Той жасау неге тыйылмай тұр?

Той жасау неге тыйылмай тұр?

Қызылордада 370 той жасырын өткен

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзып туыстарын жинап, той жасап жатқан азаматтар саны азаяр емес. Шілде айының басынан бері Қызылорда облысындағы кафе, мейрамханаларда 370 той жасаудың дерегі анықталыпты. Мәселен,18 қазан күні сағат 18:14 шамасында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны  туыстарын жинап «құдалық» жасағаны анықталды. Аталған дерек бойынша құжаттар жинақталып, ҚР ӘҚтК-нің 425 бабының 1 бөлігімен (Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық)  әкімшілік хаттамасы рәсімделіп, Шиелі аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.        Сонымен қатар, 16 қазан күні сағат 18:50 шамасында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны «Бағдаулет» кафесінде той жасаған.

Атырау жасырын той жасауды тоқтатпай тұр

Карантиндік шектеулерге қарамастан, Атырауда той,​ садақа өткізу тыйылмай тұр.
«22 қазан күні жасырын той жасаудың Атырау қаласында екі жағдайы, Индер ауданында екі дерегі тіркеліп отыр. Жалпы, 20-22 қазан аралығында жүргізілген рейд барысында облыс бойынша 2273 нысан тексерілді. Ал, 11 шілдеден күні бүгінге дейін облыста 70 отбасылық шара жасырын өткен» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында індет кезінде санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторингтік топ таратқан ақпаратқа сәйкес, той-садақа өткізуден алғашқы үштікті Атырау қаласы, Жылыой және Қызылқоға ауданы бастап тұр. Рейд кезінде шектеулерге қарамастан,​ кафе, мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындарында 75 дерек тіркеліп​ отыр. Оның ішінде 67 жағдай Атырау қаласында, 5 дерек Жылыой ауданында анықталған.

Жамбыл облысында да жағдай күрделі

Таяуда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Facebook әлеуметтік желісінде мынандай мәлімет қалдырды:
«Бүгін түскі уақытта бірнеше тойхананы аралап шықтым. Өкінішке орай, тәртіп бұзып, жасырынып той жасап жатқан азаматтарымыз көп. Мен бас сұққан бес тойханада да 100-120 шамасында адамды қамтыған жиын, тойдың үстінен түстім. Сонша қонақтың біреуі дертті болса, тойға келгендердің кем дегенде жартысына жұқтыратыны анық. Бұл денсаулығымызға қауіп төндіреді, отбасымызға, тіпті мемлекетімізге салмақ салады. Азаматтардың денсаулығына мемлекет қана жауапты емес, өзіміз де жауаптымыз. Коронавирустың залалы алғашқы кезеңде-ақ басымызға қалай тиді?! Соны ұмытпауымыз керек. Рейд барысында осыны, өңірдің бас санитар-дәрігерінің қаулысын той иелеріне де, тойхана иелеріне де түсіндірдік. Алғаш рет той ұйымдастырғандарға ескерту берілді, қайталағандарға 640 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Тәртіп пен талапты сақтау үшін осындай қадамға баруымызға тура келді. Өйткені, адам, оның денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Оған қауіп төндіруге ешкімнің құқы жоқ».
Белгілі болғандай, жалпы Тараз қаласы бойынша бүгінге дейін 1284 нысан тексеріліп, 94 хаттама жасалған. Айыппұлдың жалпы көлемі 10 972 120 мың теңгені құрады. Ал өткен аптада 21 073 000 теңге айыппұл құрайтын 33 құжат толтырылған. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі де жергілікті тұрғындарға арнайы үндеу жариялапты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір той тойлайтын уақыт емес» деген еді. Енгізілген шектеулерге қарамастан, туған күн, үйлену, ұзату, мерейтойлар әлі де өткізіліп жатыр. Мейрамхана иелері түрлі айла-тәсілдер қолданып, есікті іштен жауып алуды шығарған. Келген қонақтардың көлігі топтаспасын деп, «мейрамханадан арырақ қойыңыздар» деп амалдап жүр. Әрине, коронавирустың салдарынан табыстан қағылып отырғаны түсінікті. Бірақ әрқайсымыз адам денсаулығынан, өмірінен артық ештеңе жоқ екенін түсіну керекпіз», −дейді Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев.

