Тамыз айынан бері шабуылшы мәскеулік «Спартак» намысын қорғауда
Германия құрамасымен футболдан әлем чемпионы болған әйгілі футболшы Андре Шюрле келіншегі Анна Шарипованың арқасында Қазақстанды жақсы білетінін айтады.
Тамыз айынан бері шабуылшы мәскеулік «Спартак» намысын қорғауда. Шюрле мен Шарипова 2017 жылдан бері бірге тұрады. Қазір олардың Кайя есімді қыздары бар.
«Аня маған балалық шағы туралы жиі айтады. Ол 11 жасына дейін Қазақстанда тұрған. Айтуынша, жан-жағында жақсы адамдар көп болған. Керемет табиғатты көріп өскен. Бала кезі жарқын естеліктерге толы екен» дейді футболшы.
Журналистің «егер болашақта сіздің ұлыңыз Қазақстан құрамасында ойнауды қаласа қалай қарайсыз?» деген сауалына да жауап берген.
«Алдымен менің ұлым туу керек (күліп). Қазір біздің қызымыз бар. Егер бізді қуантып, өмірге ұл келіп жатса және ол футболды жақсы ойнап, ұлттық құраманың назарын аударса, онда мен оның кез келген шешімін құптаймын. Бірақ келіншегім екеуміздің де азаматтығымыз неміс болғандықтан, Қазақстан намысын қорғаудың заңдық мүмкіндігі жоқ сияқты» дейді ол.
Андре сондай-ақ «Астана» мен «Қайратқа» ауысу жайлы да пікір білдіреді.
«Алысты болжау қиын. «Спартакта» ойнауды енді ғана бастағандықтан бұл сұраққа жауап беру өте қиын болады» дейді ол.
Футболшы осы маусымда мәскеулік команда сапында 7 рет алаңға шығып, 1 гол соқты.