24 қазан – Қазақстанның теннис жанкүйерлері үшін ерекше күн. Өйткені астанамызға теннис тарихында аттары аңызға айналған спортшылар келді. Әлемнің нөмірі бірінші ракеткасы Новак Джокович пен екінші ракеткасы Рафаэль Надаль қайырымдылық матчын өткізді. Дәл осы кездесу екі жыл бұрын жоспарланған болатын. Алайда серб Новак Джоковичтің жарақатына байланысты кейінге шегерілген еді.
Бір ғана күнге келген теннис жұлдыздарының бағдарламасы өте тығыз болды. Жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті, бизнесмен Болат Өтемұратов Новак пен Рафаэльге алғысын білдіріп, іс-шараны ұйымдастыруға кеткен қаржының тек жеке сектордан келгенін айтты. Сонымен қатар Федерация президенті өз сөзінде билеттерден түскен барлық қаражаттың қайырымдылыққа жұмсалатынын алға тартты.
Қазақстанға алғаш рет келіп отырған серб Новак Джокович тілшілермен қазақша және орысша амандасып, баспасөз конференциясының қатысушыларының ықыласына бөленді. Испан теннисшісі елімізге 2014 жылы келген еді. Бекер келмей, амандасуды үйреніп қайтқан екен.
ТМД территориясында алғаш ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі себепкерлерін Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаев арнайы қабылдады.
– Бұл – қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда көруге керемет мүмкіндік. Аталған матчтың қайырымдылық мақсатта өтіп отырғаны аса маңызды. Сіздердің астанамызға келгендеріңіз Қазақстанда дамып келе жатқан тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Бүгінгі балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бағдарламаға сәйкес, қос теннисші Нұр-Сұлтан қаласында жаңа теннис орталығының ашылу салтанатына қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас теннисшілермен және Astana Tennis Club әуесқойлар клубының мүшелерімен кездесті. Испандықтар өнер көрсеткен орталықты GreenSet компаниясы жасаған. Жаңа теннис орталығында 36 адамға арналған қонақүй, 8 жабық, 5 ашық корт, 2 тренажер залы, 2 тамақтану орны, 6 киім ауыстыратын бөлме бар. Корттың сапасы өте жоғары. GreenSet – испан фирмасы. Надаль өзін еркін сезінген болар. Не дегенмен орталықта испан мамандары қолының табы бар емес пе?
КӨП КҮТТІРГЕН КЕЗДЕСУ
Көптен күткен кездесу кешке қарай қызды. Әлемнің қос мықтысы Барыс аренада кездесуге орай ұйымдастырылған Қазақстан Теннис турнирінің 6-14 жас аралығындағы жеңімпаздарына шеберлік сабағын өткізді. Одан кейін 12 мыңнан астам көрерменнің алдында тартысты матч болды. Аталған қайырымдылық кездесудің нәтижесінде испан теннисшісі шешуші тай-брейкте 11:9 есебімен қарсыласынан басым түсті. Бұл – теннисшілердің алтыншы бейресми кездесуі. Матч нәтижесінде жалпы есеп теңесті: 3:3.
Қазақстанда бірінші рет үлкен аренада ұйымдастырылып отырған ойынды Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей теннис федерациясының президенті Ш.Тарпищев тамашалады. Елбасы жанкүйерлермен бірге перфоманс жасап, ойын қызығына берілді.
Матч барысында аренадан Джоковичтің жанкүйерлері көп екенін байқайсыз. Өзі де риза болды ма екен, Новак Джокович қызықты әрекеттерімен есте қалды. Атап айтқанда, ойын кезінде допты ұрудың түрлі әдістерін қолданып, болбойлардың көмегіне жүгінді. Үзіліс кезінде көрермендерді ортаға биге шақырып, әзілдеп төрешіге наразылық білдірді.
Ескере кететін жайт, Қазақстанда Новак Джоковичтің Іnstagram желісінде @novakdjokovic_kz ресми фан-клубы ашылған болатын. Ресей, Орта Азия және Қазақстан аумағын қамтитын алғашқы фан-клубтың арқасында Барыс аренаға жанкүйерлер ағылды. #nolefam хэштегі аясында 200-ге жуық жанкүйер Нұр-Сұлтанға келді. Кумирлерінің ойынын өз көздерімен көрген фанаттар автограф алып, суретке түсіп, теннисшіден сыйлық алу мүмкіндігіне ие болды.
2 сағатқа созылған көрме матчын тамашалауға жиналған көрермен сүйікті спортшыларын жібергісі келмей, кортқа жүгіріп, аэропортқа дейін шығарып салды. Қимайды, әрине. Елімізге Надаль мен Джокович күнде келіп жатқан жоқ. Мұндай теннис тойы, жанкүйер қуанышы көпке дейін есте қалары анық.
Надаль мен Джокович кім?
Новак Джокович Сербияда дүниеге келген. Соңғы он жылдықтың ең мықты теннисшісі. Теннис тарихындағы аңызға айналған үш теннисшінің біреуі. Үлкен шлем турнирінің 16 рет жеңімпазы болған. Ол 4 үлкен шлемді қатарынан ұтқан, 9 ATP MASTERS турнирінің барлығын жеңген жалғыз спортшы. Қазіргі таңда Монакода жаттығады. 5 тілде еркін сөйлейді. Вегетариан, яғни ет жемейді.
Рафаэль Надаль – грунт королі. Испанияда дүниеге келген. Үздік үштіктің құрамдас бөлігі. Үлкен шлем турнирін 19 рет ұтқан. Пекин Олимпиадасында жеңіске жетіп, Андрэ Агассиден кейінгі барлық теннис турнир түрін жеңген екінші ер теннисшісі атанды. Надаль 12 рет Роланд Гаррос турнирінде топ жарған.
Қос спортшы өзара 54 рет кездесу өткізген. Джокович 28 рет, ал Надаль 26 рет жеңіске жеткен.
Әлемнің 1-ші және 2-ші теннисшілері матчтан кейін, Нұр-сұлтан әуежайынан Парижде өтетін ATP Masters турниріне ұшып кетті. Алда оларды тағы бір бәсеке күтіп тұр. Ол жақта да құшақ жая қарсы алатын жанкүйер бар. Бәрін біріктіретіні тенниске, қос спортшыға деген махаббат.
Ерік ИЛЬЯСОВ,
теннис блогері