Мұғалім мен дәрігерге арналған баспана бағдарламасына ақша жоқ

Мұғалім мен дәрігерге арналған баспана бағдарламасына ақша жоқ

Сатып алу құқығымен берілетін пәтерлерді мемлекет дағдарыс жылдары іске асырып келеді. Өйткені халықтың жоғары пайызбен үй сатып алуға шамасы жетпейді. Мысалы, жылжымайтын мүлік қоры 2013-2019 жылдары, Ипотекалық компания 2015-2018 жылдары, Бәйтерек девелопмент 2016-2018 жылдары дағдарысқа қарсы шаралардың шеңберінде аталған бағдарламаны іске асырған болатын. Ал биыл сатып алумен жалға берілетін тұрғын үй салуды мемлекет мүлдем көздеп отырған жоқ. Бұған дейін 2015-2018 жылдар аралығында 18 583 сатып алумен жалға берілетін пәтер сатып алынды. Жылжымайтын мүлік қорының деректері бойынша 2013 жылдан бастап  2019 жылға дейін 9 801 сатып алумен жалға берілетін пәтер салынды.  «Бәйтерек девеломпент» АҚ 2016-2018 жылдары 9 831 жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй пайдалануға берді. Осы уақытқа дейін бас-аяғы 38 215 пәтердің ақысын бірден емес, ай сайын төлеп, соңында жалдаған кісі пәтер иесі атанған.

Сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтер мемлекет үшін тиімсіз

Бұған дейін іске асқан сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді салу тәжірибесі бағдарламаның тиімсіз екенін көрсетіпті. Себебі, жалдау мерзімінің ұзақ болуы және ақшаның мемлекетке шағын транштарда қайтарылуы жалпы бұл бағдарламаның «ғұмыры» ұзаққа бармайтынын дәлелдеп отыр. Осыған байланысты, «Қазақстан Ипотекалық Компания» ИҰ» АҚ «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ желісі бойынша сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді дамыту жобаларын іске асыру 2016 жылы аяқталды. Жылжымайтын мүлік қорының деректері бойынша, 2019 жылы ауданы 43 мың шаршы метр 643 жалға берілетін пәтердің құрылысын аяқтады. Бұл сатып алу құқығымен берілетін пәтерлердің соңғы легі екен. Ал «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы жобалар 2018 жылы аяқталды. 2020 жылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қарастырылмаған.

Биыл қанша адам баспаналы болады?

«Бақытты отбасы» бағдарламасы («2-10-20») 2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін (2020 жылы 65 336 теңгеге дейін) табысы бар «көп балалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар» санатында кезекте тұрғандарға қолжетімді. 2023 жылға дейін 40 000 отбасын баспана сатып алуға жеңілдетілген қарызбен қамтамасыз ету жоспарланды. Айта кетерлігі, сатып алу құқығымен 2019-2020 жылдары мұғалімдер мен дәрігерлерге не бары 3 мың тұрғын үйді ұсыну жоспарланып отыр.

Шарттары қандай?

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлердің шарттары мынандай:

  • Жалдау мерзімі – 20 жылға дейін;
  • Сыйақы мөлшерлемесі жылдық − 3,1%;
  • Табыс жеткіліксіз болған кезде кепіл ретінде адам тарту мүмкіндігі бар;
  • Жалға берілетін тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алу мүмкіндігі қарастырылған;
  • 1 шаршы метрін жалға алу құны − 1 455 теңге (Алматы, Нұр-сұлтан және қала маңындағы аймақ үшін, Шымкент, Атырау, Ақтау);
  • Басқа өңірлерге − 1 232 теңге;
  • Сатып алу-сату шарттары бойынша тұрғын үйді сатып алған күннен бастап екі жыл ішінде оны иеліктен шығаруға жол берілмейді.

Кімдерге беріледі?

Сатып алумен жалға берілетін  тұрғын үй келесі санаттарға жататын бағдарлама қатысушыларына беріледі:

  • Әлеуметтік осал топтағы азаматтар;
  • Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлері және ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметкерлері;
  • Ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Әкімдіктер жанындағы Білім басқармасы және Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері.
Қатысушылардың тізімдерін тікелей ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі,  облыстық Басқармалар жасайды.

Қандай құжаттар қажет?

Төлем қабілеттілігін бағалау үшін қажетті құжаттар тізімі мынадай:

  1. Өтінім беруші мен Кепілгердің жеке куәлігінің түпнұсқалары (салыстыру үшін) мен көшірмелері, оралманның куәлігі.
  2. Өтінім беруші мен Кепілгердің жұмыс орнынан лауазымы, жұмыс өтілі туралы анықтаманың түпнұсқасы (тіркеуге алынған күні мен нөмірі көрсетіледі);
  3. Өтінім беруші мен Кепілгердің жұмыс орнынан құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың еңбек жалақысы туралы анықтамасының түпнұсқасы.
  4. Өтінім беруші мен Кепілгердің құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың басқа да табыстарын растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;Толық емес жұмыс күні немесе ірлесіп атқарылған жұмыстардан түскен табыстар туралы ақпарат соңғы 12 ай ішінде алатын табысын растау ұсынылған кезінде пайдаланылады.
  5. Жыл сайынғы бонустар Өтініш берушінің төлем қабілеттілігі кезінде назарға алынуы мүмкін, егер Өтініш берушінің оларды соңғы 2 жыл ішінде алғандығын оның жұмыс берушісі растайтын болса.
  6. Өтінім беруші мен Кепілгердің құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың зейнетақы аударымдары туралы үзіндінің түпнұсқалары;
  7. Балаларының туу туралы куәліктерінің түпнұсқалары (салыстыру үшін) мен көшірмелері (балалары болған жағдайда).
  8. Мүгедектігі туралы анықтама.
  9. Жолдама.

Жеке кәсіпкерлерге келесі құжаттарды қосымша ұсынуы керек:

  1. Өтінім берушінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі.
  2. Патент негізінде салық салу кезінде патент түпнұсқасы мен көшірмесі.
  3. Зейнетақы аударымдары туралы құжат өткізген алдындағы соңғы алты айдың үзінді көшірмелерінің түпнұсқасы.

Тізімге іліккеніңізді қайдан біле аласыз?

  Сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерге ие болғандардың тізімі Қазақстан ипотекалық компаниясының сайтында жарияланады. Тиісті әкімдіктен де өзіңіздің бағдарламаға қатысқан я болмаса қатыспағаныңызды біле аласыз. Соңғы мәлімет бойынша Сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтер алатындар тізімінде Ақтөбе қаласы бойынша 39 адам бар, құжаты өтпей қалған бір кісі бар екен. Қарағанды қаласы бойынша 104 адам үй алатын болса, тізімнен өтпей қалған адам саны 5. Өскемен қаласы бойынша 214 адамның баспана алатыны белгілі болды, ал тізімнен өтпей қалған адам саны 2.

Баспана беру, бермеуді кім анықтайды?

Құжаттарды қабылдау мерзімі жергілікті атқарушы органдармен  анықталады. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бастау туралы хабарландыру әкімдік сайтында орналастырылады. Жалға берілетін тұрғын үйден үміткерлерден құжаттар қабылданған соң басымдылығы мен кезегін есепке ала отырып, әкімдіктермен алдын ала әлеуеттік жалға алушылардың тізімі жасалады. ЖАО-мен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша құрастырылған тізімдер төлем қабілеттілігін анықтау үшін «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-ына жіберіледі.