Кесір кәрізден келмесе...

Кесір кәрізден келмесе...

Атырау облысы Мақат ау­даны Доссор кентінде кәріз құбырын тарту мәселесі көп жыл­дан бері шешілмей, тұр­ғын­дардың наразылығын ту­ды­рып келеді. Доссор кен­тінде булану алаңы қарасты­рылмағандықтан жиналған нәжіс суы шағын көлшікке ай­налды. Жері көктемейтін, соры мен шаңы бұрқыраған мұнайлы ауданның экология­сына бұл да қосымша салмақ салып тұр. Көлшік болған нәжіс суын бүгінде төрт түлік мал ішіп, тұрғындар малдың сүті мен етінің адам денсау­лығына әсерін айтқанымен, биыл да бұл мәселе шешімін табарына үміт үзілгендей...

Аудан тұрғындарының өзекті мәселесі болған Доссор кен­тіндегі «жабайы» булану алаңы­ның ау­мағы 500 шаршы метрді алып жа­тыр. Көлемі жыл сайын ұл­ғайып келеді. Кенттен 3 шақы­рым жердегі нәжіс алаңының қор­шаусыз және қараусыз жат­қанына жергілікті тұрғындар алаңдаулы. Доссор кентінің тұрғыны, AQIQAT қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің айтуын­ша, бұл «көлшік» жергілікті ха­лық­қа біраз қиындық туғызып отыр. Жайылып жүрген мал осы жерді суатқа айналдырған. Ал оның сүті мен етін адамдар жеуге пайдаланады.

Жанайқайы экологтарға да жетті

Мақат ауданына іссапармен барған Атырау облысы бойынша Экология департаментінің бас­шы­сы Ә.Бекмұхаметов Мақат ауданының әкімі Ш.Кейкинұлы, шаруалармен және AQIQAT қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы Ғ.Ғабдуллинмен кездесті. Кез­десу­де ауданға қарасты Доссор по­селкесіндегі экологиялық мә­се­лелер көтерілді. Атап айтқанда, Доссор, Мақат ауылы сыртындағы бұрынғы тұрмыстық қатты қал­дықтар тастайтын полигонның қор­шалмағаны, осы күнге дейін бір­неше мәрте өртеніп, салдары­нан түтін ауылға қарай ұшып, жа­ғымсыз иіс шығып, тұрғындар­дың мазасын алған кездер болғаны айтылды. Бұдан басқа, қазіргі таңда Мақат ауданы әкімдігінің тапсырмасымен Мақат-Доссор ортасынан жаңа полигон құры­лысын мердігер мекеме жүргізіп жатқанын және оның құрылысы бітпегенін, алаңға қазіргі таңда қоршаған ортаға эмиссияларға рұқ­сат алынбай қоқыстардың тө­гіліп жатқанын шаруалар тілге тиек етті. Ал департамент басшы­сы аталған мәселеге қатысты тек­серу жұмыстарының жүргізілгенін айтты. Аталған департаменттің рес­ми өкілінің мәліметіне сүйенсек, тексеру қорытындысында Мақат аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бө­лі­мінің басшысына уәкілеттік қыз­метін толық атқармағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328 және 332-баптары бойынша әкімшілік істер қозғалып, 83 340 теңге айып­­пұл салынған. Сонымен қа­тар департамент Атырау облысы­ның мамандандырылған аудана­ра­лық экономикалық сотына Мақат ау­данының бос жерлерінен тұрмыс­тық қатты қалдықтарды жою және орналастыру жөніндегі нысанның құрылысын міндетті мем­лекеттiк экологиялық сарап­та­мадан өт­кен­ге дейін және пай­далануын қор­шаған ортаға эмис­сияларға рұқсат алғанға дейін тыйым салу туралы талап-арыз берді. Мақат аудандық әкімді­гін­дегілер доссор­лықтардың өті­нішін жерге қал­дыр­маймыз деп уәде етіп отыр.

