түркияның ба­сым рөл атқар­ға­нын тә­уір көреді.

Сириядағы алпауыттар ай­қа­сынан қанға бөгіліп, жем бол­­­ған жақ – күрдтер. Жан-жақ­тан соққы көріп, мүлдем жо­­йылуға жақын­дайтынын тү­сі­н­­­ген күрдтер амал жоқтық­тан Ресеймен және Башар Асад­пен келіссөзге баруға мәжбүр болды. Бұл хабарды Демокра­тия­лық одақ партиясының тең төра­ғасы, сириялық күрдтердің сая­си лидері Салех Муслим рас­та­ды. Ол сириялық армия­ның бір­қатар аудандарға ғана енгізі­ле­тінін және күрд әкімшілігі сақталатынын атап өтеді.

Халықаралық сарапшылар «Бей­бітшілік қайнары» аяқтал­ған­нан кейін не болатынын бол­жауға тырысуда. Солардың бірі «Астана процесі» бойынша одақ­тастар Түркия мен Ресей ара­­сында алауыздық туады де­ген­ге саяды. Қайшылық мысал­ға, Кобани атты шекаралық күр­д қаласына қатысты туын­дауы ғажап емес: оны Түркия толығымен «тазартып» шықпақ, бірақ оған Ресей наразы. Түрік ше­карасынан 28-30 шақы­рым­­дық қашықтықта жатқан М4 тасжолы үшін талас-тартыс қазірден өрістеуде. Оны Дамаск Анкараға ұстатқысы келмейді: М4 трассасы Асад пен оны қол­дай­тын Ресей үшін стратегиялық маңызды Манбидж секілді бірнеше қалаға апарады. Бұл елді мекенді кезінде ИГИЛ ба­сып алды, кейін АҚШ күрдтер қо­лымен азат етті. Бүгінде оған батыс пен оңтүстіктен Асад ар­мия­­сы кіріп жатыр. Солтүс­ті­гін сириялық түркітіл­дес оппо­зи­циямен бірге түріктер жайлауда. М4 тасжолы сияқты бұл шаһар­дың ақырын­да кімнің қолында қалары беймәлім.

«Түркия осы жорығы үшін Батыс санкциясынан сорлайды» деген де пікір бар. Әйтсе де, Түр­кия үкіметі ол санкциядан қорықпайтынын анық аңғарт­ты. Мұның себебін түсіну үшін «қы­­сымды» өлшеген жөн. Сон­да сан­кциялардың шапқын­шы­лық­ты тоқтатар пәрменді тетік емес, «косметикалық» шара еке­ні байқалады. Американың түрік болаты экспортына 50%-дық баж салығын қайтаруы жаңа жаза емес: ол бұған дейін бол­ған және мамырда 25%-ға ке­мітілген. Үш министрдің АҚШ санкция­сына ілігуі де Түр­кия билігіне тұсау емес. Еу­ропа Түркияға қару жеткізуге эмбарго енгізді. Одан өздері зар­дап шегеді: түрік нарығын жо­ғал­­тып алмақ. Сондықтан ЕО шек­­теудің уақытша екенін ескер­туге асық­ты. БҰҰ аталған опе­рация Сирияда гумани­тар­лық дағдарысқа, бейбіт тұрғын­дар­дың құрбан болуына соқты­ра­тынына назар аудартып, да­был қағуда. Бұл қауіп қандай дер­­жаваны тоқтатқан?

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған аса ауқымды әскери қимылдар барысында Түркия жаңа жетістіктермен рухтануда. Жаңа елді мекендер қауіпсіздік аймағына табысты қосылуда, алты жүздей күрд содыры жо­йыл­ды. Олардың әскери инфра­құры­лымы бұзылуда. Түрік армиясының шығыны бірнеше адамды құрайды.

 

Түйін.

Түрік – түп-төркіні­міз бір халық бол­ғаны­мен, бей­біт­сүйгіш ел ретінде Қазақстан мұн­дай басқыншылықты қол­дай алмасы сөзсіз. Оның үстіне Ресей Қырымды тартып алғалы бері армиямен өзге мемле­кеттің же­рін мен­шік­теу тәжірибесі жа­һанда кең тарала баста­ғанға ұқ­сайды. Егер Түркия опера­ция­сын аяқтағаннан кейін Си­рия солтүстігінде ұзақ жы­л­дар­ға қалса және өркен жайса, мұны сарап­шылар «аннексия» деп бағалайды. Мұн­дай құбы­лыс­тың кең таралуын қазақ елі құптай алмақ емес.


Елдос СЕНБАЙ