Біріккен Араб Әмірлігінде дзюдодан Grand Slam турнирі өтіп жатыр. 24-26 қазан күндері әлемнің 95 елінен келген 553 дзюдошы сынға түседі. Бәсекеде бастысы жүлде болғанымен, ұпай санын ұмытпаған жөн. Ұпай саны рейтингке әсер етеді. Ал рейтингтегі алғашқы сегіздік олимпиадаға жолдама алады.
Абу-Дабидегі байрақты бәсекеде ел намысын 16 спортшы қорғайды. Ерлер арасында 60 келі салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бар. 66 келіде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмақанов, 73 келіде Жансай Смағұлов, 81 келіде Дидар Хамза мен Руслан Мусин күреседі. 90 келіде Ислам Бозбаев, 100 келіге дейінгі салмақта Арман Қалиев пен Айбек Серікбаев, 100 келіден аса салмақта Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай сынға түседі. Әйелдер арасында 52 келіде Анна Казюлина, 57 келіде Севара Нишанбаева, 63 келіде Иоланта Бердібекова, 70 келіде Зере Бекқасқызы өнер көрсетеді.
Бас бапкер Айдын Смағұлов judo team instagram парақшасында ойымен бөлісті. «Әлем чемпионатынан кейін командада айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бәрі де бабында, бәрінің де көңіл күйі тамаша. Осакада өтетін Гран-при турниріне рейтингтегі ұпайы аздау спортшыларды апарамыз. Желтоқсан айында жылдың қорытынды жарысы – үздік 16 спортшы қатысатын Masters додасы бар. Ал 2020 жыл, Олимпиада жылы Израильдегі турнирмен басталады. Рейтингтегі ұпайымыз жаман емес, команданың басым бөлігі жолдама алады деген сенім бар» дейді.
Турнирдің бірінші күні жарыс жолына 60 пен 66 келі салмақ дәрежесінде балуандар шықты. 60 келіде Елдос Сметов С тобында, Ғұсман Қырғызбаев B тобында бақ сынады. Бірінші жекпе-жекте Сметов бразилиялық Фелипе Китадайды жеңсе, Ғұсман корей балуаны Харим Лиден басым түсті. 1/8-де Қырғызбаев әзірбайжан балуаны Давуд Маммадсойды, Елдос германиялық Мориц Плафикиді жеңді. Келесі кезеңде Ғұсман бразилиялық Фелипе Пелимоммен кездессе, Сметов француз Валид Хярдан айласын асыра алмады. Жұбаныш белдесуінде ол ресейлік Роберт Мшвидобадзеден жеңіп, кіші финалға жолдама алды. Қола үшін күресте Яго Абуладзеге жол берді. Қырғызбаев болса Яго Абуладзені жеңіп, финалға өтті. Егер Сметов Абуладзені жеңгенде Қырғызбаевпен күресін көрер ме едік? Ғұсман финалда Валид Хярмен тамаша күрес көрсетті. Дзюдо жанкүйерлері Қырғызбаевтың өнеріне тәнті болды. Сөйтіп, ол 60 келі салмақта Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды.
Қырғызбаев алған жүлдесімен әлем чемпионатындағы қатесін жуып-шайды. Сметовке есін жимаса болмайды. Өйткені Ғұсман өзінің жақсы қарсылас екенін дәлелдеп келеді. Оған кешегі Валидпен өткен кездесуі куә. Барлығының діттегені – олимпиада. Ал олимпиадаға кіл жүйріктің ішіндегі бір ғана мықты жолдама алады.
66 келіде сынға түскен Елдос Жұмақанов бірінші жекпе-жегінде украиналық Богдан Ладовтан басым түсті. Келесі кезеңде испан балуаны Альберто Мартиннен жеңілді. Осы салмақта күрескен жерлесіміз Ерлан Серікжанов B тобында өнер көрсетті. Ол бірінші айналымда Павел Петриковты ығыстырған Дмитрий Шершаньды жеңді. Алайда әзірбайжан балуаны Орхан Сафаровтан ұтылып қалды. Нәтижесінде, Сафаров турнирдің күміс медалін қанжығасына байлады.
Жарыстың екінші күні 73 келі салмақта Жансай Смағұлов, 81 келі салмақта Руслан Мусаев пен Дидар Хамза өнер көрсетеді. Жансай Смағұлов итальян Фабио Базилеге қарсылас болады. Естеріңізде болса, Жансай Фабиомен бірнеше мәрте кездескен. Олимпиада чемпионы осы жолы Жансайдан айласын асыра алмады. Бірақ келесі кезеңде отандасымыз жарыс жолын тоқтатты. 81 келідегі алғашқы бәсекесінде Руслан әзірбайжан балуаны Хидаят Гейдаровтан жеңіліп қалды. Дидар Хамза португалдық Анри Эгутидземен кездеседі.
Дидар сұхбаттарының бірінде алдағы Grand Slam бәсекесінде жеңімпаздар мен жүлдегерге рейтингте көп ұпай берілетінін айтқан. Дидар сөзінің жаны бар. Алда – олимпиада. Ал төртжылдықты түйіндер бәсекеге жолдама алу рейтингке тәуелді. Ол қазір рейтингте 16-орында тұр. Мақсаты – олимпиадаға дейін үздік сегіздікке ену. Ал ол үшін Абу-Дабиде барын салуы керек.
Жарыстың үшінші күні 90 келі салмақта Давид Кламмерт пен Алтанбагана Галтунга жұбының жеңімпазы Ислам Бозбаевқа жұп болады. 100 келіге дейінгі салмақта Айбек Серікбаев грек балуаны Георгис Маллияропоулоспен күреседі. Аталған салмақта Арман Қалиев бар. Ол Никита Свирид пен Автар Сингх жұбының жеңімпазымен сынға түседі. 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев германиялық Йоханнес Фреймен, Ғалымжан Қырықбай тәжік балуаны Темір Рахимовпен белдеседі.
БАӘ-дегі Grand Slam-нан кейін алда Осакадағы Гран-при турнирі бар. Содан кейін бағыт, жыл қорытындысы – Masters. Кіл мықтылар бақ сынайтын турнирді төрткүл дүние күтеді. Бастысы, рейтингте ауыс-түйіс болып, олимпиадаға жолдама сарапқа салынады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