Жақында дәл осындай мәлімдемені Батыс елдерінің бірнеше арнайы қызметі жариялады. Германия, Франция, Ұлыбритания өкілдерінің пікірінше, Ресейдің арнайы қызметі оппозиционерді өлтіруді көздемеген, тек елден кетуге ықпал еткісі келген. Бір өлімнен қалған А.Навальный аталған қауіпті «ымды» түсінді ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ ол Отанына әлі оралмады. «Навальныйды улау үшін Ресейдің арнайы қызметі «Новичок» жүйке жүйесін сал қылатын улаушы затқа жүгінгені бекер емес», – дейді аталған елдердің өкілдері. Оған себеп көп. Соның бірі – бұған дейін «Новичокты» Батыста қолданып көрді. Ресейден қашқан экс-агент Сергей Скрипальды Англияда аталған «қарумен» улаған еді. Яғни, Мәскеу өз мақсатына жету үшін атышулы химиялық қаруға жүгінуден бас тартпайтынын тағы бір рет жеткізгісі келгендей. Жалпы, Ресей оппозиционеріне жасалған химиялық шабуылды Еуропа қауіпті қатер деп бағалап, бірден оны құтқаруға көшті. Алдымен ес-түссіз жатқан Навальныйдың Омбыдан Германияға жеткізілуіне қолғабыс жасады. Кейін емделуіне Берлиндегі «Шарите» клиникасын ұсынды. Алайда мұның барлығы тегін емес екен. Мәселен, Навальныйдың аталған клиникада емделу құны 49 900 еуро болған. Оны кәсіпкер Е.Чичваркин, экономист С.Алексашенко және «Яндекс» қызметкері Р.Иванов бірлесіп төлеген. Сондай-ақ арнайы әуе транспортымен Германияға жеткізу құны да аз болмаған, 79 мың еуро. Ол шығынды кәсіпкер Борис Зимин өз мойнына алған. Еуроодақ мұндай қатерді назардан тыс қалдырмайтыны белгілі. Сондықтан Навальныйдың улануына қатысы болуы мүмкін деген Ресей шенеуніктеріне қарсы санкциялар жариялады. Олардың қатарында Ресей президенті әкімшілігінің басшылары, ФСБ директоры, қорғаныс министрінің орынбасарлары, президенттің Сібірдегі уәкілетті өкілі және Мемлекеттік органикалық химия және технология ғылыми-зерттеу институты бар. Әрине, санкциялық тізімге азаматтарды тегіннен-тегін енгізбейді. Нақты дәлел болуы тиіс. Сондықтан аталған тізімге қарап, Навальныйды улау операциясына бірнеше мемлекеттік органның қатысы болғанын байқауға болады. Енді бұл адамдар Еуропаға кіре алмайды және егер сонда есепшоттары болса, олар бұғатталады. Ал әлгі ғылыми-зерттеу институтында «Новичок» жасалған деген болжам бар. Алексей Навальныйдың нақ «Новичокпен» уланғанын Германияның қарулы күштеріне қарасты зертхана сарапшылары дәлелдеді. Дәл осындай тұжырымға Франция мен Швеция мамандары келді және үш ел зерттеуді бөлек жүргізген. Соңында бұл қорытындыны Химиялық қаруды таратуға тыйым салу ұйымы растады. Дегенмен осыншама дәлелге қарамай, Мәскеу әдеттегідей барлық айыптарды мойындамай отыр. Олардың пікірінше, мұның барлығы қойылым, іс қолдан саясиланған. Ал Химиялық қаруды таратуға тыйым салу ұйымы өз мандатын асыра пайдаланып отыр-мыс. Ресейдің сыртқы істер министрлігі осы тұста 2017 жылы уланған Скрипальдың да оқиғасын еске алып, оны да ұйымдастырылған қойылым деп атап кетті. Мәскеу өз ұстанымын дәлелдеу үшін дәстүрлі әдіске көшті. Мемлекеттік телеарналар арқылы Навальныйдың өзге де себептермен денсаулығы нашарлағанын дәлелдеп бағуға тырысып жатыр. Бұдан бөлек, улану фактісі тіркелген 20 тамыздан бері 2 ай өтсе де, Томск қаласында әлі де қылмыстық іс ашылмаған. Жақында есін жиған оппозиционер 20 тамызда Томск қаласында қонақүйде ішкен суына «Новичок» уы қосылғанын айтып отыр. Оның салдарын Навальный ұшақта сезіп, есінен танған. Осы жайттан соң ұшқыш ұшақты Омбыда қондырған. Кейін науқасқа жергілікті жедел жәрдем көмектескен. Навальныйдың пікірінше, осы шешімдер оның өмірін аман сақтап қалған. Алексей Навальныйдың айтуынша, оның қолында бұл химиялық шабуылды Кремль ұйымдастырғаны туралы барлық дәлел бар екен. Егер оппозиционердің айтып отырғаны рас болса, Ресей билігі оны елден қуып, қоғамға ықпалын азайтқысы келгендей. Себебі оның Twitter-дегі парақшасы Ресейде көш бастап тұр. Ал YouTube-тағы жеке каналына жүктеген видеолары бірнеше миллион қаралым жинайды. Түсірген деректі фильмдері дау-дамайға ұласып, саясаткер, олигархтарды әшкерелейді. Яғни, осы процесті тоқтату үшін Кремль аталған улау деген қауіпті қадамға барған сыңайлы. Олар мұның соңы Батыстың кезекті санкциясына, қоғамдағы қарсылықтың өршуіне ұласатынын болжаған шығар. Алайда А.Навальныйдың Ресей қоғамындағы танымалдығы мен ықпалы артып бара жатқаны сонша билік болуы мүмкін саяси, дипломатиялық, санкциялық тәуекелдерді біле тұра, аталған операцияны жүзеге асырғанға ұқсайды.