Ақтауда 100 адамға той жасаған мейрамхана иесі жазаланды

Өткен аптада маңғыстаулық полицейлер мен қоғамдық коммуникация орталығының түсірілім тобы Ақтаудағы мейрамханаларға рейд жүргізді. Шара барысында 100-ге жуық адамға той жасаған тағы бір мейрамхана анықталды.

https://www.youtube.com/watch?v=KMMOqHlwMcg&feature=youtu.be

Ақтау қалалық полиция бөлімінің инспекторлары карантин режиміне қарамастан той өткізген мейрамхана әкімшілігіне хаттама толтырып, айыппұл салу үшін Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Карантин тәртібін бұзып, той жасаған кәсіпкерлерге 230АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының ПД жергілікті полиция қызметінің мамандары мен қоғамдық коммуникация орталығының түсірілім тобы Ақтау қаласының мейрамханаларына рейд жүргізді. Рейд кезінде «Ақсұңқар» мейрамханасында 50 адамдық той анықталды. Елде жарияланған карантин режиміне құлақ аспай көпшілікті жинаған тойхана әкімшілігіне Ақтау қалалық полиция бөлімінің инспекторлары ҚР ӘҚБтК 425 бабы бойынша хаттама толтырды.

https://www.youtube.com/watch?v=gFsGYrThGno&feature=youtu.be

Қуандық Рахымды қандай жаза күтіп тұр?

Таяуда Жезқазғанда демалыс күндері танымал қазақстандық әнші Қуандық Рахымның үйлену тойы өтті. Мерекеге 70-тен астам адам жиналды. Енді мекеме басшылығы және той иелері карантин шараларын сақтамағаны үшін ірі көлемде айыппұл төлейді. Олардың ішінде қалыңдық пен күйеу жігіттің туыстары ғана емес, сонымен қатар басқа да танымал сахна әртістері бар. Олардың арасында Төреғали Төреәлі, Дидар Қамиев, Нұрболат Абдуллин және басқалары болған. Эстрада жұлдыздары салтанатты жиыннан фото және видеожазбаларды өздерінің Іnstagram-парақшаларына салып қойған. Бұл, өз кезегінде тек оқырмандардың ғана емес, сонымен қатар жергілікті мобильді топтың да назарын аударған. Топ құрамына кіретін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен полиция қызметкерлері заң бұзушылықты тіркеді. Енді мейрамхананың басшылығы мен той иесіне айыппұл салынады.
«Жезқазған қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 19 қазанда «Ұлытау» мейрамханасында 70-ке жуық адамның қатысуымен үйлену тойы өткенін хабарлайды. Материал Жезқазған қаласының полиция басқармасында тіркелген. Жеке кәсіпкер мен іс-шараның иесі жауапкершілікке тартылады», − деді Жезқазған қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Әнел Бегімбаева.
Ал әншінің өзі «Мен ұрлық жасаған түні – ай жарық болды» деп әлеуметтік желіде жазба жариялап, барлығын мойындап отыр.

Заң бәріне ортақ

Әділет министрі Марат Бекетаев карантин тәртібін сақтамай, той жасағандар қалай жазаланатынын айтқан еді.
«Мұндай жағдайда тиісті Заң бабына сәйкес, алғашқы жағдайда айыпталушыға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер мұндай шаралардың барысында азаматтар жаппай вирус жұқтырса, айыппұлдың да көлемі айтарлықтай көп болады. Ал оқиғаның салдары жағымсыз жағдайға апарса, қылмыстық іс те қозғалуы ықтимал», - деді министр.

Халық биліктің айтқанын тыңдау керек

Шектеу шараларына қарамастан той өткізіп жатқан жұрттың әрекетін қарасы қалың бір топ ақтап жатса, енді бірі «даңғазалық» деп бағалауда. Карантин талаптары күшейген кезде жаппай той өткізу жайында Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы пікір білдірді.
«Бауыржан атамыз айтқандай, «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Қазақ тойсыз отыра алмайтын халық десек те, Үкімет еріккеннен карантин жариялап отырған жоқ. Наурыз, сәуір айларында жұрт дерттің расымен бар екеніне сенбеді. Соңынан жақындарынан айырылып, жаппай ауырдық. Сол кезде көресінді көрдік. Сондай жағдай қайталанбас үшін қой деген кезде қою керек. Тойсыз да заман болды ғой. Рас, үлкен тойға үйреніп алған жұртқа қиын болып тұр. Бірақ шыдау керек деп ойлаймын. Өткен жолы жаназаға да бармау керек деп айтылды. Оны ескермей сүйекке кірген  қайтыс болған кісінің балалары мен бауырлары артынан детті болып, кетіп жатты. Дәрігер мен әкімдер ескертуді ертеңгі күні жағдайдың қандай боларын білгенен кейін айтады. Тек бас жоқ, көз жоқ ескертусіз штраф салмай, алдымен қазақы қарапайым тілмен түсіндіру керек. Бір өңірде той болады деген ақпарат тез тарайды. Той болатын күнді құзырлы органдар күтіп жүрмей, алдын ала той иелеріне хабарласып жағдайды адам құсап түсіндіргені жөн. Қазақ қай уақытта да той жасауға сылтау табады. Үлкен той алда ғой. Кетем деген қыздың жолын кеспей жіберу міндет. Бірақ қазіргі жағдайды ескеріп, ет жақындарын жинап 10-15 шақты адамға жөн жоралғысын жасау керек. Бұл жағдайға жаңа құдалар да, жастар да түсіністік танытуы тиіс. Бұл кезең де өтер, барлық жақсылық алда ғой», − дейді Оразкүл Асанғазы.