Үлкен өзгерістерге бастайтын кішкентай іс

Үлкен өзгерістерге бастайтын кішкентай іс

Біреудің тілегін орын­дап, жүзіндегі күлкіні көру ға­ни­бет. Ол төсек тартып жат­қан адам болса, тіпті кере­мет. Адам­ға өмірінің соңғы күндерінде қуаныш сыйлау жан тол­­қы­тады. Ал шала туған балаға жылы киім тоқып, ары қарай өмір сүруге жәр­дем­дескендер ше? Мұның бәрі жай ғана хобби ретінде басталған.

Елімізде «28 ілмек» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор 2012 жылы Қарлығаш Нұржанованың бастауымен құрылды. Ол бірде жаңа туған нәрестелер жататын бөлімге барады. Инкубаторда жатқан сәбидің аяғынан көгілдір шұлық көреді. Дәрігерден осын­дай стерильді жерде неліктен жүн­нен тоқылған шұлық киетінін сұрайды. Сонда олар әжелерден тоқылған заттар сатып алатынын айтады. Шала туған сәбилерге тоқылған затты кигізетінін, көме­гі тиетінін айтады. Қарлығаш іш­­­тей «дәрігерлер емдеуі тиіс, ал біз көмектесуіміз керек» дейді. Ар­тын­ша «28 ілмектің» әрекетіне әлем сүйсінеді.

Волонтерлер 100% жүннен шала туған балаларға арналған киім тоқиды. Дәрігерлердің айтуын­ша, жүн сәби денесін қышы­тады, ыңғайсызданады. Есесіне, бала демалады, қозға­лады. Кувезде шала туған балалар үшін оңтайлы температура сақ­та­лады. Қосымша медицина­лық процедура кезінде жылу алмасу бұзылады. Сонда жүннен тоқыл­ған жылы киім көмекке келеді. Бұдан бөлек, жүн талшықтары теріге жанасып, массаж эффектін береді. Сондай-ақ қимылдың моторикасы күшейеді.

Волонтерлердің дені үшін тоқыма – хобби. Арасында ар­на­йы үйренгендер де бар. Олар айы­на 100 зат тоқиды. Осыған де­йін қор тоқыған 50 мың зат кә­деге жарапты. Алғашында шұ­лық­тан бастап, қазір баскиім, кеу­­де­ше, жамылғыш тоқуға көш­кен. Мұндай қор әлемнің 9 елінде бар. Қазақстан, Өзбекстан, Лат­вия, Ресей, Қырғызстан, Украи­на, Әзірбайжан, Грузия мен Бела­рус­сия жан мен тәнге жылу сый­лап жүр. 9 елде 96 клуб жұмыс іс­­тейді. Жалпы саны 1 928 волон­тер бар.

2012 жылдан кейінгі кезеңде перинаталды орталықтарға 134 мыңнан астам зат берілген. Қор әрекетінің арқасында жүннен киім киген сәбилердің 97 пайызы тірі қалыпты. Олардың тілегі бір: біз ұшымен бармақтай баланы құтқару. Дегендері орындалып жатыр. Жүннен тоқылған киім киген сәбилердің 97 пайызы тірі қалыпты. 2017 жылы «28 ілмек» қоры Қазақстанның Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүректің» лауреаты атанды.

Амстердам музейінде Рем­бранд­тың автопортретіне қарап отырған әйел естеріңізде ме? Ол медициналық зембілде, дәрігер­лермен бірге музейді аралады. Бұл оның ішкі тілегі еді. Әйелдің соң­ғы тілегін орындаған Кес Велд­­бур болатын. Осылайша, «Же­дел жәр­­демдегі тілек» қайы­рым­ды­лық ұйымы талайдың қалауын орындады.