Әкімдік өз мүлкіне ие бола алмапты

Мақат ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Сәрсеннің айтуынша, Доссор кентіндегі булану алаңы 2013 жылы салын­ған. Екі жылдан соң алаңды қоршаған темір қоршаулар ұрланған. Бұл мәселе өзектілігі күн тәртібінде тұрғандықтан, қазіргі күні темір-бетон қоршау жа­сау­ға жобалық-смета жасақталып, ол са­рап­тамадан өткен соң келер жылы оның құрылысына қаражат сұралмақ екен. Яғни, әлі «қашпаған сиырдың уызынан дә­меткендей» әрекет бұл. «Қазіргі таңда кәріз тазарту ғимаратын салуға мораторий  жарияланған. Бұдан басқа Мақат кентіндегі құрылысы аяқ­талған жобалық қуаты тәулігіне үш мың текше метр кәріз суын қабылдайтын кәріз суларын тазалау нысаны салынған. Мақат ауданы орталығындағы  нысанға  келетін кәріз суының көлемі тәулігіне жобамен 500-600 текше метр. Доссор кентінде 300 текше метр. Егер Доссор кентінен кәріз суын тазалау нысаны салынса, тәулігіне толық қуаты бойынша кәріз суы болмаса, нысан толық жұмыс істей алмайды. Аудан орталығында да сондай жағдай. Яғни, Мақат және Доссордағы кәріз суын тазалау нысандары бірге жұмыс істеген кезде шығындардың көбеюіне әкеп соғады. Бұл аудан үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сол себепті Доссор кентінің кәріз желісін Мақат ауданы орталығындағы кәріз суларын тазалау нысанына  қосу жұмыстары жүргізілуде», – дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Б.Сәрсен.   Сайып келгенде, бұл жұмыс та қаржыға келіп тірелетіндіктен, мәселе биыл ше­шімін табады деген үміт жоқ. 

Белсенділер облыс әкімін шақырды

Бұған кәріз суы жиылған жердің қа­уіпті екенін айтып, мәселе көтеріп жүр­ген Доссор кентінің тұрғыны, AQIQAT қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллиннің  Атырау облысы әкімі М.Досмұхамбетовке жазған ашық хаты да дәлел бола түседі. Қоғам белсендісі Доссор кенті  1911 жылы құрылғанын айтып,  14 000 тұрғыны  және 3 050 тұрғын үй мен мекемелер бар деп отыр. – Кентті орталық кәріз жүйесіне қосу үшін 2017 жылдан бастап қазірге дейін кәріз жүйесі құрылысы жүруде, кент сыртында кәріз суын құятын алаң бар, алаңның жағдайы талапқа сай кел­мейді, қоршалмаған, қараусыз жатыр, кен­тіміздің үй жануарлары жайылымға шыққанда осы алаңда  жиналған кәріз суын ішеді. Осындай санитарлық және экологиялық  бұзушылықтарды болдырмау мақсатында соңғы 2-3 жыл турасында жергілікті аудандық  әкімшіліктерге ал­аңды қоршату жөнінде және кәріз суын тазалау құрылысын салу жөнінде бірнеше рет айтылды. Шағын кәріз суын тазалау нысанын салу  міндетті түрде қажет, себебі мекемелерді қоспағанда үш мың елу үйден күніне орташа есеппен 500 м³ кәріз суы шығады. Кентіміз батыс Ескенеге жақын орналасқан, экологиялық ахуалы нашар жер. Экологияны жақсартудың жалғыз жолы – жасыл желек. Оны  егіп шығару үшін техникалық су қажет. Облысымызда ауызсу тапшы, сол үшін кәріз суын тазалау нысаны  құрылысы салынған жағдайда кәріз суын тазартып кентіміздің жасыл желегіне және өндірістік қажеттілікке пай­далануға болар еді», – деген Ғ.Ғабдул­лин аудан әкімінің бұл мәселені шешудегі жобасын мақұлдамайтынын айтты. Оның айтуынша, Доссорда кәріз суын тазалау нысанын Доссор кентінен са­луға Мақат ауданы әкімі қарсы. Аудан басшылығы  Доссор кентінің кәріз суын 40 шақырым қашықтықта орналасқан 16 000 халқы бар аудан орталығындағы  9 жылдан бері салынып жатқан, бірақ әлі іске қосылмаған  кәріз суын тазалау нысанына құбырмен құюды көздейді. Бірақ бұл тиімсіз іс. Аудан тұрғындары бұл мәселені шешуге облыс әкімінің өзі нүкте қой­ғанын қалайды. Сондықтан Доссор кен­ті тұрғындарымен кездесіп, мән-жай­мен танысу үшін Атырау облысы әкі­мі М.Досмұхамбетовті Доссор кентіне ша­қырып отыр. Қысқасы, ауданда түйіні шешілмеген  мәселе бар. Ол бүгін шешімін таппаса, күрделене берері сөзсіз. Бұл мәселенің табиғатқа ғана емес, халықтың денсау­лығына да кері әсер ететіні жанға батады.       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы