Алматы қаласының Алмалы ауданындағы тұрғын үйдегі өрттен 6 адам құтқарылып, 20- дан астам адам эвакуацияланды. Оның ішінде бес бала бар. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Кеше түнгі сағат 00: 42-де ТЖД 101 пультіне қала тұрғындарынан Шағабутдинов көшесі, 133 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің подъезінен түтінге орынғаны жайында қоңырау түскен.
Сағат 00:50-де алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға жеріне келіп жеткен. Ол кезде бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтер жанып жатқан. Бүкіл үйді көк түтінге орап салған.
Өрт сөндірушілердің арқасында пәтерінен шыға алмай қалған 1949 жылғы әйел құтқарылды. Сонымен бірге, тағы да бес қарт адам құтқарылды. Сондай-ақ, 23 адам эвакуацияланды, оның бесеуі – балалар.
Оқиға орнына барлығы 17 адам, алты бірлік техника жұмылдырылды.Анықталғандай, пәтердегі үй заттары жанған. Он бес шаршы метр көлеміндегі өрт 10 минутта сөндірілді. Оқиға себептері анықталуда.