Бәрі Велдбурдың кезекті науқасты ауруханаға жеткізу кезінде басталған. 2006 жылдың қарашасында ол Марио Сте­фанут­то есімді науқасты бір ауру­ханадан екіншісіне тасымалдады. Бірақ ортада бір түйткіл пайда болады. Марионы аурухана зем­біліне жатқызғанымен, қабыл­дайтын ауруханада орын бол­майды. Кестен біраз уақыт күтуді сұрайды. Стефанутто аурухана дәлізінде Марионы зембілмен қалдырып кетуді қаламайды. Содан «сізді бір сағатқа қалаған жеріңізге апарсам» деп рұқсат сұрайды. Марио қуана келіседі.

Бұрын теңізші болған науқас Роттердам айлағымен қоштасу үшін Влаардинген каналына апа­руды өтінеді. Кес пен Марио ай­лақта бір сағат болады. Велд­бур­дың айтуынша, Марио қуаныш­тан жылайды. Кес «тағы да те­ңіз­ге барғыңыз келе ме?» деп сұрай­ды. Сонда ол енді төсектен тұру-тұрмауы неғайбыл екенін ай­та­ды.

Алайда Вельдбур Марионың соңғы тілегін барынша орындауға тырысады. Алдымен, ауруханадан демалыс күнінде жедел жәрдем көлігін пайдалануға рұқсат сұрай­ды. Содан кейін әріптесінің көмегімен, Роттердам айлағы бойынша сапар ұйымдастыратын туристік агенттікпен байланы­сады. Олар көмектесуге қуана келіседі. Ол жұма күні Марионы аурухана зембілімен бірге жедел жәрдемге тиегенде, қайда бара жатқанын сұрайды. «Осы жолы Роттер­даммен кемеде қоштаса­сыз» дегенінде, Стефанутто жүре­гі жарылардай қуанады.

Көп өтпей Марио қайтыс болады. Өлімінен бірнеше апта бұрын Марио Вельдбурға арнайы хат жазады. Хатта «Дүниеде басқа­лардың қамын ойлайтын адамдар бар екені қуантады әрі жұбатады. Менің жеке тәжірибеме сүйене отырып, айтайын: тіпті кішкентай игі іс үлкен өзгерістерге бастауы мүмкін» делінген. Осы сөз­ге тебіренген Кес қайы­рым­ды­лық ұйымын құрады.

Сегіз жылдан кейін ұйым қарамағында 230 ерікті, алты жедел жәрдем көлігі мен саяжай бола­ды. Ол қазірдің өзінде жеті мыңға жуық жанның тілегін орындады.

Велдбурлардың айтуынша, кейде тілекті дереу орындауға мүмкіндік туады. Ал кей жағдайда ұзақ дайындықты қажет етеді. Кес пен волонтерлер орта есеппен күніне төрт адамға көмектеседі. Арнайы шарт бар: тілегін айта­тын­дар аурухана зембілінде болуы керек. Жасы мен жынысы маңыз­ды емес.

Олардың жасы ең кіші науқа­сы 10 айлық сәби болған. Ту­ға­нынан кувезде жатып, өз үйіне бірде-бір рет бармаған. Ата-ана­сы­ның тілегі сәбиінің кем деген­де, бір рет қонақ бөлмедегі диван­да отырғанын көру еді. Ал ең кәрі науқастың жасы – 101-де. Ол соңғы рет атқа отыруды қалапты. Оны арнайы медициналық арбада ипподромға әкеліп, атқа отыр­ғы­зыпты.

Қай мысалды алсаң да, адам­ның қолынан қаласа бәрі келеті­нін көресің. Жақсылық жасауға ұмтылсаң болғаны. Сте­фанутто жазғандай, тіпті кішкентай ғана игі іс адамға үміт беріп, рухани демалуға жағдай жасайды. Әлемде жақсылық жасауға, қуаныш сыйлауға асыққан сайын, жаман­дық кері қадам басатын тәрізді. Сондықтан жүректерді емдеуге ұмтылайықшы.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