Маңғыстаулық үш спортшы Азамат Абаев, Әбубәкір Жәнібеков және Әлия Тілепова Украинаның Киев қаласында өткен джиу-джитсудан Әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.
Джиу-джитсудың «комбат» системасы бойынша өткен біріншілікке 17 елден 300-ге тарта спортшы қатысқан. Екі күнге созылған бәсекеге Қазақстан құрамасынан 26 спортшы барған.
Сайыста Азамат Абаев +94 келі салмақ дәрежесінде Латвия, Украина, Польша, Қазақстан мемлекетінің спортшыларымен 4 кездесу өткізіп, жеңімпаз атанды. Өткен жылғы чемпионат ол үшін сәтсіз өткен болатын. Биыл бапкер қойған межені орындап шықты.
Бұған дейін Азамат – елдегі бірнеше чемпионаттың жүлдегері атанған спорт шебері. Ал 63 келі салмақтағы Әлия Тілепова бұл сайыста Түркия, Украина, Панама мемлекеттерінің спортшыларымен кездескен. Бірақ бұл чемпионат Әлия үшін оңай болған жоқ. Алдымен Панама өкілінен басым түсіп, кейін түркиялық спортшыны жарыстан ығыстырған. Ақтық бәсекеде алаң иесімен кездескен Әлия оны ұпай санымен жеңіп шықты. Осы жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионы, екі мәрте әлемдік сынның қола медаль иеленген қазақ қызына жарыс соңындағы марапаттау кезінде CJJF өкілдері қара белбеу атағын тапсырды.
Әбубәкір Жәнібеков бұған дейін алты рет әлемдік бәсекеге қатысып, оның барлығында күміс пен қоланы еншілеген. Атап айтар болсақ, бүкіл әлемдік жекпе-жек ойындарының және Таиландта өткен студенттер арасындағы әлем кубогының жеңімпазы атанған. Енді, міне, жүлделерінің қатарын алтынмен толықтырды. Жарыс барысында ол 62 келі дәрежесінде Украина, Ираннан келген қарсыласының барлығына мүмкіндік қалдырмаған.
– Қазан айының басында Қазақстан чемпионаты өтті. Файтинг невазадан жолдама алдық. Бұйыртса, Абу-Дабиде 20-24 қарашада Әлем чемпионаты болады. Енді сол турнирге қатысамыз, – дейді спортшылардың жеке бапкері Болат Дүйсенбиев.
Әлем чемпиондарын Ақтау қаласының әуежайынан Маңғыстау жұртшылығы салтанатты түрде күтіп алды. Оның арасында Облыстық спорт басқармасы мен облыстық джиу-джитсу
федерация басшылары да болды.
«Киев қаласында өткен Әлем чемпионатында чемпион атанған спортшыларды жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл ұлттық құрама мен жеке бапкерлердің төккен терінің еңбегі деп білеміз. Осындай байрақты бәсекеде Қазақ елінің көк Туын көтерген спортшыларға шын көңілмен алғыс білдіремін» деген Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы құттықтау хаты оқылды.
Сондай-ақ Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов әлем чемпиондары мен бапкерін марапаттады. Ел мерейін үстем еткен спортшыларға алғысхат пен қаржылай сый жасалды.