Солтүстік Қазақстан облысында ертең, 16 қазаннан бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылып, бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі. Солтүстік Қазақстан облысында бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының артуына байланысты өңірде карантин талаптары 16 қазаннан күшейтіледі. Осыған орай бүгін Петропавлда брифинг өтті. СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысына сәйкес: Біріншіден, сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады. Екіншіден, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін қысқарып, сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал мереке және демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарынан тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға болады. Үшіншіден, демалыс және мереке күндері уақытша жабылады: жабық киім-кешек базарлары, азық-түлік емес тауарлар сататын жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес және тренажерлік залдар, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда, ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауарлар дүкендері (оларда орналасқан азық-түлік нысандары мен дәріханаларды қоспағанда). Төртіншіден, штатта 30-дан артық адам болған жағдайда, 50% кем емес қызметкерлер қашықтан жұмыс істеулері тиіс. Сондай-ақ Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды. СҚО-ның барлық тұрғындары: 1) көршілеріне, таныстарына, туған-туыстарына, әріптестеріне баруды шектеуі қажет; 2) тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуді тоқтатуы қажет; 3) қоғамдық орындарда 3 адамнан артық (отбасы мүшелері болмаған жағдайда) топ болып жүруді шектеу, әрі 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау керек; 4) жерлеу рәсімінде 30 адамнан (негізінен отбасы мүшелері) артық жиналуына жол бермеу, келгендер 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс; 5) жеке қорғаныш заттарын қолдану және оны жою алгоритмін сақтаған жөн, соның ішінде: А) қоғамдық орындарда, тұрғындар дем алу, қызмет алу үшін баратын ғимарат ішінде, қоғамдық көлікте матадан тігілген немесе медициналық масканы тағу міндетті (5 жасқа дейінгі балаларды және қоғамдық орындарда әлеуметтік дистанцияны сақтай отырып тамақтануды есептемегенде); Б) медициналық және матадан тігілген масканы таза ауадағы қоғамдық орындарда тағу міндетті (5 жасқа дейінгі балаларды және 2 метр әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, 5 адамнан аспайтын топпен және жеке спортпен жаттығатын адамдарды есептемегенде). СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде наурыз айынан бері КВИ жұқтырудың 4257 жағдайы тіркелді. 24 адам қайтыс болды. Қазір өңір қауіпті инфекцияны жұқтырудан бірінші орында тұр. Өткен тәулікте СҚО-да жаңадан 14 науқас тіркелді.