«Ақылды технология» мектепке жетпей тұр

«Ақылды технология» мектепке жетпей тұр

Қазір ауыл мұғалімдерінен мектептегі интернет туралы сұрай қалсаң көпшілігі білім ордасында әлі күнге дейін ол жарытып жұмыс істе­мейтінін, іс жүзінде ин­тер­­нет жүйесі көп ауылда бар болғанымен, сапасы сын көтер­мей­тінін айтады. Расында да шал­ғай елді ме­кен­дерде қол­же­тімді интер­нет­ке қолы жет­пей отырған­дар қанша­ма?!

Білім беру саласын цифр­­лан­­дыру – нәтижелі жұмыс­тар­ға бастайтын игі қадам дей­міз. Өйткені елімізде «Циф­р­лы Қазақстан» мемле­кет­тік бағ­дар­ламасы аясында аза­мат­тар­ды жоғары жылдам­дық­ты интер­нетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту бойынша алда атқарылатын нақты жұмыстар қарастырылған. Атап айтқанда, ақылды технологияның қарыштап дамыған заманында ауылдық елді мекендерді де кең жолақты интернет желісіне қосу жайы күн тәртібіндегі негізгі мәселеге ай­налды. Әсіресе, интернетке қосылатын, интернетке қосы­лу жыл­дамдығы мен жаңа ақпа­рат­т­арға қолжетімділігі артатын мектептер санын көбейту маңыз­ды болып отыр.

Қазан айында өткен Білім бе­руді және ғылымды дамы­ту­дың 2016-2019 жылдардағы бағдар­ла­масының іске асырылуы­на арнал­ған Мәжілістегі Үкімет сағатында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Қазақстан бойынша 93 мектеп интернет желісіне мүлдем қо­сыл­­май қалғанын айтқан бола­тын. Оған жауап ретінде Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин ауыл мектептері 2020 жылдың соңы­на дейін интернетпен толық қамтамасыз етілетінін жеткізді. Оған: «Осы жылдың соңына дейін облыстық және аудандық мек­тептер 100 пайыз интернетпен қам­­ты­лады. Ал 2020 жылдың соңы­на дейін барлық ауыл мек­теп­тері интернетке толықтай қосы­­лады» деген сөзі дәлел.

Иә, халықты мектеп инфра­құрылымының бүгінгі жай-күйі алаңдатады. Көптеген ауылдық елді мекендерге әлі күнге дейін сапалы желілік байланыс жүйесі жетпегені былай тұрсын, кейбір шалғай ауылдарда мектептің болмауынан біраз оқушылардың тұрғылықты жері бойынша оқуға мүмкіндігі де болмай отыр.

Цифрлық білім беру ре­сурс­тарын дамыту жөнінде, ауыл мек­тептерінің жоғары жыл­дам­дықты интернет желісіне қосылуындағы түрлі кедергілері туралы Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың Nur Otan партиясының орталық аппа­ратында өткен жиында айт­қан мына бір сөзіне назар ауда­райық­шы. «Ел-елді, жер-жерді аралап жүргенімізде байқағаным, ауыл мектептеріндегі интернет мәселесі толық шешілмегеніне көзім жетті. 2016-2019 жылдар­ға арн­алған мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыру үшін 6 603 мектеп интернет желісіне 4 мегабитпен қосылыпты. Ал жалпы республика бойынша 7 393 мектептің 93-і интер­нет желісіне қосылмаған. Алдыңғы легте Батыс Қазақстан облысы тұр. 30 мектеп интернет желісіне қосылмаған. Түркістан облы­сында 15 мектепке әлі интер­нет жете қоймаған. Ал Ақмола облысында 8 мектепте интернет атымен жоқ».

