Елордада тұңғыш рет Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» республикалық тіл форумы өтті.
Келелі кеңеске жиналғандар латын қарпін қолданысқа енгізу мен қазақ тілінің мүшкіл халін талқылады. Әсіресе, аймақтардағы тіл басқармаларының жабылуы мен мәдениет, архив құжаттары басқармаларының құрамына бөлім ретінде біріктірілуін тіл жанашырлары ана тілге деген құрметсіздік дейді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тіл мәселесінде даңғазалыққа жол бермей, нақты істер атқару керегін айтты.
– Қазақ тілінің мәртебесін жоғарылатып, ұлтаралық тіл ретінде күшейту керегін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтып өтті. Ана тілімізді ұлтаралық тіл деңгейіне көтеруге бәріміз атсалысуымыз керек. Ол үшін даңғаза жасамай, жұмыс істейік. Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағы қоғам болып бірігіп, әрекет ету керегін айтып отыр. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – өз қолымызда, – деді министр.
Әлемде 400-ден астам алфавит болса да, дүниежүзі соның 4-5-еуін ғана кеңінен қолданады. Соның бірі – латын алфавиті. Жуырда Қазақстан Президенті латын алфавитінің кем-кетігін түзеу мәселесін көтерді. Осыған байланысты жиынға қатысқан тіл ғалымдары «Көш жүре түзеледі» деп кемшілікке атүсті қарауға болмайтынын да талқылады.
Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы қазақ тілін жойылып кетуден аман алып қалатын жалғыз үміт жастарға сенім артты.
– Қазақ тілінің мәртебесі мен ана тілді сақтап қалады деген жалғыз үмітім қазіргі жастар. Сол үшін 35-40 жастағы ұрпақты билікке көптеп тартуымыз керек. Тілімізді бір құтқарса, солар құтқарады. Бүгінде қазақтілді жастарды орыс тілін білмесе, билікке жолатпайды. Тілдің қолдану аясы кадрмен кеңейеді. Жаппай қолданыспен өрісі кеңейіп, тұғырына қонады. Себебі форум алдында әлеуметтік талдау жасадым. Өйткені посткеңестік елдерде төрт ұрпақ өмір сүріп жатыр. Біріншісі – жылымық кезеңдегі Сталин заманынан кейінгі ұрпақ, екіншісі – Брежневтің заманындағы ұрпақ, үшіншісі – қайта құру кезіндегі буын. Төртіншісі – жаңа ұрпақ. 90-жылдары билікке келген орыстілді, ұстанымы да орысша ұрпақтың қазақ тіліне қатысты тәтті ойлар айтып келгенімен, ана тілге жаны ашымады. Тәрбие солай болғандықтан, жаны ашымайды. Біз қандай бағдарлама қабылдасақ та, оны кімдер, қандай тәрбие алған адамдар іске асыратынын ойлауымыз керек. Үлкен буынды кінәлап отырған жоқпыз. Болмысы, тағдыры солай болды. Мемлекеттің маңызы бар мәселелері орысша талқыланады. Осындай мәселелер қордаланып, «отыз жыл бойы қазақ тілі әлемдік деңгейдегі мәселелерді қозғауға қауқарсыз тіл» деген ұғымды сіңірді. Бүгінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда облыстарында түгелдей қазақ тілінде сөйлету керек. Орысша сөйлейтіндер мен аудармашылар көп. Екі орыс отырса, орысша сайрай жөнелетіндерді жөнге салсақ, ана тіліміз ұлт үшін қызмет атқарады. Латын алфавитін қолданысқа енгізгенде оның әлеуметтік астарына мән беруіміз керек. Қазақ мектебі көшсе, біз тағы бір буыннан айырылып қаламыз. Өйткені қазақ-орыс мектебі демей, барлығы жаппай көшу керек, – деді Амангелді Айталы.
Ал Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақ тілі кеңсенің тілі болмайынша, көсегесі көгермейтінін алға тартты. Жиында Amal books баспасының басшысы Бақытжан Бұқарбай латын қарпінің артықшылығы пен пайдасын түсіндірді.
Сонымен қатар латын алфавиті мен қазақ тілін оңай әрі тиімді жолмен үйрететін заманауи интерактивті құралдардың көрмесі өтті. Сондай-ақ ғылым, білім, бизнес, заң, аймақтардағы қазақ тілінің ахуалы талқыланды.