Мегаполистегі жылудың және электр энергиясының негізгі көзі саналатын Алматы ЖЭО-2 газға көшіріледі. Бұл шешім – қоршаған ортаға тигізетін әсерді мейлінше азайту мақсатында жасалып отырған қадам.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды көптен күткен шешім еді деп атады. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттарын жаңғыртып, ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру арқылы оған жұмсалатын еңбек пен құн шығынын оңтайландыру бойынша қайта құру нұсқасы таңдалды. Модернизациялау жұмыстары қоршаған ортаны күкірт оксиді және күлмен ластамауға мүмкіндік береді. Ауаға тарайтын азот оксиді мен көмірқышқыл газының мөлшері минимумға дейін азаяды.ЖЭО-2-ні жаңғыртудың көптеген нұсқалары қарастырылды. «АлЭС» АҚ-ның тапсырысы бойынша бұл жұмысты энергетика саласында құрылыс жүргізудің 60 жылдық тарихына ие, жылу энергетикасы саласындағы жобаға дайындық және жобалау жұмыстарының кең ауқымын атқаратын «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» жобалау институты жүргізді.«Жоспар бойынша жоба 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», – деп атап өтті Алматы әкімі.
ЖЭО-2-ні табиғи газ жағуға көшіру атмосфераға зиянды заттар шығаруды азайтудың және станса әсерін тигізетін зонада ауаның сапасын жақсартудың ең тиімді жолы екені еш күмәнсіз. Сол арқылы атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылдық саны 80 пайыздан астамға қысқарады.