Міне, біз қозғап отырған желі­нің жайын жоғарыдағы мәлі­мет­тер­ден білуге болады. Бақытгүл Қайыржанқызы:


«Kundelik.kz-ке кіре алмай жүргеніме 1 апта болды. Интернет өте нашар жұмыс істейді. «Логин мен құпиясөзімді айтайын, оқу­шыларымның қорытындысын шығарып берші» деп әркімге бір жалынамын. Педагогтарды қа­ғаз­бастылықтан арылтайық деген бастамамен қолға алынған дүние ауыл мұғалімдерінің қолын қайта байлап отыр. «Қазақтелеком» ком­­­паниясымен келісімге отыр­ған кезде секундына 10 мега­бит жылдамдық болатынын көрсеткен. Бірақ бізде қазір шкала 4-ті көрсетіп тұр. Хат та жолдадық, арыз да жаздық, жауап болмады. Содан мектеп ұжымы ақша жинап секундына 19 мегабит болатын интернет желісін сатып алдық. Оның да сорпасы татымайды, не­бә­рі 6 мегабитті көрсетіп тұр» дейді ауылдағы мұғалім. Бі­лім және ғылым министрінің мә­­лі­ме­тінше қазіргі уақытта цифр­лық ресурстар барлық мек­теп­те онлайн және оффлайн режим­де­рінде 3 тілде енгізіліпті. Ин­­тер­нет жетпей жатқан кезде қай­­­дағы онлайн сабақ?! Депутат ретінде 4 жыл ішінде ауылды жерлерде ешқандай да мұндай нәрсені әлі көрген жоқпын» дей келе, ха­лық қалаулысы шуға айналған интер­нет мәселесіне қатысты бірқатар ұсынысын айтты.

– Біріншіден, интернетке қосы­лу жылдамдығын арттыру мақсатында тиісті шаралар жа­уап­ты министрліктермен бірге қолға алынуы керек. Ешқандай жылдамдық сын көтермейді. Ол жылдамдық сын көтерсе, мен айтқан мұғалім қазір Kundelik.kz-ін ашып, баланың сабағын шығарып, басқа да нәрселерді қарастырар еді. Жылдамдық жоқ. Оны мойындау керек. Екінші, кейбір шалғай ауылдарда интернет спутник пен антенна арқылы жалғанып отыр. Аталған мәселені қолға алып, интернет қосылымын жаңаландыру керек деп ойлаймын. Үшінші, қазіргі уақытта «Қа­зақ­­телеком» акционерлік қо­ғамға жалғыз монополист бо­лып отырғандығы рас. Кез кел­­­ген өңір­лерден сұрасаңыз, ин­тер­­нет­­тің жылдамдығын қол­дан тө­­мендету фактілері бар екенін ай­тады. Министрлік меке­ме басшылығымен арнайы кезде­сіп, мәселені анықтап, елге тиім­­ді тұсы саралануы керек. Төр­тін­ші, ең бастысы, мектептің бюд­жетін ескеруіміз қажет. олар жылдамдығын көтермей тұрған интернет желісіне миллиондаған қаражат төлейді. «Шықпа жа­ным, шықпамен» отырған бі­лім ұйымдары жетерлік. Бар­лық жалпы білім ұйымдарына же­­­ңілдетілген тариф қоюымыз ке­рек. Бесіншіден, «қосылып ж­а­­­­тыр­мыз, санымыз 6 000-нан асты» деп құр мақтанып, құр ұра­н­датудың қажеті жоқ. Нақты іске көшетін кез келді, – дейді Бақыт­гүл Хаменова.

Цифрландыру бағытында ат­қа­ры­латын жұмыстар әлі де пы­сықтауды қажет етеді. Соған сәйкес озық технологиялар да ха­­лыққа қолжетімді болуы ке­рек. Оның игілігін шалғайдығы тұрғындар көрмесе, интернеттің баяулығынан түрлі кедергілерге тап болса, өзекті ақпаратты дер ке­зінде жеткізетін, әлемдік ке­­ңіс­тікке еркін жол ашатын интер­неттен не пайда?!

Жоғары жылдамдықты интер­нет білім сапасын арттыруға мүм­­кіндік ашады десек, желіні жақ­сар­туға қарекет қылғанымыз жөн. Өйткені ХХІ ғасырды ин­тер­­­нетсіз елестету мүмкін емес. Яғни, «интернетсіз дүние бос» дей­тін жағдайға жеттік. Оның үс­тіне интернет болмаса, жұ­мыс та өнбейтін болды. БАҚ бет­­терінде жыл соңына дейін Қаз­ақ­станның үш қаласына 5G қосылады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл жаңалықты интернет тұрмақ жай телефонмен сөйлесуі проблемаға айналған тұрғындар естісе таңғалары анық. Сондықтан алдымен электронды үкімет пен цифрлық жүйеге көшуді ауылдардан бастасақ екен.